Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Солтүстік Қазақстанда Елбасының Жолдауы талқыланды

266 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған актив жиыны өтті. Онда облыс басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, он тапсырма аясында жергілікті жерлерде  атқарылатын негізгі бағыттарды саралап берді.

Солтүстік Қазақстанда Елбасының Жолдауы талқыланды

Аймақ басшысы сөз басында кез­десудің Назарбаев интеллектуалдық мектебінде ұйымдастырылуының ма­ңыз­дылығына тоқталды. Бұл оқу орны ғылым мен білімді ты­ғыз ұштастыра отырып жаңа бағдарламалар мен озық технологияларды «цифрлы заман» талабына сай кеңінен қол­­да­нып келеді. Ал индустрияландырудың мейлін­ше инновациялық сипатқа ие болуын, технологиялық қалыптың бар­лық мүм­кіндіктерін пайдалану талабы Жолдауда нақты көрсетілгені белгілі.

Соңғы үш жылда индустрияландыру картасы шеңберінде аймақта 27 жоба жүзеге асырылып, 700 жұмыс орны ашыл­ған. 16 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ендігі міндет – жоғары ең­бек өнімділігі бар қайта өңдеу саласын одан әрі ілгерілетуді қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті, сыртқы нарыққа бағдарланған жаңа өнім түрлерін көптеп шығару. Былтыр ауыр машина жасау кәсіпорындарының тапсырысы 42,7 миллиард теңгені, экспорт көлемі 147,8 миллион долларды құрады. Биыл бұл үрдіс сақталып, дамудың сапалық деңгейі бас­ты назарға алынбақ. Киров атындағы, ЗИКСТО, Петропавл ауыр машина жасау зауыттарында жаңғырту үрдістері жалғасады. «Масло-Дел» компания­сы цехтарға заманауи қондырғылар орнату арқылы өндіріс қуатын 2,5 есе арттыруға, ал жарық шығынын 2 есеге дейін төмендетуге қол жеткізді. Бүгін­де күніне 300 тонна сүт өнімін қайта өңдеуге қабілетті.

Цифрлы дәуірге лайықты өнер­кәсіпті қалыптастыруда шағын және орта бизнес субьектілерінің орны айрық­ша. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша биыл ауқымды 8 жоба қолға алынады. Қызылжар ауданында қуаты 1 МВт-ға тең биогаз қондырғысы бой көтереді. «Greencity KZ» серіктестігі 35 МВт қуаты бар жел электр стансасын салуға кірісті. Қалдықтарды өңдеп, электр энергиясына айналдыру мақсатымен Финляндия­ның «Kauko International» компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Банкротқа ұшыраған «Баско» компаниясының кәсіпорындарын жандандыру үшін 20 миллиард теңге инвестиция құю көз­делген.

Қ.Ақсақалов Жолдаудағы «шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек» деген талапқа байланысты отандық экономика саласында ерекше маңызға ие ресурстық әлеуетті одан әрі дамытудың өңірлік шараларына кеңірек тоқталды. Бүгінде мектептерге 73 жылу қазандығы қойылған. Жыл аяғына дейін олардың саны 130-ға жеткізілмек. Озық жоба жол картасына енгізілген. Қызылжар ауданына қарасты Большая малышка мектебі жылына жұмсалатын 5,9 миллион теңге шығынды 3 миллион теңгеге дейін азайтқан. Орнатылған модульді қазандықтар үнемділігімен қатар көмір­дің орнына экологиялық жа­ғынан таза сабан қолданылады. Соның арқасында облыс мектептері бойын­ша жарты миллиард теңге бюджет қор­­жы­нында қалған.

Президент халыққа арнаған Жол­дауында тұрмыстық қатты қалдық­тарды заман талабына сай утильдеу және қайта өңдеу үшін өңірлердің әкімдеріне нақты шаралар жүктеген болатын. Был­тыр тұрмыстық қалдықтарды өңдеу­мен айналысатын кешен 26 мың тонна затты кәдеге жаратқанымен, әлі де аз­дық етеді. Осы себепті аумақты дамыту бағ­дар­ламасы аясында 2020 жылға таман тұрмыстық қатты қалдықтарды қай­та өңдеу деңгейін 57 пайызға жеткізу бел­гі­ленген. «Жасыл» технологияларға ин­вес­­тиция тарту үшін чехиялық компа­ния­мен келісімшарт жасалған.

Баяндамада былтыр 426 мил­лиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндіріліп, сыртқы сауда байланысы 30 пайызға ұлғайғаны айтылды. Астық өндірісін әртараптандыру, жер телімдерін тиімді пайдалану, кооперативтер қозғалысын жандандыру жолдары ұсынылды. Өңірде шығарыла­тын азық-түлік өнімдерін Ресейдің Омбы қаласында орналасқан сауда нүкте­лері арқылы сату тәжірибесі мақұлда­­нып, нарық ауқымын кеңейту міндеттері белгіленді.

Биыл Мамлют ауданында көлік-логистикалық орталық ашылмақ. Петропавл қаласының бас жоспарына сәйкес интерактивті инвестициялық карталар мен электронды сәулет интернет жобалары қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған. Облыс орталығында 229 мың шаршы метр баспана бой көтереді. Бір сөзбен айтқанда, өңір тұр­ғын­дарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту ұдайы назарда болды.

Жиында сөз алушылар Жолдау талаптарынан туындайтын іргелі міндеттер жайлы ой-пкірлерімен бөлісті.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы