Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2018

Көне тарих көмескі тартпасын

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Көне тарих көмескі тартпасын

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын тебіреніспен оқыдық. Бабаларымыздың өз заманында өркениетке қосқан үлестері мақалада көрсетілгендей батыс пен шығысқа, күнгей мен теріскейге таралды. Соңғы жылдары табылған археологиялық деректер мен өзге елдердің архивтеріндегі шаң басып жатқан мұрағаттарды толықтай зерттеуге бетбұрыс жасау керектігін заман талабы тудырып отырғанын айта келе: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлы­лы­ғымызды көрсетейін деп отыр­ғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» – деп Елбасының ой түйіндеуі өте қисынды. 

Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізді мекен ететін және бір­тұтас Қазақстан халқын құрай­тын барлық ұлт өкілдері­нің толерант­тылығын, конфес­сияаралық және мәдениаралық келісімін қамтамасыз етуге бағыт­талған дәйекті саясаты­мыз қазірдің өзінде кеңінен таны­лып отыр. Елбасының сарабдал саясатының арқасында халқымыз осы заманғы және бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті белсене орнатып жатыр.

Еліміз тәуелсіздік алғалы жеткен қоғамдық-саяси және әлеу­меттік-экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпек­ке тек материалдық игілікті діттеу жеткіліксіз. 

Бүгінде өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерген Қазақстан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтып өткен ұлттық стратегиялық «Мәдени мұра» жобасы арқылы талпынуда. 

Жаратылысында – шығыстық, бітімінде азиялық болғанымен, қазақ халқы, шын мәнінде, осы екі құбылыстан да оқшаулау, таби­ғат­тың бір бөлшегіндей, даланың төл перзенті. Соның бір дәлеліндей ұлттың рухани байлығы мен тарихын танытуды қолға алған «Мәдени мұраның» түзілісі бөлек, мақсаты ерек, аясы ауқымды болды. Мәдениеттанушылар мен ғалымдар бұл жобаны еліміздің кешегісі мен келешегін хаттап, әншейін тізбелеп қоя салар кезекті шара емес, ғаламдық маңызы зор, демек, қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетте таласы бар екендігін танытатын құбылыс болатындығы туралы салмақты пікір айтты. Мәде­ниет­тің, ғылымның, филосо­фияның, әдебиеттің ең үздік үлгілерінің қазақ тілінде жарық көруі мен халқымыздың бай мұрасы мен жетістіктерін басқа тілдерге аудару – ұлтымыздың рухани мұрасын бірте-бірте әлем жұртшылығына таныту болып табылады. Бұл Елба­сы­ның төл мәдениетіміздің әлем­дік мәдени кеңістікке кірігу мақ­сатындағы тек мамандарға ғана емес, бүкіл еліміздің алдына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойған міндеті. 

Әрбір мемлекеттің өркениет­тілігін оның тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып, бағамдауға болатыны анық. Демек, Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатына екі түрлі міндет жүктеледі: 

Бірі – өзіндік этностық мәде­ниетті дамыту мен қолдауға бағыт­талған шаралар кешенін нығайту; 

Екіншісі – төл мәдениетті оң­тай­лы өрістете отырып, әлемдік мәде­ни кеңістікке ену үшін тиімді жағ­дай жасау.

Елбасының мақалада «Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Жауынгердің алтынмен апталған киімдері, ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуатымен эстетикасын әйгілейтін бай мифология­ны паш етті» – деуі өте лайықты баға. Бабаларымыздың жаһандық өркениетке қосқан қомақты үлес салмағы, ал, аң стилін қолдану арқылы тектілігін дәріптегендігі аңыз ғана емес нақты дәлелдермен айғақталған дүние екендігі баршаны еріксіз мойындатады. 

Қазақ халқының ғасырдан ғасыр асырған құнды ескерткіштері мен тарихи мұрағаттары – тек қазақ ұлтының ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер. Соның дәлеліндей, қазақ халқының іргелі тарихи ескерткіштері халықаралық деңгейде танылып келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізі­міне енгізілген. Бұл олардың Қазақ­стан мен Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екендігінің бірден-бір айғағы. 

Төрткүл дүниеге елдің оң имид­жін қалыптастыру үшін және әлем­дік мәдени кеңістікке кірігу мақ­­сатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру үшін халық­ара­лық деңгейдегі мә­дени іс-шара­лар өткізілуде. Биыл «Әзі­рет Сұлтан» тарихи-мәдени қо­рық-музейі Түркия мемлекетінің үш қа­ласын­да, Грекияның Салоники, Ре­сей­дің Сочи қалаларында өткізіл­ген ха­лық­­аралық көрмелерге қатысты.

Мақалада облыс орталығы Түркіс­тан қаласының мәртебеге лайық рухани астанаға айналуы да назардан тыс қалмаған. Ұлы даланың Ұлы есімдерін ұлықтау, оқу-ағарту энци­клопедиялық саябақ ашу, өнер­дің бар саласында насихат жұмыстарын жүргізу, бұл – үлкен міндетті жүк­тейтін мақаланың негізгі өзегі.

Халықаралық дәрежеде өміршең маңызды рухани мәселелерді шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып, біз халықаралық қауымдас­тық­тың жауапты мүшесі ретінде өзі­міздің рөліміз бен беделімізді ал­дағы уақытта да нығайта беретін бола­мыз және алдымызға Елбасы қо­йып отырған биік мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Нұрболат Ахметжанов,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, мәдениет қайраткері