ЭКСПО-2017 • 20 Маусым, 2017

Финляндия павильонын салуға 600 тонна қарағай жұмсалды

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Финляндия – таза энергия елі. ЕХРО халықаралық көрмесіне Скандинавия түбегіндегі ел осындай ұранмен қатысып отыр. Бүгін Финляндия павильонының ашылу салтанатында баламалы энергетика саласындағы тың жаңалықтарымен қатар ұлттық дәстүр өнерін де паш етті. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Финляндия павильонын салуға 600 тонна қарағай жұмсалды

Финдер «Әлемдегі ең жасыл ел – біздің мемлекет» деп мақтанышпен айтады. Оны мойындамасқа болмайды. Ел аумағының 70%-ын орман алқаптары алып жатыр. Сондықтан ауқымды павильонның ағаштан салынуы заңдылық. Білетіндердің айтуынша, құрылысқа 600 тонна қарағай пайдаланылған. Тағы бір ерекшелік, қабырғалары арнайы бояумен сырланып, мүкпен көмкерілген. Оның да өзіндік себебі бар. Мүк ауаны тазартып, оттегімен қоректендіреді екен.

Ал енді павильонға келетін болсақ, ол төрт аумаққа бөлінген. Таза энергия, таза су, ақылды қала және білікті білім беру деген атауға ие, әрқайсысы жеке-жеке тақырыптарды көтереді. Жалпы Финляндия – жаңартылған энергия көздерін қолдануда Еуропада көшбасшы елдердің бірі. Сондықтан жұртты таңқалдыратындай, қызықтыратындай дүниелері аз емес. Әсіресе ақылды қала атағына ие Оулу қаласының тәжірибесі көпшілікті қызықтырары анық.

Павильонның ашылу салтанатында финдер жасыл экономикадағы жетістіктерімен ғана емес, ұлттық дәстүр,  мәдениетін де барынша көрсетіп бақты. Көрме қонақтары Лапландия елді мекенінен келген Санта-Клауспен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ Финляндияның танымал өнер жұлдыздарының өнерін тамшалады.