05 Шілде, 2017

Атажұрттың алтын арқауы

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдің есінен 1992 жылдың күзінде Алматыда өткен Дүниежүзі қазақ­тары­ның тұңғыш құрылтайы қалай ұмы­тыл­сын! Сол жиында алғаш рет 11 қандасымызға Қазақстан аза­мат­тығы беріліп, төлқұжат тапсырыл­са, бұл күнде атажұртына 1 миллионға жуық қан­дасымыз оралған екен. Тек биыл­ғы алғашқы тоқсанда-ақ шет мем­лекеттерден көшіп келген 2601 отбасы, 4860 қазақ азаматы қоныс­­танды. 

Атажұрттың алтын арқауы

Осыдан 25 жыл бұрын­­ғы сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төрткүл дүниенің түк­пір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келген көңіл­деріңіз үшін, қайда жүр­сеңіздер де атамекен мен ата­жұртқа деген сағыныш пен сүйіс­пен­шілікке толы перзенттік пейілдеріңізді сақ­таған­дарыңыз үшін ризашылық білді­реміз. Сіздер арқылы бүкіл әлем­дегі қазақ бауырларымызға ыстық сәлемім­ізді жолдаймыз! Жер бетіндегі бар шаңы­рағымыздың бәрінің де бақы­­ты асып, ырыздығы тасысын дейміз!» деген ақжарма сөзіндегі бауыр­­мал­­дық сезімнен Қазақ елі айныған жоқ. 
Күні кеше елорда төрінде Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы жоғары деңгейде өтті. Осы жиында ширек ғасыр бұрынғы ұшақтан түсе салып, туған топырақты, дәлірек айтқанда ата­мекеннің әуежайының қара асфальтін сүйген қазақтың сарытапқа айналған сағынышты қауышуы мен бүгінгі алқалы басқосудың арасында шеттегі қазақтың да, атажұрттағы ағайынның да арақатынасының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көруге болады. Айталық, құрылтайдың жас қатысушыларының бірі Әйгерім Болатқызы Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүниеге келіп, орта мектепті бітіріп, Чехияда білім алған, оқуын Сингапурда жалғастырған, сондағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университетте қызмет атқарған бола­шағы зор, жеті жұрттың тілін білген жетекші жастардың бірі болып шықты. Шеттегі қандастардың қарымды болуы, адами капитал тұрғысынан үлгі болуы бүгінгі жаңғыруға бет алған қоғамымыздың негізгі қағидаларының бірі.
Әлбетте, рухани жаңғыру қоғамның барлық саласында жүргізілуі қажет күрделі үдеріс. Соның ішінде, әде­биеттің де алар орны бар. Соңғы жыл­дары ұлт әдебиетінде ХХ ғасыр басындағы қазақтың өзін-өзі сақтап қалу жолындағы бұралаңы мол тақсыреті туралы кесек туындылар оқырманға жол тарта бастады. Бұл ретте әсіресе, шеттегі қазақ қаламгерлерінің үлесі үлкен. Қазақстан қаламгерлерінен Асқар Алтайдың «Сират» сияқты шығармалары көпшілік көңілінен шықты. Кешегі құрылтайда белгілі ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лау­­реаты Дәулеткерей Кәпұлы­ның оқыған жыры Жер шарының әр пұш­пағы­нан жинал­ған қауымды ерекше толқыт­қаны рас.


Ақыт қажы, Оспан едім,

Алтай­дағы ақ боран,

Қарсы келген ажал­ға да қас-кірпігін қақпаған.

Ги­м­а­­лайда киіз төсеп түйетайлы асуға,

Такламакан шөлінде де жанға дауа таппаған.

Кәшмірге де жеткен көш­пін Елісханның жолы­мен,
Дүние­нің бұрышында дәм бар ма мен татпаған?!

Атажұрттан кін­дік үзіп, ұрпағымның қамы үшін,
Тағ­­­­дыр кештім, кішігірім – шұбырынды ақ­­та­бан!, дейді арқалы жыр арнаған адуын­ды ақын алқалы әлеуметтің шемен тарихын дөп басқандай...
Қазіргі есеп бойынша шетте 5 мил­­лион­дай қазақ бар екен. Әри­не, олар­дың барлығын атамекенге көші­ріп алып келу мүмкін емес. Бірақ біз шет­тегі қандастардың әлеуетін тиімді пай­далануымыз тиіс. Таяуда белгі­лі саясаттанушы Ерлан Саировпен әңгіме өрбіткенімізде, Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сындағы бес бағытты шетелде түсін­дірудің инфрақұрылымын жасаудың өзектілігі жөнінде айтты. Негізгі мәселе – қазақ мәдениетінің дүниежүзілік брен­дін жасау. Саясаттанушының айтуын­ша, Қазақстанның мүддесін шет мем­лекеттердегі қазақ диаспорасы арқылы қорғауға болады. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар. Мысалы, Қытай сырт­тағы қандастарын «жұмсақ күш» ретін­де пайдаланады. Американың әрбір әкім­шілігінде міндетті түрде ұлты қытай бір-екі министр болады. Еуро­паны қараңыз, Оксфорд, Кембридж уни­вер­ситеттері студенттерінің 40 пайызға жуығы қытай. Ал біздің сыртта 5 мил­лионға жуық қандасымызды Қазақ­станның шеттегі мүдделерін тоғыс­тыруға тартуға болады, дейді Е.Саиров. 
Яғни, қандастардың бойындағы күш-жігерін елге инвестиция тарту немесе мемлекеттің мәдениетін халық­аралық деңгейде көтеру, мемлекет мүддесін басқа ұйымдарға жеткізудің алтын арқауына айналдыру ел әлеуетін еселей түсетін жаңа сапалық болмысымыз болуы керек. 
 

Думан АНАШ, 
«Егемен Қазақстан»