Аймақтар • 31 Тамыз, 2017

Шахтада тараған метан газынан үш адам көз жұмды

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында кенет тараған метан газынан үш адам қаза тапты. 

Шахтада тараған метан газынан үш адам көз жұмды

Бұл туралы алғаш ҚР ІІМ ТЖК-ның ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті. Оқыс оқиғадан көз жұмған үш кеншінің  өліміне байланысты еңбекті қорғау қағидаларын бұзылу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. «ҚР ҚК 156-бабы 4-тармағы «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бойынша үш адамның қаза табу фактісі Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров. Оның айтуынша, қылмыстық іс топтық қайғылы жағдай фактісі бойынша ғана тергелуде. «Іс қандай да бір тұлғаға қатысты емес, факті бойынша тергелуде», - деді баспасөз қызметінің жетекшісі. Қайғылы оқиға 31 тамыз күні 4 сағат 21 минутта 332 Д6-з № 1 желдеткіш түйісімінде орын алған. Апат кезінде шахтада түнгі ауысымдағы 136 адам болған.

Үш кеншінің қазасын тергеу мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның құрамына үш құрылым кіргізілді. Метан газының кенет таралуының себебін анықтау және жұмыс жүріп жатқан қыртыстарда газ болуы мүмкін екендігі туралы болжамның жасалмауына жауапты лауазымды тұлғаларды айқындау жұмыстарын Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Еңбекті қорғау басқармасының қызметкерлері, өндіріс және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары жүргізеді. Мемлекеттік комиссияның тергеу нәтижелері оның қызметі аяқталғаннан кейін анық болады. Заңдылыққа сәйкес, комиссия кенеттен метан газының таралуының мән-жайын 10 күн бойы тексереді. Қаза тапқан марқұм Рустам Ахметжанов, Валерий Руденко, Максим Шебановтың екі-үштен балалары жетім қалды.

«Газ шахтаның батыс желдеткіш ұңғысында 614 метр тереңдікте таралғаны анықталды. Әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің 49 қызметкері мен 9 техника апатты жою жұмыстарын жүргізуге тартылды. Компания басшылығы мен қызметкерлері қаза болғандардың отбасы мен туыстарына қайғысына ортақтаса көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасына толық көлемде көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімінің барлық шығындарын компания өз мойнына алады», - дейді компанияның баспасөз қызметі.   

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы