Аймақтар • 31 Тамыз, 2017

Қостанайда дәрігердің адам өлтіруге қатысты ісі тыңдалуда

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері, Амбулаторлық сот-психиатриялық сараптау орталығының төрайымы Рашида Сандыбаеваны өлтіруді ұйымдастырды деген күдікті психиатр дәрігер Зәуреш Ізалдинаны алдын ала тыңдау 29 тамызда басталды. Осы жөніндегі ақпаратты облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың баспасөз қазметі таратты.

Қостанайда дәрігердің адам өлтіруге қатысты ісі тыңдалуда

Сурет ng.kz сайтынан алынды

«Айыптау актісіне сәйкес, З.Ізалдинаға аса ірі көлемде алаяқтық жасады, қылмыстық топ мүшелерімен алдын ала келісу арқылы аса ірі көлемдегі тұрғын үйлерді заңсыз  алып қоюды ұйымдастырды, алдын ала келісу арқылы қылмыстық топ мүшелерімен тұрғын үйді заңсыз алып қойған, алдын ала келісу арқылы екі және одан да көп адамдарды өлтіру мақсатында қастандық жасауды ұйымдастырды» деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Рашида Сандыбаеваның өліміне З.Ізалдинаның қатысы  оның бұрынғы пациенті, бұрын үш рет адам өлтірген Павел Коневтің ақпараты арқылы анықталды. Оның айтуымен 2 наурыз күні осы қылмысқа қатысы бар Руслан Ғафаров пен Китебаев ұсталды, 4 наурыз күні Зәуреш Ізалдина қамалды.

Тергеу барысында күдікті З.Ізалдинаның  Рашида Сандыбаевадан басқа тағы бір  адамды, яғни психиатриялық аурухананың қазіргі бас дәрігері Бақытжан Қойшинді де өлтіруге дайындалғаны белгілі болды. Ол баскесерлерге осы екі адамды өлтіргені үшін 100 000 АҚШ долларын беруге уәде еткен. Бақытжан Қойшин сотқа  зардап шегуші ретінде қатысты. Сот орындығында Ізалдинамен бірге психиатриялық аурухананың  бұрынғы  емделушісі, құрылыс фирмасының  прорабы Руслан Ғафаров, жүргізуші Виктор Кодатенко, жұмыссыз Болат Китебаев отырды. Облыстық психиатриялық ауруханада бөлім меңгерушісі болып істеген З.Ізалдина үшеуімен келісіп, ұрлықты, адам өлтіруді ұйымдастырған, өзінің пациентінің  пәтерін 2007 жылы алаяқтықпен тартып алған. 

Қылмысты ұйымдастырушы З.Ізалдинаның әкесі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Қуаныш Ақбаев сотқа қызының қорғаушысы ретінде қатысуда.

Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың 20 ақпанында  обылстық психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаева өзінің пәтерінде айуандықпен өлтірілді. Оның денесіне 30 жерден пышақ ұрған.   

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай