25 Шілде, 2017

Ток-шоу деген жақсы-ау...

1160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары түрлі телеарналарда ток-шоулар көптеп пайда бола бас-тады. Олардың арасында көрермендер ықы­ласына бөленіп, өзіндік сыр-си­па­­тымен ерекшеленетіндері де жоқ емес. Мәселен, Бейсен Құранбек, Аман Та­сыған сияқты журналистер жүргізіп ке­ле жатқан ток-шоулар көпшілік көңі­лінен шығып жүр. Дегенмен, бірқатар ток-шоуларда көтерілген мәселелерді тал­қылау барысында «бір қайнауы ішінде» кетіп жататын жағдайлар да кездесіп қалып тұрады. Ондай жайттар кейбір журналист әріптестеріміздің теледидар арқылы қозғағалы отырған та­қырыпты жан-жақты зерттеп, мәселеге тереңірек үңілмеуінің салдарынан орын алатын сияқты. Екіншіден, қазақ тілді ток-шоуларда көбіне жастар пікір айтып жатады. Тіршілікте болып тұратын, тәжірибелі деген үлкендердің өзі кейде шешімін табуда қиналып қалатын сан-қилы жағдайлар туралы өмірге енді ғана қадам жасай бастаған адамдардың ой-пікірлер айтуы қаншалықты дұрыс деген күмән да осындайда туындайды.

Ток-шоу деген жақсы-ау...

Мысал үшін айтар болсақ, соңғы жыл­дары әртүрлі тойлар өткізудің пайдалы-пайдасыз жақтары жөнінде жиі-жиі әңгімелер айтылып, оның өзі ток-шоулардың да тақырыптарына шығып қалып жүр. Шынын айту керек, бұл өзі қа­зақ халқы үшін керекті тақырып. Өйткені, бүгінде біздің қандастарымыз негізінен екі шаруамен ғана шындап айналысады. Олардың алғашқысы – үйге еурожөндеу жасау болса, екіншісі – той өткізу. Осы тұрғыдан келгенде той мәселесінің біздің ағайындар үшін  көкейкесті екеніне ешкім де талас туғыза алмайды.   

Бұрынырақта өткен ток-шоулардың бірінде осы тақырып күн тәртібіне шы­ғарылды. Хабарға қатысушылар өз пі­кірлерін ортаға салып-ақ жатты. Іштерінде қи­сындылары да жоқ емес. Бірақ бәрі­бір тақырыптың мәні ашылмады, мәсе­ле түсініксіздеу күйінде қала берді. Сон­дықтан да шығар, бастан-аяқ қарап шыққанда осы телехабарға қатысқан бір жас қыздың «той өткіземін, өйткені, ол менің өмірдегі жалғыз қызығым...» деген сияқты сөздері ғана есімде қалыпты. Әңгіме арқауына айналған тақырыптың тарқауы да осы болған сыңайлы. 

Әрине, өзіміз де журналист болғаннан кейін, қандай да болмасын ток-шоудың қозғалып отырған тақырыптың ақиқатына жету мақсатын көздемейтінін, оның мүмкін де емес екенін, ток-шоулардың міндеті қызғылықты мәселелерді әңгіме төркініне айналдыру арқылы көрермендер тартып, өз рейтингін көтеру екенін жақсы түсінеміз. Дегенмен, соның өзінде де әңгі­мені қыздыра, хабарды қызықты ете түсу үшін де қозғалған тақырыпқа қатысты кейбір өзекті деген жайттарды тілге тиек ете кеткеннің еш артықтығы болмас еді. Айталық, жаңағы қыз бала үшін өмірде той өткізуден өзге мақсат жоқ па, шашылып-шабылып өткізген той жастардың болашағына оң әсерін тигізе ала ма, одан олардың білімі мен білігі арта ма, бәлкім тойға жұмсаған ақшаны басқа бір пайдалырақ іске жұмсаған орынды шығар деген сияқты әңгімелер қозғалса, ток-шоудың тартымдылығы арта түсер ме еді, қайтер еді? Біз бұл жерде ата-ананың  тойды бала үшін емес, өздерінің атын шығару үшін, мақтаншылық үшін ғана өткізетінін айтып  отырған жоқпыз. Байқасаңыздар, шақыру билеттерінде көбіне-көп жас жұбайлардың емес, олардың әке-шешелерінің аты-жөндері тұрады және «баламыз бәленшенің үйлену тойына шақырамыз» деп жазылады. Бұрынғы кездері шақыру билеттерінде жас жұбайлардың өздерінің аты-жөндері тұратын және тойға да өздері шақыратын.  

Тағы бір ток-шоуда екі бөлмелі пәтерде үйленген баласымен бірге тұрып жатқан әке туралы әңгіме болды. Бұл ретте де мәселенің тоқетері айтылмады. Қайта, балаларымен сыйысуларының қиынға соғып тұрғанын, өзінің жеке тұрғысы келетінін білдіру арқылы әке проблеманы шешу жолын көрсеткендей болса да, ток-шоуға қатысушылар әр нәрсенің басын бір шалып, кесімді сөз айтып, нақты байлам жасай алған жоқ. Шындығында, қазіргі ХХІ ғасырда аядай ғана екі бөлмеде бала-шағасы бар отбасымен бірге 60-тан асқан адамның тұруы қаншалықты дұрыс? Қысылып-қымтырылып өмір сүрудің үлкен кісінің өзі үшін де, жас отбасы үшін де көптеген қолайсыздықтар туғызатыны айтпаса да түсінікті. Егер тұрып жатқандары кең сарайдай коттедж немесе 4-5 бөлмелі пәтер болса бір сәрі. Сондықтан бұл жерде әкені де, әкесімен сыйыспай жатқан бала мен келінді де кінәлаудың еш реті жоқ. Шешім басқа жақта болуы тиіс. 

Мен өзім көрген және есте қалған мысалдарды ғана келтіріп отырмын. Ток-шоу қызғылықты болуы үшін онда түрлі-түрлі, кейде тіпті, қарама-қайшы пікірлер айтылуы да заңды. Егер оларда күн тәртібінде тұрған өткір мәселелер қозғалып, шешу жолдары көрсетіліп жатса, тіптен құба-құп. Рас, ток-шоуда айтылды екен деп біздің оны бұлжытпай орындай қоймайтынымыз да ақиқат. Сонда да болса шындық халық үшін пайдалы. Ал, ол шындықты айтуға кейбіреулердің тіл байлығы жеткенімен, өмірлік тәжірибесі жетпей жатады. Қазақ тілді ток-шоуларға қатысушылар қарасының аз болуының сыры да осында жатса керек.

Біздің мақсатымыз осындай игі бастаманы қолға алып, көрермендер ілтипатына бөленіп жүрген әріптестерімізді сынау емес. Керісінше, оларға еңбектері үшін рахмет айта отырып, тек сол ток-шоулары мазмұндырақ өтіп, өз көрермендерінің қатарын көбейте түссе екен деген тілек.  

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»