15 Қыркүйек, 2017

Алтын қазық

554 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өркениеттің ағымы қатты. Сол өркениеттен қалмай ілесіп жүру де әр елге үлкен табандылықты, жігерлілікті әрі алғырлықты қажет етеді. Ал қай­сы­бір мемлекеттерге осы үрдіс жетпей өр­кендеудің төменгі сатысында қалып қой­ғандары бар. Онда фотоаппаратты ал­ғаш көргендер, айпадты қолдарына алып аңтарыла қарайтындар кездеседі. 

Алтын қазық

Араб елдері озық технологияларды еңбек пен тұрмысқа енгізгендерімен, этнос ретінде әлемдік ғылым-білімге етене араласа қоймаған. Тек, өркениеттің ұтымды тұстарын халық игілігіне жаратып отыр. Еуропада оқымыстылар қатары бір миллион халыққа шаққанда бес мың адамның тө­ңірегінде болса, араб елдерінде ол бір мыңға да жетпейді екен. Азия құрлықтары да осы шамалас. 

Алайда, Жапония сияқты өркениет көшінің басында тұрған елдер бар. Он­да ғылым да, ғылымның нәтижесі де ха­лық­тың тұрмыстық қажетіне әлдеқашан ай­налған. Бір қайран қалатын дүние – сон­шама жаһандық құбылыстарды иге­ре тұрып, жапон деген этностың ді­ңі­не шіркеу салмағандары. Бәрі ана ті­лін­де сөйлейді, ағылшынға келгенде де мүдірмейді. Ұлттық жадыдан ажы­ра­маған. Әр заманның ағымына іле­сіп төл ұғым-түй­сігін өзгертуге ешбір оқы­мыстысы, сая­сат­кері атсалыспаған. Өкі­ніш­тісі, қазақтың мық­тылары ұлттық ой-сананы мешеу, артта қалып қойған де­ген тұрғыда барынша бірыңғайлауға күш салды. Тіпті, «өзің ком­сомол бола тұ­рып, әлі талқан жейсің» де­ген жора­сыз жазғыруларға дейін барды. Осы кі­нә­лау­лардан кейін көпшілігі ұлттық та­ғам­дардан да тайынатын болды. 

Сөйтіп, төл мүдде большевиктік ың­ғай­­ға жығылып, кеңестік саясаттың құр­ба­ны­на айналып жатты. Қайбір бала­лар ана ті­л­інде тәлім алмады, бара-бара тілін ұмытты. Олар өсіп, жетілген өз кезегінде ұрпақ санасын мүлде басқа салт-сана көкжиегінде тәр­биеледі. Ондай ұрпақта ұлттық жады бол­мады, болса да тым әлсіз еді. Кеңестік жүйедегі оқымыстыларымыздың дені өзі отырған бұтағын өзі кесіп жатқанын аңдамады. Осыны түсінген көр­некті қаламгер Ғабиден Мұстафин «Біз ұлт­шылдықпен күрестік, енді сендер ұлт­сыздықпен күресесіңдер» деп айтқан еді болашақ ұрпаққа. Жарықтық, түбі өр­кениеттің жақсы бір элементі этностық бей­нені сақтап, ғылым-білімді дамыту үр­дісі оралатынын аңғарғандай.

Тәуелсіздік тұсында осы әртектілік құндылықтарымыз ретінде бағаланып отыр. Шындығында да таразының екі басындай ұғым – ортақ мақсат, мүддені түсінген. Славяндық санадағылар төл ұғым­ға, төл ұғымдағылар еуропалық өл­шемдерге қарай ұмтылуда. Ортасында ата-баба мұрасы тұр. Екеуінің де көк­се­гені осы алтын қазық. Бүгінде алтын қа­зыққа оралдық десек болады. «Ат ай­налып қазығын табар» деп айтқан қа­зақ, сабырлылыққа, төзімділікке, то­ле­рант­тылыққа үйреніңдер. Сабыр сақ­та­саңдар ауа жайылғандар қайта үйі­р­ге қо­сылады деп аманат еткендей. Сон­дық­тан, ауызбіршілік, ынтымақ кез келген өркениет көшіне ілестіріп апарады. Қазіргі таңда ел ішінде қарапайым қазақшаны түсінбейтін азамат жоқ. Жауап бере алмауы мүмкін. Осының өзі алғыр өркениеттің өрісі бар ұрпақты бір беткейге бастап баратынын көрсететіндей.

Дегенмен, ұрымтал тұста озық ой­дың трендіне айналып, серке тастың үстін­де тұрып сөз сөйлейтін қайсыбір ғалым­да­ры­мыз, жазушыларымыз (көнекөз зия­лы­ларымыздың дені десек те болар) әлі күн­ге дейін компьютерді меңгермеген. Олар­дың ұғымында интернет жүрдім-бар­дым сөз сөйлейтін, ойпыл-тойпыл ой­дың ордасы сияқты. Сондықтан ондағы кө­терілген мәселелерге немқұрайлы қа­рай­ды. Ресми байлам деп тасқа басылып қолына тиген баспасөзді ғана біледі. Жы­лы­на бір рет газетке қоғамдық ой туралы ма­қала берсе, «болды, айттым ғой, жетер» деген тоқмейілсулікке бой ұрады. Ал қоғамдық ой-сана әлеуметтік желілер мен интернетте сапырылысып жатыр. Ұлт­тық жадыны қалыптастырып, рухани жаң­ғыру мәселесін әлеуметтік желілер ар­қылы халықтың ішінде жүргізу, қоғам қай­раткерлерінің үлесінде сияқты. Өйтудің ор­нына кейбір зия-
лылар қолы бос болса биль­ярд клубтарын жағалап, бостекілікке са­лынады. Керісінше, қайсыбір жұрттың қа­риясына дейін бүгінде блогер болып ал­ған. Үйден шықпай-ақ жастарын тәр­бие­леп отыр.

Өкініштісі қазақ зиялыларының ойла­ғаны бильярд, кәсіпкерлерінің көздегені мил­лиард болып тұр. Әрине, көпке топы­рақ шашу жарамас. Әйткенмен, дені осы пи­ғыл­дың аясында. Жас тәуелсіз мемлекет үшін іргесін бекітуге жұмсаған әр минут қымбат. Біздің дәуіріміздің басында ғұмыр кешкен Рим империясының философы, ақын және мемлекет қайраткері Луций Анней Сенека «Кейбір адамдар соншалықты кедей, олардың қолында тек ақша ғана бар» деген екен. Сондықтан тойынған да, тоғышарлық та құрдымға жетелейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды то­лықтырып қана қоймай, олардың өзегіне ай­налады» дей келіп, «Жаңа тұрпатты жаң­ғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру де­ге­ні­ңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген пайымды қадап айтқан. Сол ар­қылы өркениет көшіне ілескенде ұлттық иммунитеттің берік болуы – негізгі қағида екенін қаперге мықтап түйіп береді.

Сонымен, алтын қазық айқын, қазы­ғы­мыз­ды табайық.