Аймақтар • 22 Қаңтар, 2018

Зағип балалар концерті өтті

708 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда зағип және көзі нашар көретін балалардан құралған оркестр музыкалық аспаптар сатып алу үшін «Атамекенім» акциясының аясында арнайы концерт ұйымдастырды.

Зағип балалар концерті өтті

Аталмыш ұлт аспаптары ор­кес­трінде өнер көрсететін көзі нашар көретін және за­ғип 30 баланың барлығы да Ал­маты қаласында орналасқан №4 Н.Островский атындағы интер­наттың тәрбиеленушілері. Ән салып, түрлі аспаптарда ойнап, концерттер өткізіп жүрген бұл балалар үшін музыка жай ғана уақыт өткізуге арналған қызығушылық емес, болашақта айналысатын кәсіптері екенін жеткізген музыкант Дана Мейірбекова музыкамен айналысқысы келетін зағип балалар қатары артып келе жатқанын, бірақ бәріне бірдей музыкалық аспап жете бермейтінін, сондықтан оқушыларға көмектесу мақ­са­тында арнайы концерт ұйымдастырылып отырғанын айтты.

«Инклюзивті білім алатын бала­ларға арналған байқауда қазылар алқасының мүшесі болдым, сол кезде осы оркестр туралы білдім. Балалар тағдырына шағым айтпай, өз беттерімен өмір сүруді үйренуге талпынғандары шабыттандырды. Көрермен жас музыканттардың талпынысын бағалап, қажетті аспапты сатып алуға қол ұшын созады деп ойлаймын. Балаларды қолдай отырып, концертке өзім, ұлым және музыкант достарым да қатысады. Бұл іс-шараны «Атамекенім» акциясының аясында өткізіп отырмыз. Былтыр Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында курстан өттім. Бізге қолдау көрсетті, «Art Mobile» мобильді өнер мектебінің ашылуына арнайы грант ұтып алдық. Біз енді бизнестің өкіліміз, осылайша өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді көрсетеміз», деді Д.Мейірбекова.

Н.Островский атындағы за­ғип және көздері нашар кө­ре­тін балаларға арнал­ған мек­теп-интернаттың тәрбие­лену­шісі, туғаннан зағип Ермек Байсалбековтің айтуынша, 2-сыныпта оқып жүргенде өзі­не қандай аспапта ойнағысы келе­тіні туралы сұрақ қойыл­ғанда баянды таңдағанын айтады. Нотаны Брайль жүйесі ар­қылы таныған Ермек арнайы әдебиет жетіспегенмен, ерекше есту қабілетінің арқасында баянда ойнауды оңай меңгеріп алған екен.

«Музыкамен айналысқаныма 6 жыл болды. Болашақта музыкант атанып, түрлі концерттерге қатысқым келеді. Ұстазымыздың өзі де осы интернатта оқып, му­зы­ка­лық колледжі аяқтаған, қазір бар білгенін бізге үйретіп жүр», дейді Е.Байсалбеков.

Кеш соңында қайырымды жан­дар тарапынан зағип балалардан тұратын оркестрге контрабас-домбыра мен екі бас домбыра сыйға тартылды. Ал концерттен түскен қаражатқа балалар баян мен ұрмалы аспаптар сатып алмақшы. 

Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ