24 Шілде, 2017

Ұрланған құндылық және ұялы телефон

471 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада жасалған ұрлықтың 80 пайызы – қалта ұрлығы, ең көп қол­ды болатын бұйым – қалта телефон. Іш­кі іс­тер министрлігі хабарлаған ақ­пар осындай. Лақтыр­­ған таяғың құ­қық қорғау­шы­ларға тиетін қалада осылай болғанда, басқа қалаларда да «ұялы­ның» ұрлығы көп болмаса аз емес сыңайлы. 

Ұрланған құндылық және ұялы телефон

Қазір ұялы телефоны ұрланған адам – мүсәпір. Байланысың да, басқа тірлігің де осы телефонға тіреліп тұр. Ұрлатпақ түгілі, үйде ұмыт қалдырсаң да тыпыршып, қашан қолымызға тигенше жанымыз жай таппайтыны белгілі. Бұрын «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғанымызға» қуанушы едік, кейінгі жылдары интернетке қосылғаннан кейін толып жатқан тірліктің түйіні телефонсыз тарқамайтын болды. Банкке барып бітіретін жұмысты бас бармағымен смартфонын сипап бітіре салуға болады, базар араламас бұрын таңдауды телефоныңыздағы интернеттен жасайсыз, такси шақырасыз, автобус күтесіз.  

Заманауи техниканың тиімді жақ­тарын осылай тізбелей беруге болар  еді.  Бірақ, көз алдыңда көлбеңдеген кейбір жағдайларды көргенде еріксіз ойға берілесің. Осы біз ұялы телефон ұрланды деп уайым жеп жүргенде, одан да маңызды дүниелерді ұрлатып жатқан жоқпыз ба?  

Мәселен, үйдегі тірліктің бәрін ұялы телефон арқылы әлеуметтік желі­ге жайып салу әлдеқашан әдетке ай­налған. Қоғамдық орындарда қалта­фонын құлағына жабыстырып алып, керілдесіп жататындар көп. Бір-біріне «дистанционно» доқ көрсетіп жатқан жас жігіттерді де кездестіріп жүрміз. 
Әлеуметтік желіге телефон арқы­лы тіркеліп, күнұзақ тесіліп отыр­ғандардың ұрланған уақытына обал. Театрға барсаңыз да, қаракөлеңке залда жарқ-жұрқ еткізіп фотоға түсіп һәм түсіріп отыратындар жеткілікті. Мәдениет киімілгіштен басталатын мекемедегі мәдениетсіздікке себеп болған бұйым тағы да сол телефон. 

Хадиске сүйенсек, жақсы қасиет­тің көкесі – қарапайымдық екен. «Жарлының жанында жүріп – бай­лығың туралы, ауру адамға мықты ден­саулығың жайлы, баласы жоққа – балаларың туралы» айтуға болмайды-дүр. Алайда, хадисте әлеуметтік желіде жақсы имидж қалыптастырудың құ­ра­лына айналғаны қашан. Бала-шағаңды, болған-толғаныңды, қыдыр­ғаныңды, ішкен-жегеніңді шырт еткізіп телефонға түсіріп, сол мезетте желіге салғанша асығамыз. Қара­пайымдық қайда қалды? 

Бір жарым ғасыр бұрын мұхиттың екі бетіне телеграф байланысын ор­нат­қандағы басты мақсат – қашық­қа жылдам әрі сенімді хабар тарату, уақыт үнемдеу болған-ды.  «Қару­мен аң атуға да, адам атуға да, өзің­ді ату­ға да болатыны сияқты», заң­ғар ғалымдардың есіл еңбегімен жа­сал­ған заманауи техниканы ке­рі мақсатта пайдалану бүгінде ерек­ше белең алғандай. Телефон ар­қы­­лы таралған «ұятсыз» бейнеро­ликтер, бір-бірін жерден алып-жер­­ге салғандардың дау-дамайы, соның бір көрінісі сыңайлы. Даулы видеолардың дауылына ұшырап, қызметінен айырылғандар да аз емес. 
Күнұзақ телефонға шұқшиып ойын ойнап, әлеуметтік желіге байлану уақыт ұрлату емей немене? Шұқ­шиғаннан көз майын тауысып, бүк­шигеннен омыртқасын майыстырып, құдайдың аманаттаған денсаулығын жоғалтып жатқанымыз тағы рас. Балдырғандар да бұрынғыдай асыр салып далада ойнағаннан гөрі, үйде отырып смартфонмен ойнағанды жиілетті. 

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қажетіңе қарай қолдана білсең, «қалта­фонның» пайдасы ұшан-теңіз екенін жоққа шығармаймыз. Біз білмес­тікпен немесе біле тұрып зиян шегіп жатқандарды мысалға келтіріп, тірлі­гіміздің кейбір теріс жақтарын ғана айтуға тырыстық. 

Айтпақшы, Ішкі істер министрлігі ұялы телефон ұрлығын азайтудың тиімді тәсілдерін қарастырып жатыр. Бұл туралы министр Қалмұханбет Қасымов: 

– Ұялы телефонды ұрлауды пайдасыз әрі мәнсіз ету бойынша шара қолданып жатырмыз. Тек ұялы байланыс операторларымен шешетін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер бар, – деді. 

Ұялы телефон ұрлығын министрлік азайтар-ау. Ал ұялы телефонға ұлы құндылықтарымызды ұрлатпау өзі­мізге ғана байланысты екенін естен шығармаған жөн сияқты.

Арнұр Асқар, 
«Егемен Қазақстан»