30 Қараша, 2017

Шығыс пен Батыстың арасында

1542 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыс пен Батыстың арасында­ орналасқан Қазақстан өзінің гео­стратегиялық артықшылығын пай­­далана алады. Еліміз ұлттық ерек­шеліктері мен тарихына байланыс­ты Батысқа да, Шығысқа да жатпай, еке­уінің ортасында «өркениеттерді жал­ғастырып», ұтымды геомәдени дәрежеде тұрғаны аса маңызды.

Шығыс пен Батыстың арасында

Географиялық тұрғыдан жеріміздің басым бөлігі Азияда орналасқанымен, батыс өңірі Еуропаға жататыны ақиқат. Осылайша, еліміз Еуропа мен Азияны байланыстырып келеді. Тынық мұхитына Қытай арқылы шығатын Қазақстан Түркия мен оңтүстік Еуропаға Каспий теңізіндегі көршісі – Әзербайжанның арқасында жақындай түседі. Бұған қоса, жеріміз арқылы Ресей мен солтүстік Еуропаға, ал, Каспий теңізі арқылы Иран мен Таяу Шығысқа шығуға болады. Біздіңше, еліміздің географиялық орналасуы өрке­ниеттер мен құрлықтарды бір-біріне жалғап тұрған ықпалды мұсылман елдері – Түркия мен Мысырдың геостратегиялық жағдайына ұқсас. Осы жағынан Еуропа мен Қытайды құрлық арқылы байланыстырған мемлекетіміз алдында аймақаралық эко­номикалық ынтымақтастық саласында үлкен жауапкершілік пен тың міндеттер тұр.

Сондай-ақ, Орталық Азия аймағы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқаны белгілі. Орта ғасырларға дейін жаһандық экономиканың күре тамыры болып, мәде­ниетаралық алмасудың негізгі арнасына айналған тарихи жолдардың ізімен бүгінде аймағымызда Қытайдан басталған «Жібек жолы» инфрақұрылымдық жобасы және Еуропа – Кавказ – Азия (Traceca) көліктік бастамалары шеңберінде Батыс пен Шығыс бір-біріне жақындай түсуде.

Сонымен бірге экономикалық жағынан Қазақстан мен Ресей негізін қалаған Еура­зиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бас­тамасы түйісіп, Жаңа Жібек жолы жаңғыртылумен қатар, еліміздің «Нұрлы жол» жобасы аясында логистика, көлік-энергетика, аймақаралық саудаға иек артқан экономикалық және халықаралық интеграцияның өзектілігі артуда. Осы мақсатта «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Қорғастағы логистикалық орталық, «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автожолы, Қытай–Қазақстан – Ресей, Қытай–Батыс Қазақстан темір жол тораптары тұтас аймақтың экономикалық дамуына қызмет етпек.

Осы орайда, жуырда өткен «Астана клубының» үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев Еуропа мен Азия тек өзара ынтымақтасып, еркін сауда жүргізе отырып қана ілгерілей алатынын қадап айтты. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені Еуразияның болашағы тең құқылық, өзара құрмет пен халықаралық құқық принциптеріне сүйенген интеграцияға байланысты болмақ. Қазақстан Парламентінің Төрағасы Қ.Тоқаев та өз сөзінде Қытай, Ресей, АҚШ және Еуропалық одақ секілді ірі қатысушылар мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етілуі қажеттігін атап өтті.

Тағы бір айта кетер жайт, мәдени, діни және тілдік жағынан бір-біріне жақын халықтар мекендейтін посткеңестік рес­публикалар Қытай мен Еуропа, Ресей мен Ислам әлемі арасындағы байланыстарды нығайтуда көпір рөлін атқарып, үлкен үлес қоса алады. Елбасы Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси, геоэкономикалық және идеологиялық алшақтықтардың барған сайын артып келе жатқанын баса айтты. Осы ретте, Батыс пен Шығыстың, дәлірек айтқанда, Орталық Азия мен Қытай арасында достық мәдени және экономикалық алыс-берістің артқаны Қазақстанның ұзақ мерзімді келешегі үшін маңызды.

Еліміздің нығаюы үшін Еуропа мен Қытай жалпы даму заңдылығы шеңберінде тығыз мәдени және экономикалық тиімді қатынасты дамытқаны қажет. Әсіресе ірі көрші елдердегі әлеуметтік-саяси жағдайдың жақсы болғаны аймақтық тұрақтылық пен бейбіт даму үшін аса маңызды. Осы орайда Қазақстан көршілес елдерге экономика, қауіпсіздік пен диалог жөнінде біріктіруші күн тәртібін ұсынып отыр.

Ал әлеуметтік-саяси даму келешегі тұрғысынан Шығысқа тән өзіндік қо­ғамдық ұйымдасу тәртібі мен Батысқа тән тиімді басқару механизмі арасынан еліміз өзіне сай келетін тұстарын қабылдап, өзіне бейімдеп, дамыған елдер жолымен жүре алады. Осы ретте, Қазақстанның әлемдегі идеологиялық бөлінуден және қитұрқы геосаяси-ақпараттық ойыннан өзін алыс ұстап, ұзақ мерзімді ұлттық мүддесі үшін өркениетті елдердегідей заң үстемдігін негізге алып, дамуына мүмкіндік мол.

Осылайша, әділдікке ұм­тылған қоғамдық жүйе нығайып, сая­си дамудың табиғи, ұтымды үлгісін же­тілдіруге болады. Өйткені саяси әр-алуандылық пен бәсекелестік – қоғамның эко­номикалық белсенділігінің кепілі. Бұл ретте Ата Заңымыз бойынша құқықтық мемлекет болып табылатын Қазақстан жалпы адамзаттық құндылықтарға, әсіресе құқықтың үстемдігіне арқа сүйей алады.

Қазақстан басымдықтарының бірі әлем­дік қоғамдастықтағы өз орнын ны­ғайта түсу болса, осы бағытта көп­жақ­ты экономикалық-мәдени интеграция жү­зеге асырылумен бірге «Болашақ» білім бағдарламасы арқылы әлемге ашық, кәсіби білікті мамандар тәрбиеленіп, қазақ тілі латын әліпбиіне көшірілуде. Біздіңше, алдағы кезеңде жаһандағы қоғамдық, экономикалық және технологиялық мүм­кіндіктерді бірдей пайдалану, үйлесімді даму жолын таңдаған мемлекеттер ұтады. Қазақстан сол жаңашыл елдердің қатарынан табылатынына сенім мол.

 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
сарапшы

Соңғы жаңалықтар

Көнеден жеткен теркеш

Жәдігер • Бүгін, 10:52

Тұлпарды тұсамас болар

Зерде • Бүгін, 10:45

Құнды сурет құпиясы

Таным • Бүгін, 10:37

Көл жағасы тазартылды

Талбесік • Бүгін, 10:22

Жетісуда суқоймасы салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:15