02 Маусым, 2017

Мамандық машақаты

501 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сіз таңдаған мамандығыңыз бойынша жұмыс істейсіз бе? Бірде құрбым «Жақсы көретін жұмы­сымды әлі таппадым, тіпті маған қандай мамандық лайық екенін де білмеймін», деді. Ол университет бітіріп, шет елде магис­тратура тәмамдап келген, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін, өз жұмысына тиянақты, жауапты, кәсіби деңгейі жоғары маман болатын. 

Мамандық машақаты

Жұмыс іздеген кезде ыңғайлысын таппай, сол сәтте түскен ұсынысқа, иә болмаса, достар мен таныстар айт­қан орынға ең соңғы мүмкіндік сияқ­ты жабысып, болашақта бәрі өзге­рер деген үмітпен кез келген жұ­мыс­қа орналасып жатқандар өте көп. Содан кейін кеңседе шәй қойып, қағаздардың көшірмесін жасап, бір кабинеттен екінші кабинетке қағаз тасу, құжаттарды тіркеу немесе жоғарыдан келген тапсырманы ғана орындап қойып өз тарапынан ұсы­ныс та, жаңа идея да жасай алмай, булы­ғып жүрген бір адам. Солай ма? Иә, негізінен, солай сияқты, тек қана күн­көрістің ақшасын табу үшін жұмыс­тан кетпей жүрген қанша адам бар. Жұмы­сы­на көңілі толатын, жақсы көріп істей­тін адамдар арамызда көп пе? Әлде жұмыс­қа келген­нен бастап, үйіне кеткенше асыға­тын адамдар қоғамында өмір сүріп жатырмыз ба?

Әлеуметтік желідегі тағы бір танысым жақсы мамандық алған, түйіндемесінде жазылған білімі мен дағдылары адамды сүйсіндіретін жастарды «шәй тасу мен көшірме жасауға» келіспеуге шақырады. Егер басынан бастап «барып кел, шауып келмен» жүрсеңіз, өмір бойы осындай жұмыстан шыға алмай қаласыз дегенге сенесіз бе?

Әдебиетте кезінде «өндірістік роман» деген жанр болған, қазір де жазушылар бұл жанрда жазатын болар, дегенмен көп жарнамаланбайтын сияқты. Ағылшын тілінде «occupational novel» деп аталатын өндірістік романның өзегінде өндірістік мәселелерді шешетін кәсіби маман тұрады, адам өзінің жұмысы, қызметімен ғана қызық, сол бағытта қаралады.

Нағыз өндірістік роман емес, бірақ шығармашылығын адамның маман­дығымен тығыз байланыстырған жазушы­лардың өте көп екенін бәрі біле бермейтін болар. Дәрігерлер, суретшілер, аспаздар, музыканттар, адвокаттар, мұғалімдер, тағы басқа да мамандықтарға арналған көркем шығармаларды оқыған боларсыз? Мамандық туралы не оқыдым дегенде, бірінші болып Теодор Драйзердің суретші Юджин Витланың шарықтау мен құлдыраудан тұратын өмірі мен өзін іздеуге кеткен өмірі туралы жазған «Данышпан» (Genius, 1915) романын айтар едім. Сомерсет Моемнің «Театр» романы 1937 жылы жарық көрсе де, қазірге дейін өнерсүйер оқырманды бейжай қалдырмай келеді.

Артур Хейлидің «Әуежай» (1968), «Қонақ үй» (1965) романдарының атауы айтып тұрғандай, біреуі ұшақтар мен ұшақ қонатын алаңда жұмыс істейтіндердің еңбегіне, алып әуежайдың күнделікті тынысына арналса,  екіншісі жолаушыларды күтіп алып, жағдайын жасайтын мамандарға арналған. Бұл – құжынаған халықтың жұмыс істейтін орындары, олардың өмірі – жұмыс, жұмысы – өмір, барлық жақсылығы мен жамандығы, қуанышы мен қайғысы, арманы мен үміті астасып жатқан жер. Бәрі – достық пен сатқындық та, түңілу мен серпілу де осы жұмысымен байланысты. Қонақты күтіп алу, орналастыру, демалуға мүмкіндік беру, шығарып салу сияқты бір қарағанда қарапайым әрекеттер жасалып жатқан қонақүйде бір мезетте қаншама ерекше, кейде төтенше жағдайлар орын алып жатқанын білмейсіз ғой. Кейіпкердің кейбіреуі өз жұмысын шынайы жақсы көреді, біреулері тек ақша үшін жүр, тағы бірі аз ақшаға қанағат қылып, адал ниетпен сапалы жұмыс істесе, енді бірінің таңдауы – алаяқтық. Кезінде Артур Хейлидің шығармаларын сынаушылар көп болғанымен, оқырмандар оның романдарын жоғары бағалап, шығармалары қазірге дейін танымалдылығын жоймай келеді. Артур Хейлидің ізбасары – технотриллер жанрында шығармалар ұсынатын Том Кленси. Технотриллер – аралас жанр, тыңшылар туралы триллер, ғылыми фантастика және әскери хикаяттың бір арнаға тоғысқан түрі. Шығарманың бұл түрін оқығаннан техника мен құрал-жабдықтардың жұмыс істеу жолдары, тыңшылықтың ішкі әдіс-тәсілдері, саясат пен жауынгерлік өнер туралы біліміңіз тереңдей түсетіні сөзсіз. Стивен Кинг десе ойымызға бірден қорқыныш пен үрей, фантастика мен тылсым күштер туралы жазатын жазушы келеді. Енді осы Стивен Кинг сізге жазушы болу, кітапты қалай жазу керек деген тақырыпта кеңес берсе қалай қарайсыз? С.Кингтің «Кітапты қалай жазу керек: кәсіп туралы мемуар» кітабын оқып көріңіз де, жазушы қалай қалыптасады, оның кәсібінің ең қызық та қиын тұстары қандай, халықаралық тізімнің алдыңғы қатарында болу үшін не істеу керек деген сияқты ойларымен таныс болыңыз.   

Мамандық таңдауда көркем әдебиет қаншалықты көмектесетінін айту қиын, бірақ басылымдардағы мақалалар және теледидардағы бағдарламалар мен фильмдердің таңдауға әсер ететіні анық. Сондықтан қажетті мамандық, кәсіби маман сияқты маңызды тақырыптарды баспасөзде талқылауға ұйытқы бола жүрейік.  

Бақытгүл Салыхова,
педагогика ғылымдарының кандидаты 
 

Соңғы жаңалықтар

Көрдік біз барып Күршімді

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Көкшедегі 16 мың көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:40

Абайдың жаңа әні табылды

Абай • Бүгін, 07:35

Аңдатпа: «Абай»

Аңдатпа • Бүгін, 07:30