05 Қазан, 2017

Қанды қырғынға қандай баға лайық?..

449 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2016 жылдың ақпанында Вашинг­­т­онда біз оқып жүрген уни­вер­­­ситет сол кездегі АҚШ-тың Ұлы­бри­тания­дағы елшісі Мэтью Барзун­мен кездесу ұйымдастырды. Барзун мыр­­за кездесу барысында ұлы­бри­та­ния­лық мектеп оқушы­лары­ның Америка туралы пікір­лерін білу мақсатында АҚШ елшілігі тапсыр­масы­мен жүргізілген қызықты сауалнама нәтижесімен бөлісті. 

Қанды қырғынға қандай баға лайық?..

Сауалнаманың ішінде «АҚШ деген сөзді естігенде ойыңызға не келеді?» деген сұрақ та болған. Аталған сұрақ­қа ағылшын оқушыларының ба­сым көпшілігі «gun» (қару) деп жауап беріпті. Елші Барзунның бұл мәлі­меті залдағы америкалықтарды айтар­лықтай таңдандыра қоймай, әр бұрыштан сарказмге толы күлкі естіліп жатты. 

Кешеден бері «АҚШ тарихын­дағы ең қанды атыс» деген теңеуге ие болған, Лас-Вегастағы 59 адамның өмірін қиып, жүздеген жанды жарала­ған қатыгез шабуылдан кейін әлемде ұлыбританиялық оқушылар секілді Америка десе көз алдарына қарудың бейнесі келетіндердің саны арта түскені анық. Қазір полиция бейкүнә адамдарға оқ боратқан Стивен Паддокты қанды қылмысқа не итермелегенін анықтау үстінде. Миллиондаған америкалықтар қайғыға ұшыраған отбасыларға көңіл айтып, қолдау білдіруде. Саясат­керлер, медиа және азаматтық қоғам белсен­ділері осы тәрізді қарулы шабуыл­дың алдын алудың тиімді жолдарын белсене талқылауда. 

Осы орайда сырттан бақылаушы басқа елдің азаматтарында «Неге қару­дың есерсоқтардың қолына тимеуін қамтамасыз ететін қатаң заңды біржолата қабылдап, елдегі қауіпсіздікті күшейт­песке?» деген сауалдың тууы заңды. Дегенмен, бұл сұраққа бүгін­гідей саяси поляризацияланған АҚШ жағ­дайында жауап беру оңай емес. Өйт­кені қару-жараққа иелікті шектеу немесе реттеу туралы сұрақ медиадағы біржақтылықтан консти­туциялық құқық­қа дейінгі, саясаткер­лердің карье­ра­сынан қару индустриясы лоб­биі­не дейінгі мәселелерді қамтиды. 

АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарында нәсілге және дінге қатысты біржақтылық бұрыннан бар. Егер қылмысты қара нәсілді немесе мұсылман азамат жасаса, медиа ал­пауыт­тар бірден сол адамның шығу тегі мен дініне назар аударып, террор­лық актіге балап жатады. Ал егер жап­пай кісі өлтіру ақ нәсілді болса, онда оқиғаға терроризмнен гөрі пси­холо­­гиялық сипат беріледі. Кешегі қан­­ды оқиға кезінде медиа жаңалық­тары­­нан осы үрдісті тағы байқадық. 

Ақ нәсілді Стивен Паддоктың жаса­ған ауыр қылмысы АҚШ заңында­ғы анықтамаға сәйкес «ішкі террорлық акт» ретінде сипатталудың орнына «Жалғыз қасқырдың әрекеті» деп бағалануда. Сондай-ақ Паддокты өз­дерінің жауынгері деген ISIS ақпа­ры­ның жалған деп тез арада жоқ­қа шығарылуы да медианың ақ нәсіл­ді америкалықтарды лаңкеске жат­қыз­ғысы келмейтінін көрсетті. 

Тағы бір назар аударатын жайт, алпауыт ел президентінің реакциясы. Осы жолы ол қызуқандылыққа салын­бай қаза болғандардың отбасына көңіл айтумен шектелді. Сонымен қатар ол қайғылы оқиғаға қатысты Ақ үйдегі мәлімдемесінде түбірі «террор» сөзінен тұратын сөздерді қолданбай, оны «таза шайтанның ісі» деп айыптады. Ал былтырғы Орландодағы атыста әлі президент болып үлгермеген Трамп көңіл айтудың орнына оқиғаны желеу етіп иммиграциялық саясатты қатаң­датуға шақырған болатын. Прези­дент болғаннан кейін де Трамп Еуропа мен Канададағы террорлық актілерге да сол сарында жауап беріп келген. 

Осы орайда көкейдегі мынадай сұрақ тұр: Президент Трамптың Лас-Вегастағы оқиғаға қатысты «саяси сауатты» мәлімдеме білдіруі оның бір жылда саяси толысқанын білдіре ме? Әлде ол әлі күнге дейін АҚШ-тағы террорлық актілердің көбін «қара нәсілді заңсыз иммигрант мұсылман-терроршылар» жасайды деген жалған ақпаратқа сене ме? 

Лас-Вегастағы қайғылы оқиға тағы бір рет террорлық ешбір ұлтқа, нәсілге және дінге тән құбылыс еместігін дәлел­деп берді. Осы бір ақиқатты мойын­­дауға билік пен медианың ша­масы қаншалықты жететін уақыт көр­­се­тер. Алайда өз тарапымыз­дан ай­­тары­­мыз, дәл қазір АҚШ үшін имм­и­грант пен мұсылмандардан гөрі «жал­ғыз қас­қырлардың» қаупі көбірек. 

Егер жақын болашақта Ұлыбри­таниядағы мектеп оқушыларының арасында жүргізілгендей Америка туралы сауалнамаға қатысып, «АҚШ дегенде көз алдыңызға не келеді?» деген сұрақ қойылса, менің оған жауабым қазірден дайын және ол «қару» емес. 

 

Шалқар НҰРСЕЙІТ,
саясаттанушы