02 Тамыз, 2017

Алыппен көршіліктің артықшылығы

371 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытында еліміз өзінің ішкі-сыртқы саясатын, алыс-жақын елдермен қарым-қатынасын қалып­тас­тыра отырып, есею жылдары­на қарай қадам басуда. Әрине, алып мемлекеттердің ортасында ор­на­лас­қандығы өз алдына, оның үстіне ғасырлар бойы өз тізгіні өзіне тимей, бодандықтан көз ашпай келген елге тәуелсіз экономикалық саясат жүр­гізу жеңіл болмайтындығын кө­зі қарақты, ойлы оқырман жақсы тү­сінсе керек.

Алыппен көршіліктің артықшылығы

Дегенмен, алыппен көршіліктің кейде пайдасы да мол болатындығын әлем­нің бірқатар елдерінің сәтті тә­жі­ри­белері дәлелдейді. Сондай ел­дер­дің бірі – Канада. Жалпы, Қазақстан мен Канада арасында ұқсастықтар аз емес. Біріншіден, Канада да Қазақстан секілді жерге бай, ал сол жер көлемімен есептегенде халқының саны шағын мем­лекет. Ел аумағы 9976 шаршы ша­қы­рымды (бізден үш есе үлкен), хал­қының саны 30 миллион адамды (бізден екі еседей көп) құрайды. Қа­зақ­станда 1 шаршы шақырымға 5,5 адам­нан келсе, Канадада 3 адамнан ке­леді.

Тағы бір ұқсастық жағы, Канада да табиғи шикізат көздеріне өте бай. Те­мір, металл, мұнай, тағы басқа пай­да­лы кен орындары өзіне молынан жетеді.
Канада да біз секілді ірі аграрлық ел. Сыртқа бидай және басқа да өнім­дер экспорттаумен айналысады. Сон­дай-ақ, табиғи климаттық жағ­дай­ында да ұқсастықтар жоқ емес. Кли­маты біз­дің солтүстік өңірлерге ке­лің­кірейді.

Енді орналасқан географиялық орны мен экономикалық саясатта есепке алуға болатындай тағы бір үлкен ұқсастығы, егер Қазақстан Қытай мен Ресей секілді екі алып елдің ортасына орналасса, Канада әлемдік держава АҚШ-пен көрші. Әрине, мұндай көршіліктің жақсылықтарымен қа­тар қолайсыздықтары да аз емес. Сон­дық­тан канадалық саясаткер Пьер Трю­доның «біз өз саясатымызда пілмен қатар ұйықтаған тышқан секілдіміз. Үл­кен көршіміздің әрбір қимылы мен қозғалысын үнемі бағып отыруға мәжбүрміз. Өйткені піл қаншалықты бейбітсүйгіш әрі кеңпейілді болса да, оның ұйқыдағы күйінде бізге қарай аунап түсуінен құдай сақтасын», деген сөзін ұрпақтары естен шығарған емес. 

Канада осы қиын көршіліктің өзін тиімді пайдалану арқылы АҚШ-тай алыптың экономикалық қуатынан өз тіршілігі үшін үлкен нәр алып келеді. Канаданың әлемдегі бай елдердің қа­тарына қосылуына АҚШ-пен көр­ші­лі­гінің атқарып отырған рөлі өте зор. Өйткені не өндірсең де, соның бәрін сіңіре беретін әлемнің ең үлкен рыногы Канаданың дәл қасында тұр. Соның нәтижесінде ол әлемдегі ең дамыған индустриялық-аграрлық елге айналды.

Осыдан он жылдай уақыт бұрын «Қазақстан: Батыспен үнқатысу» атты халықаралық конференцияға қа­тыс­қан Канаданың бұрынғы пре­мь­ер-министрі Жан Кретьен өзі­нің Қазақстанның даму барысына ай­рық­ша назар аудартынын айта келе, мұ­ның себебін былай деп түсіндірген бо­латын: «Бүгін сіздердің елдеріңіздің алдынан  кешегі біздер секілді үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Сіздердің табиғи ресурстарыңыз бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Сіздердің географиялық ор­на­ла­су­ла­рыңыз да ел экономикасын нәр­лен­ді­р­етіндей өте бір ұрымтал тұста тұр. Менің елім Канада өзінің АҚШ-пен көр­ші­­­лігін басты экономикалық артық­шы­­л­ығына айналдыра білді. Әрине, алып­пен көрші болу оңай емес. Де­генмен, бүгінгі жаһандық экономика­да халықаралық сауда мен оның бар­лық тиімді жақтары туралы әңгіме қоз­­ғалып жатқанда географиялық ор­­н­аласу жөнінде адасуларға орын бол­мауы тиіс. Оның үстіне сіздердің геосаясаттағы маңыздылықтарыңыз екі көршілеріңізден де әріде жатыр. Қарқынды дамып келе жатқан та­ғы бір алып ел Үндістанмен, ре­сур­сқа бай Таяу Шығыспен жақын ор­на­ла­су­ларыңыз, Орталық Азиямен көр­ші­лік­теріңіз әлемнің көз тіккен осы бір нүк­тесінде өте маңызды рөл ойнай ала­тындықтарыңызды білдіреді», деген еді.

Өз тәуелсіздігінің 26 жылын бей­біт те қарқынды даму жағ­дай­ын­да өткерген Қазақстан енді мі­не, өзі­нің географиялық орнын сәт­ті пай­д­а­ланатындай ұрымтал шақ­қа да келіп жетті. Қазақстан мүше бо­­лып табылатын Кеден одағы се­кіл­ді үл­кен экономикалық рынок құ­ры­лып, қалыптасты. Екінші жағынан Қы­тай­дың «Бір белдеу – бір жол» ха­лық­­аралық жобасы іс­ке кірісті. Қаз­ақ­стан бұған өзінің «Нұр­лы жол» ин­­ф­рақұрылымдық даму бағдарлама­сы­мен келіп қосылды. Алып­тар қу­аты­нан нәр алатын кез енді кел­ді. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»