14 Шілде, 2017

«Мультикке» миллион көптік етпейді

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек болмайды» деген қағида бар. Бұл кіш­кентайларға берген жақсы тәрбие де, жағымсыз әдет те бала есейген сай­ын бірге ұлғая беретінін аңғартса керек. Ал телеөнім мен интернетті тел еміп өскен бүгінгі «бұзықтардың» тәр­биесінде анимациялық фильм­дер­дің орны ерекше екендігі белгілі.

«Мультикке» миллион көптік етпейді

Қазіргі балдырғандардың ой-санасына, тұрмыс-тіршілігіне дендеп еніп алған танымал кейіпкерлер бар. Маша мен аю, өрмекші адам, тротро, пороро, миньондар, спанджбоб... Үйде де, сыртта да, үтіктен басқа құрылғыны қосып қалсаңыз, солар шыға келеді. Теледидар мен интернетті айтпағанда, сауда үйіне барсаң да, алдыңнан сол кейіпкерлер ойыншық болып, киімге салынған бедер болып самсап шығады.

Соншама бауыр басатындай бұл кейіпкерлердің қандай қасиеті бар деп қызығушылық танытқан едік. Сөйтсек, әр сериясын жасауға жұмса­ла­тын қаражатты, оған атсалысатын мамандарды біліп, бір жайтты түсін­ген­дей болдық. Құйылған қаржы мен жұмсалған еңбектің арқасында бұл «мультиктердің» барлығы өте сапалы жасалған. Әрқайсысы балалардың жасына, талғамына сай. Еңбектеп жүр­генде елең еткізіп, тәй-тәй басқанша жа­қын туысқанына айналып, есейгенде жан досы болып алатын қасиеті бар.

Дүние жүзіндегі ең танымал екі мультфильмнің біріне айналған «Маша мен аюға» ғана тоқталайықшы. Муль­тсериалдың әр маусымына 6,5 миллион АҚШ долларынан астам қаражат құйылады екен. Әр минутын түсіруге орта есеппен 50 мың доллар жұмсалады. Бастапқыда маркетингке бөлек ақша бөлсе, қазір онсыз да жарнамасы жер жарып тұр. Жасыратыны жоқ, бұл біздің «Қошқар мен текенің» түсіне де кіріп шықпайтын ақша.

«Қошқар мен теке» демекші, аузымызды қу шөппен сүртуден құтқарып тұрған «Сақ» студиясының осы тектес өнімдері. Солардың ішіндегі ең танымалы, қазақша мақалдап-мәтелдеп майын тамызып сөйлейтін, әзілдің түбін түсіретін «Қошқар мен Теке» Youtube желісіне шығысымен бір аптада бірнеше миллиондық қаралымға ие бо­лып үлгерген-ді. Алайда, әлемнің 25 тіл­інде сөйлейтін, 25 елдің телеарнасынан көрсетілетін «Машаға» олар да бәсекелес бола алмады. Осыдан бірнеше ай бұрын  біздің басылым тілшісіне сұхбат берген «Сақ» киностудиясының ре­жи­ссері Батырхан Дәуренбеков:

 – «Қошқар мен текенің» екі сериясы «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша түсірілді. Қазір үшінші сериясының сценарийі жазылып, дайын тұр. Бірақ, оны түсіруге қаржы болмай тұр. Әзірге демеушілерге хабарласып, ұсыныс айтқанымыз жоқ. Дегенмен де, бұл іске қолдау болмаса, сценарий тартпада жатып, өз ма­ңы­зын жоғалтып ала ма деген де қау­пі­міз бар,– деген. Қысқасы, отандық муль­ткейіпкерлерді қайта оралтуға қаржы жетпей, қарындары қабысып жүрген сыңайлы.

Ал «Маша» ше? «Маша» ештеңеден тарыққан емес. Орыстың шынашақтай қызы өзіне салынған ақшаны еселеп қайтарып, «Анимаккорд» студиясын табысқа кенелтіп отыр. 2015 жылы ол студияға 225 миллион доллар пайда әкелген. Осынша табыстың 30 пайызы ғана телеарналардағы трансляциядан түсіпті, қалған 70 пайызы кейіпкерлердің тауарлық брендінен келген. Ойыншық, журнал, кітапша, кейіп­керлердің қатысуымен қойылған спектакльдер... мұның бәрі пайда көзі. «Маша мен аю» туралы мобильді ойын­дардың түрлі нұсқасы жыл сайын жаңарып отыратыны және бар. Біз ресейлік студияның бір ғана өнімін мысал етіп отырмыз. Одан бөлек, Голли­вуд­тың анимациялық фильмдері де үлкенді-кішілі экрандарды жаулап алғалы қашан?!

Баланы теледидар мен интернеттен шектеу қиын. Ойыншықтан шектеу одан да қиын. Тек, назарын басқаға аудару арқылы ғана алдарқатуға болар еді. Өкінішке қарай, өз баламызға көрсететін отандық мультфильмдер аз. Отандық арналардың күн сайын қайталап берген өнімдерін жаттап алған, жалыққан. Ал шетелдік студиялардың өнімі жалықтырмайды, жаңарып отырады. Қызықтырудан, еріксіз еліктіруден шаршамайды. Себебі, балаларға базарлық сыйлау – олар үшін табыстың қайнар көзі. «Бала болған соң көреді де қояды» дей салуға болар еді, бірақ мультфильмнің бала санасына терең әсер етіп, дүниетанымын қалыптастыратыны бұған дейін талай мәрте айтылып, мамандардың сөзімен дәйектелген.

Иә, мультфильм – қазір балаларға базарлық қана емес, қыруар табыс көзі. Құй­ған қаражаты еселеп қайтатын нарықтан сту­диялар ешқашан бас тартпайтыны түсінікті. Сондықтан «Маша» қашан да көңілді, «аю» тоқ. Ал біздің «Қошқар мен теке» сияқты сүйікті кейіпкерлерге қаражат бөлініп, жаңа сериялары жиі шығатын күн болар ма екен?!

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»