26 Мамыр, 2017

Ер мен Жер

439 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың әзелден ардақ тұтып қастерлейтін қасиетті ата құн­ды­лық­тарының арасында Ер мен Жердің ала­тын орны ерекше. Ер қашанда туып-өскен жеріне тартып туады. Осы бір жайды «Тау баласы тауға қа­рап өседі» деп жырлаған тұма жырлы Тұманбай Молдағалиевтай ақын аға­мыз да кезінде жақсы аңдатқан еді. Се­бебі, ер жерге кіндігімен байланады, ту­ған жерінің барша қадір-қасиетін тұ­ла бойына сіңіріп, көкірегіне құй­ып, соған бүкіл жан-жүрегімен із­гі­лік қайнарына бас қойғандай сусын­дап өседі. Осылайша туған жер ал­дын­да­ғы перзенттік парыз жүгі сал­мақ­та­на бермек, туған жерге деген пер­зент­тік ыстық ілтипат пен махаббат тұр­паттанып толағайлана түспек.

Ер мен Жер

Елбасы өзінің белгілі бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік!» деген халқымыздың ежелгі дана тәмсілін бекерден-бекер ауызға алған жоқ. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы туған жерін сүйе алмаған адамның туған елін де жарытып сүйе алмайтыны туралы өзекті ойларын өрбітеді. Шын мәнінде де, «бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөз­дер». Туған жерін көркейтіп, оны мекен­деп жайлаған ел-жұртының даңқын асы­рып, мақтанышына айналған тұғырлы тұл­­ғаларды ғана туған жерге ту тіккендер са­натына қоса алсақ керек. 
Қазақ ұғымында ер мен жер ежелден егіз, біртұтас екендігін дәлелдеп ай­тып жатудың өзі артық. Алпамыс ба­тыр­дың кіндік қаны тамған туған жері Жиделі Байсын екені, Қобыланды ба­тыр­дың Қараспан тауын жайлағаны ба­ла жасымыздан жадымызда жатталып, санамызға сіңіп қалғаны соншалық, бұ­лар­ды бір-бірінен ажыратып жеке-жеке айтудың өзі мүмкін еместей көрінеді. Ерді айтсаң ойыңда туған жері тұрады, жерді айтсаң тіл ұшына ердің аты орала кетеді. Сондықтан да қазақы ділдегі ер мен жер бір-бірінен ешқашан ажырамас аққу ұғымдар, киелі түсініктер деп айшықтағанымыз дұрыс болар. Осы ойымызды ары қарай дамыта түссек, Мәди десек – Қарқаралы, Иманжүсіпті айтсақ – Ерейментау, Естайды шырқасақ – Маралды, Ақан десек – Қоскөл мен Сырымбет, Біржанға бассаң – Бүркітті мен Жөкейкөл, Жаяу Мұсаны гөй-гөй­летсең – Баянауыл, Балуан Шолақты асқақтатсақ – Бурабай, Ғазизді әуелетсек – Қараөткел, Кененді көсілтсек – Қордай, Ілияс ақынды жосылтсаң – ағынды Ақсу алдыңнан шығары хақ. Бұл ақтаңгер өнерпаздар осынау туған жеріне ту тіге отырып, туған жерлерінің мерейін асыра отырып байтақ қазақ даласының да ор­тақ мақтанышына айналуының өзі бір ға­нибет емес пе. 
Иә, батыр ерлеріміз сан тараптан сұқтанған жауларға атамекеннің қа­рыс қадамын да бермей, кейінгі келе­шек ұрпаққа мирас етсе, өнерпаз баба­ла­ры­мыздың ер тұлғасы туған жерді ас­қақ­тат­қан әндері мен күйлерінде, ағынды жыр­ларында бейнеленіп қалды. Олар бү­кіл қазаққа әйгіленіп даңқы кеткен туған жерлерінің, жоғарыда айтып өткеніміздей, тудай желбіреген символдарына айналды. Міне, осының ғибрат-тағылымын бүгінгі өскелең ұрпаққа отаншылдық, елшілдік тәрбиесін беру орайында кәдеге жаратсақ, қанеки!
Бұдан гөрі де тереңірек зерделесек, шын ер жершіл болады дер едік! Бұл арада жершіл деген сөзден үркудің жөні жоқ. Адал пиғылды ерлер қашанда тар өредегі пасық жершілдіктен аулақ, ондай міскіндіктен биік тұрады. Қапысыз қаратіл ақын Ғафу Қайырбековше қайырғанда, шын ерлердің жершілдігі – «жеті түнде мекенін айнымай тапқан аттың жершілдігі секілді, қиырда жүрсе де атамекенінің әр шөбін жаңылмай айтқан қарттың жершілдігі секілді, қанаты талса да жетпей қонбайтын құстың жершілдігі секілді, баласының кіндігі түскен жерін таппай қоймайтын ана деген күштің жершілдігі секілді» болады. Туған жерге ту тігетін, атамекенді ардақ тұтатын, әр талын аялап, онда жұмақ-бақ орнататын біздің ер­лер­ге керегі, міне, нақ осындай жампоз жер­шілдік. 
Осы арада арғы тарихтан, бір әңгіме қозғайық. Кенесарының батагөйі Бөгембай би осынау шерлі жорық қыр­ғыз жеріне қадам басар ақырғы кезінде ханның рұқсатымен, соңына бір қауым елді ертіп туған Зеренді төріне қайтып оралады. Қанша жұрт қырғыннан аман қалады, туған жерде ұрпақ өрбітіп, өмірді жалғастырады. Олардың бүгінгі ұрпақтары он сан ауыл. Бидің өз ұрпақтары негізінен Айдабол көлінің жа­ғасындағы Бөгембай би ауылында тұ­рады. Елді сақтаған, жер киесін ақтаған ер бабамыз осы Бөкеңдей-ақ болар. Елде ес­керткіші де орнады. Өнегесін туған жерд­е бүгінгі ұрпақ толғады. 
Жаңа Айдабол көлін айттық. Айдабол ауылы, Айдабол спирт зауыты бар. Бұрын білместікпен осы ауыл мен жер атауын қайдағы бір «Айда, бол!» деген бұйрық райдағы етістіктен, спирт зауытындағы жұмысқа байланысты шыққан деп жаңсақ ұғып келген екенбіз. Тергеп-тексере келгенде ол Баянауылдан келіп қонақтаған сүйіндік арғын ішіндегі атақты Айдабол бидің құрметіне қойылған атау болып шықты. Одан соң осы Зеренді баурайында, Қошқарбай тауының етегінде әйгілі жалайыр Шора құсбегі Дүйсен батырдың қонағы болып айлап ерулеген. Құсбегі құрметіне осындағы өзенді халық Шора өзені деп атап кеткен. Міне, осындай ел сыйлаған ерлер құрметіне қойылған жер атауларын түстеп-түгендейтін де уақыт жетті деп білеміз. 
Ер мен Жер. Бұл орайда айтылар әң­гіме мұнымен түгесілмек емес. «Ер – туған жерінде» деген мәтелдің мәнін ұғар ерлеріміз көп болсын деп тілейік.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»