Аймақтар • 14 Қаңтар, 2019

Бюджеттік жобалар артық шығынды көтермейді

488 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бюджеттік қаражаттардың әр теңгесі тиімді әрі үнемді түрде жұмсалса, бұл мәселеде басы артық шығындарға жол берілмесе, жергілікті бюджеттердің бүйірі қабыса қоймасы кәміл. Істі осылайша жүргізудің жолдары мен тәсілдері де саналуан екені анық. Соның бірі бюджет қаражаты есебінен әзірленетін жобалау-сметалық құжаттардың «ЖСҚ» тиімділігі мен пайдалы әсер коэфицентін көтере білу болып табылады. Өндірістік аймақта осы мәселенің соңғы үш-төрт жыл аралығындағы жай-күйіне салыстырулар жан-жақты сараптамалар мен терең талдаулар жасалды.

Бюджеттік жобалар артық шығынды көтермейді

Айталық бұл бағытта Ақтөбе облыстық кномика және бюджеттік жобалау басқармасында әзірленген деректерге сүйенсек, есепті кезең аралығында жаңадан тұрғызылатын нысандардың құрылысы үшін 1120 ЖСҚ жасақталғанына көз жеткіземіз. Қазіргі кезде оның 486-сы толықтай жүзеге асырылған. Бұл орындалуға тиісті жобалар мөлшерінің 43/4 пайызын құрайды. Сонымен бірге бұған дейін жасалған талдаулар мен мониторингтік зерттеулер 12 жобалау-сметалық құжаттаманың әрекет ету мерзімі өтіп кеткенін айғақтайды. Мұндай жағдайда бюджет қаражаттарын тиімді түрде жұмсау жөніндегі мәселеге нұқсан келмей тұра алмайды.

Жоғарыда атауы көрсетілген басқарма мамандары мен сарапшылары жобалау-сметалық құжаттардың тиімділік көрсете алмауының бірнеше себептері мен салдарларын алға тартады. Яғни талдаулар мұндағы басты гәп ЖСҚ-ның негізгі, басты басымдықтарды ескермей әрі назарға алмай жасалғанын көрсетеді. Сонымен бірге осындай жауапты кезеңде елді-мекендердің нақты мүмкіндіктері мен болашағы, белгілі бір құрылыс нысанының сол жерге қажеттілігі немесе қажетсіздігі жеткілікті түрде ойластырылмай жүргені де бұған дейінгі тәжірибеден анық байқалады. Айталық дәл осы мәселеге байланысты көрсетілген деректерде 2016 жылы Әйтеке би ауданының Сарыбұлақ ауылында 60 оқушыға арналған мектеп құрылысының ЖСҚ-сы әзірленгені айтылған. Әйтсе де осы кезде мұнда дәл осындай сандағы балаларға арналған мектептің бар екені ескерілмей қалыпты. Қолда бар мәліметтер аталған елді-мекенде бұл уақытта 29 бала оқып жүргеніне дәлел бола алады.

Әрі Сарыбұлақ ауылындағы тұрғындардың жалпы саны екі жүздің о жақ, бұ жағында болуы да жаңа мектеп құрылысының ЖСҚ-сын жасауға негіз бола алмайтыны айтпаса да түсінікті емес пе? Бір сөзбен айтқанда мұнда соңғы 4-5 жылдың ішінде тұрғындардың саны өспеген. Бұған ұқсас бюджеттің шығыс бөлігіне жүрдім-бардым немкетті қарау көріністері Қобда ауданында да орын алған. Яғни 2017 жылы осы аудға қарасты Қаракемер ауылында мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттары жасалған. Әйтсе де оны жобалаушылар сол уақытта аталған ауылда жұмыс жасап тұрған 120 орындық мектептің бар екеніне мән бермеген. Бұл ғимараттар тарлық етсе бір жөн, жоқ бұлай емес, керісінше мұнда жоба жасалған уақытта небәрі 22 оқушы оқып жүрген. Оқушының тым аздығынан мектеп ғимаратының жалпы қуатының 18 пайызы ғана пайдаланылуда болған екен.

Елімізде жүзеге асып жатқан бюджеттік жобалардың алдын-ала бекітілетін өз тәртіптері мен нормативтері бар екені белгілі. Яғни бұлар басы артық, негізсіз шығындарды көтере алмайды. Әйтсе де облыста жасалған талдаулар бюджет қаражаты есебінен жобалау-сметалық құжаттамалар жасау кезінде оған негізсіз шығындардың қосылғанын көрсетеді. Мұндай көрініс бірқатар жағдайларда құрылыс-монтаж жұмыстарының қымбаттауына әкеліп соқтырған.

Егер осы арада бұған да нақты мысалдар келтірсек, бүінгі уақытта облыстағы аудан орталықтарында 6 денешынықтыру-сауықтыру кешендеріның тұрғызылып жатқанын айтуға болады. Аталған құрылыстардың жобалық қуаттары бірдей, яғни бәрі де 160 орынға арналған. Алайда соған қарамастан құрылыс құны 250 мен 430 миллионның аралығында сынаптай сырғып құбылып тұрғанын қалай түсінуге болады?

Мәселенің мәнісіне үңіле келгенде мұндай баға алшақтығының ьасты сыры ғимарат жанындағы алаңдардың айырмасында, оны жабдықтау мен абаттандыруға жұмсалатын шығындар мен қазандықтар құрылысы бағаларының әрқилылығында болып шықты.

Қай кезде де, қандай жағдайда да өткен істің ащы тәжірибесінен тиісті сабақ ала білудің пайдасы мол болмақ. Сондықтан да қазіргі күні өңірде жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеудің тиімділігін көтеру жөнінде нақты шаралар белгіленген. Соған сәйкес жергілікті мемлекеттік органдар жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуге өтініш беру үдерістеріне қатаң бақылау қоюды ұйғарып отыр. Осы арқылы бірінші кезекте белгілі бір жобаның белгілі бір елді-мекенге қажетті-қажетсіздігін ескеру басымдыққа ие бола бастағаны да үлкен сенім туғызады. Сондай-ақ облыстық экономика және бюжеттік жоспарлау басқармасы жанынан жобалау өнімін ашу көзделгені де бюджеттік қаражаттардың тиімді әрі үнемді жұмсалуна өз септігін тигізбек. Өйткені өңірде осы арқылы жобалау-сметалық құжатарды әзірлеу ісін оңтайландыру ойласырылған.

Соған сәйкес алдағы уақытта аймақта салалық басқармалардың келісімін алмаған және бюджет комиссиясының сүзгісінен өтпеген жобаларды қабылдамау тәртіптері қарастырылған. Бұған қоса жаңа бөлімнің құзіретіне жобаның басты басымдықтары мен елді-мекендердің әлеуетін және бюджет мүмкіндіктерін анықтау жұмыстары да енгізілмек.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ