03 Тамыз, 2017

Тастағы нұр

414 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ау, ағайын, осы арагідік тас туралы, «тас» сөзінің санамызға сіңген сіреу ұғымы туралы бір сәт ойланып көрдік пе? Мына күйбең тірлікте соған мұршамыз да келе бере ме? Қайырымсыздықты, қаталдықты «қара тас», «тас бауыр», «тас жүрек» деп бейнелейміз. Сөйтіп, тастың сүй­кімін кетіреміз. Ал осылай дегенде тасқа обал жасап жүрген жоқпыз ба?!

Тастағы нұр

Біздің мына ар төмендеп, ақша би­і­ктеген ажарсыз қоғамда бейкүнә тас­ты қорғаушылар да табылып жат­қа­нына мың шүкір. Адам жүрегіндегі мейірім әлі өлмеген екен! Қазақтың қа­зіргі маңдайалды ақындарының бірі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Тасты да шын жақсы көр, – нұрланады» деп толғанады. Жұрт қатыгездіктің, қиянатшылдықтың баламасы санаған тас­тан ізгілік, жан шуағын көреді. Осын­дай асқақ адамгершілік ойтаным, ал­ғаусыз абзалдық ақын жүректен, жақсылық атаулыға жақын жүректен шығып, оның өзі де жан-жағына бір нұр­сәу­ледей жарық шаша себездеп жат­қаны ғанибет-ау деп ойладық. 

Көкірегі кереңдер тастан сұрқайлық, суықтық көрсе, ақындар мен ақ ниет абзалдар сұлулық пен сүйкімділік көреді. Қазақ ақындарының ішінде адамдық­пен астасқан тас тақырыбына тұңғыш түрен салған айбозым Қасым Аманжолов екен-ау. Қасекең құдіретті жырымен қара тасқа жан бітіреді. Майданнан елге ғаламат сағынышпен оралған сол­дат ақынға Алматының көшесінде, Ала­таудың гүлге бөккен баурайында: «Сы­быр­лайды жапырақ, Жалт қарайды тас маған!» Осындағы жалт қараған жансыз, тілсіз тас емес, тірі тас екендігіне Қасым ақынмен бірге біз де қол қоямыз, тастың нұрланғанын, жанданғанын біз де жан-жүрегімізбен сезініп мойындаймыз. 

Тастың осы адами ақиқатына, хик­метті қасиетіне біз ұйып, иланамыз. Өйт­кені, қазақтың арғы-бергі поэ­зия­сындағы ең ғажайып ақын­дарының бірі де Самарқанның көк тасындай езіле жібіп, егіле жырлап имандай шынын айтып тұр емес пе! «Жата алмас ем то­пы­­рағыңда тебіренбей, Қасым болмай тасың болсам мен егер!» Ақын үшін тас туған жердің бір рәмізі. Осындай рәміздік нышанды қасиетті табиғаттағы басқа заттар емес, тек тас қана арқалай алады. Демек, таста адамның кіндік қаны тамған атамекеннің киесі бар. Тастың осындай жан сезімін, тілі мен нұрын тағы да қайран Қасымнан асырып кім айтар? Құлақ түрейік: «Көктем келіп күліп жатқан тастарды Басуға мен имендім. «Әттең, шіркін, берер ме еді сезімді? Тас болғаны жазғаны», деп тұрғанда бір есерсоқ өзімді Басып кете жаздады».

Тастағы жылылықты, тастағы шуақ­ты осы Қасым ақындай сезіне білу керек. Сонда тас та саған қуаныш сыйлайды, киесімен алқайды. Сол себептен де табиғат жаратылыстарының ішінде адамға ең жақыны, қашанда алдынан шығатыны, әрқашан жолын тосып жататыны – тас. Туған жерге деген сағыныш мауқың оның қара тасын айқара аймалап құшақтасаң ғана басылмақ. Са­ғы­на білмес адамдарға тастың нұры көрінбейді, тастың ғажап сыры ашылмайды. Бұл кереметті қазақтың тағы бір талантты ақыны, ұлы сағыныштардың жыршысы Төлеген Айбергенов былайша өрнектейді: «Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап». Ал сағынып барсаң тастың нұры жаныңды аялайды, аймалайды. Иә, Қасым, Төлеген, өз замандасымыз Тыныштықбек ақындардай шын жақсы көрсең, тылсым сырына бойлай алсаң тастың да нұрланатыны рас. 

Ендеше, тастың нұрланғанын көре алған адам – өзі де Алланың нұрына бөленген жақсы адам, жүрегі жұмсақ адам. Сонда дейміз-ау, тастың қадіріне жеткен қазақ неткен көреген. Әулие тас. Үйтас. Шошала тас, Кереге тас. Әулиелі, киелі жерлерінің бәрі дерлік таспен байланысты. Ал арғы бабаларымыз өз тарихын қашап, бәдіздеп тұрып тасқа жазған, келешек ұрпаққа арнаған ең асыл сырларын тасқа ашқан. Ой-армандарын, қиял-суреттерін түрлі таңбалар тілімен тастарға бейнелеген. Аспан астындағы музей сынды Таңбалы тас алқабында, Күлтегіннің көк тасында, Орхон-Ене­сайдың тас ескерткіштерінде, күллі Дешті-Қыпшақтың балбал мүсіндерінде ата-бабаларымыздың, сақ, ғұн, түркі ұлыстарының тарихы, жан-дүниесі, тілі мен ділі, түрі сайрап жатыр. Олай болса, тасты қалай сүймейміз, қара тасты қасиет тұтып басты қалай имейміз?!

Адамзат тарихындағы да ең ұзақ мәдени-тарихи кезең тас ғасыры болған екен. Сол дәуірлерде адам тас құралдардың көмегімен тіршілік еткен. Тас ғасырының қазіргі Қазақиядағы қал­дырған ізі, ұлы ескерткіші – Ботай мәдениеті. Күллі әлемдік ауқымда алғанда Мысырдағы перғауындар пирамидалары мен Қытай қорғаны адамзат тарихының тастан тұрғызылған кереметтері. Мәңгілікке қалдырған ескерткіштері. Байырғы бабалар өз тарихын қыш кітаптарға жазған. Адам өз құдіретін, өз ұлылығын тас арқылы паш еткен... Ал кейбіреу таста сезім жоқ дейді, сол содыр сөз көкейімнен кетпейді. Иә, тілін тапса тас нұрланады. Көре білсеңіз, тастағы нұр, тастағы гүл – керемет.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»
 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024