ЭКСПО-2017 • 23 Маусым, 2017

ЭКСПО-2017 аумағында Кремний алқабы ашылды

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуни­кациялар министрі Дәурен Абаев кеше ЭКСПО-2017 аумағында «Кремний алқабы» бұрышын ашты. Бұл жоба ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ Қазақстанда Кремний алқабының өкілдігін ашу туралы келісім аясын­да Cisco, SAP, Oracle, Mastercard ком­панияларымен ынтымақтастықта жүзеге асып отыр.

ЭКСПО-2017 аумағында Кремний алқабы ашылды

«Зерде» холдингімен бірігіп жасаған жұмыстар үшін серіктестерімізге алғыс білдіремін. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың АҚШ-қа сапарынан кейін, Қазақстанда Кремний алқа­бы бұрышын дайындау туралы тікелей тапсыр­ма алдық. Ел экономикасын цифрландыру мәсе­лесі біз үшін өте маңызды. Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау тура­лы тапсырма бергендігін білесіздер. Осы тап­сыр­малар аясында бүгін Кремний алқабы бұрышын таныстырдық», – деді Д. Абаев. 
«Зерде» холдингінің басқарма төрайымы Әсел Жиенбаеваның айтуынша, бұл – үздік технологияларды зерттеу және Қазақстан­ның цифрлы экономика мен технологиялық жаң­­ғыртуға бет алысын көрсету алаңы. Қазақ­­стандағы Кремний алқабы бұрышы­ның негізгі мін­­деті экономиканы цифрлан­дыру бойынша «Зерде» серіктестерінің жаңа шешімдерін және шет мемлекеттерде, эконо­мика­ның түрлі салаларын­да қолданыла­тын тәжіри­белерді таныстыру бола­ды. Тағы бір айта кетерлігі, ЭКСПО көрмесі­нен кейін де Кремний алқабы бұрышы өз жұмы­сын жалғас­тырады және оның алаңында әлем­дік ауқым­дағы түрлі стартаптар таныстырыла­ды.
Айта кетейік, 2017 жылдың сәуірінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Прези­денті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойын­ша АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Мұнда әлемдік инновациялық көшбасшылар қатарын­дағы компания өкілдерімен кездесулер өткізіп, Қазақ­стан экономикасының үшінші жаңғыр­тылуы аясында бірлескен ынтымақтастық мүмкін­діктерін талқылады және Кремний алқабын­да Қазақстан Өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойды.