Руханият • 09 Мамыр, 2024

Ұлы Жеңіс күні: Қазақтан қанша батыр шықты?

58898 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командирлер, қолбасшы­лар, партизандар мен қарапайым халық өкілдері осы елдегі 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында қазақтан шыққан азаматтар да бар.

Ұлы Жеңіс күні: Қазақтан қанша батыр шықты?

Биыл Жеңістің 79 жылдығы. Соңғы мәліметтер бойынша, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған сұрапылда Қазақстаннан да көптеген жауынгер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Осынау соғыста бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командирлер, қолбасшы­лар, партизандар, қарапайым халық өкілдері осы елдегі 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында қазақ ұлтының 103 аза­мат­ы да бар. Аталмыш көрсеткіш бұрынғы деректерде, тіпті тарих оқулықтарының беттерінде бірде 95 немесе 97, енді бірде 98 болып беріліп келген еді. Міне, соны нақтылай түсу мақсатымен көптеген анықтамалық кітап­тардағы 12 мыңнан астам батырдың өмірбаянын сүзе қарап, қазақ азаматтарын зерделей іздеуге тура келді.

Өзбектер иеленіп кеткен айтулы қазақтар: генерал-майор Сабыр Рахимов пен бөлімше командирі Расул Есетов осы санатқа қосылды. Дәлірек айтқанда, соғыс кезеңінде бұл атақ 100 адамға нақты берілсе, 1946 жылы оны Сұрағанов Құдайберген, 1965 жылы генерал Рахимов Сабыр, ал 1990 жылы Момышұлы Бауыржан алды. Бұл таза ұрыс алаңында барлығы 103 қазақ осы жо­ға­ры атаққа ие болды деген сөз. Кейін, яғни бейбіт ке­зеңде оған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубә­кіров, Ауған соғысының қаһарманы Қайырболат Майданов қосылды. Соңғы азамат кейіннен Че­шен­стандағы қантөгісте Ресей Батыры атағын да иеленді. Өкінішке қарай, 2000 жылы оның тік­ұша­ғы атып түсіріліп, өзі қазаға ұшырады. Бұлардан тыс 90-шы жылдардың соңында кеш те болса Ресей Батыры атағын Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ұшқыш-радист жетісулық Бақтыораз Бейсекбаев та алды.

Біздер төменде ұлтымыздың мақтанышына ай­нал­ған Ұлы Отан соғысындағы батырларымыздың нақтыланған қысқаша мәліметтерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл деректер осыдан 30-40 жылдай бұрын шыққан көп томдық «Герой Советского Союза», «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары», «Қазақ Совет Энци­кло­педиясы» кітаптары негізінде қорытыл­ғандық­тан, олардың өмірбаяндық деректері сол кезге сәйкес келеді. Қазіргі таңда соғыстан тірі оралған батыр­лардың дені өмірден өтіп кеткендігін қаперде ұстаған жөн. Соңғы шыққан «Қазақстан» Ұлттық энци­кло­педиясында батырлар ішінара қамтылыпты. Атап айтқанда, жалпы тізім түрінде берілген. Бірақ олардың өзі, өкінішке қарай, толық емес. Бізге ең маңыздысы – кешегі Ұлы дала батырларының тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ ұстаған осы заманғы қазақ батырларын жас ұрпақ қастер тұтсын, ардақтасын деген ізгі тілекті жүзеге асыру. Өйткені, қазақ қанынан жаралған жас ұрпақтың Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін әрдайым қастер тұтып жүргендері абзал!

1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақ­тат­ты. Мына төменде беріліп отырған Кеңес Ода­ғының Батыры атағын алған қандастарымыздың тізімі – соның айғағы. 

P.S. Төмендегі беріліп отырған әрбір қысқаша деректің соңында ерекшеленіп көрсетілген даталарды ағаларымызға Кеңес Одағының Батыры атағы қай күні берілгендігін білдіретін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы шыққан күн деп ұғыңыздар.  

* * * 

1. АБДОЛОВ Михаил 1918 жылы Орал облысының Чапаев  ауданындағы Бітік қыстағында малшы отбасында туған. Батыр атағына 1944 жылғы 7 қарашада Дунайдан өту кезіндегі ерлігі үшін ұсынылған. 23.3.1945. 

2. АЙТҚҰЛОВ Сәлім 1913 жылы Орал облысының Жаңақала ауданындағы Мұ­қыр қыстағында туған. Кіші лейтенант. Батыр атағына 1943 жылғы 29 қыркүйекте Днепр үшін болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін ұсы­нылған. 17.12.1943. 

3. АЙТЫҚОВ Ізғұтты (1922-1944).  Шығыс Қа­зақ­стан облысының Ұлан ауда­нында туған. Гвардия стар­шинасы, барлаушы. Батыс Двина өзенінде, Полоцк қаласында болған ұрыста ерлік көрсеткен. 22.7. 1944. 

4. АҚБАУОВ Оразақ 1908 жылы Орынбор облы­сында туған. Гвардия капи­та­ны. 1943 жылы Днепр, Припять ма­ңындағы ұрыстарда тап­қыр­лық, ерлік көрсеткен. 17.10.1943. 

5. АУХАДИЕВ Қой­гел­ді (1907-1943). Семей об­лысының Көкпекті ауда­нын­да туған. Қатардағы жауын­гер. 1943 жылғы Днепр өзені үшін болған ұрыста үлкен ерлік көрсетіп, негізгі күштің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен. 16.10.1943. 

6. ӘБДІӘЛИЕВ Қара­қозы (1908-1943).  Шымкент облысының Ленгір ауданында туған. Лейтенант. Батыр ата­ғына 1943 жылғы Мелитополь қаласындағы ұрыста көрсет­кен ерен ерлігі үшін ұсы­нылған. 1.11.1943. 

7. ӘБДІРОВ Нұркен (1919-1942). Қарағанды об­лысының Қарқаралы ауда­нында туған. Сержант. 1942 жылы Ростов облысының Вешенск ауданындағы бол­ған әуе ұрысында жанған ұша­ғын жау техникасының шо­ғырлан­ған жеріне дәл бағыттап, ерлікпен қаза тапқан. 31.3.1943. 

8. ӘБДІЖАППАРОВ Са­дық. 1925 жылы Шымкент об­лысының Шаян ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Батыр атағына Батыс Двинадан жалғыз өзі өтіп, жау пулеметін және 30-дай неміс солдатын жойған ерлігі үшін ұсынылған. 22.7.1944. 

9. ӘБЕУІЛОВ Мұқатай (1917-1944).  Семей облы­сының Шұбартау ауданында ту­ған. Гвардия сержанты. Ба­тыр атағына Венгрияны азат ету соғысында көрсеткен ерлігі үшін ұсынылған.  28.04.1945. 

10. ӘБУТӘЛІПОВ Ән­у­ар. 1923 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауда­нында туған. Пулемет расчетінің командирі. Батыр атағына Тисса өзені маңын­да болған ұрыста өзеннен 47 рет қайықпен қатынап, рота жауынгерлерін әскери жаб­дықтармен қамтамасыз еткен еңбегі үшін ұсынылған. 24.03.1945. 

11. ӘЖІМОВ Төлебай. 1921 жылы  Астрахань об­лысының Икрян ауданында туған. 1944 жылы Крастностив қаласын азат етуде, Висла өзенінен өткенде үлкен ерлік көрсеткен. 29.4.1944 

12. ӘЛІМБЕТОВ Абы­лай. 1921 жылы Шымкент облысының Қызылқұм ауданында туған. Батыр атағына Брянск, Украина жерлерінде өткен ұрыстарда көзсіз ерлік көрсеткені үшін ұсынылған. 30.10.1943. 

13. ӘШІРОВ Сейіт­қа­сым. 1924 жылы Шымкент облысының Түркістан ауда­нында дүниеге келген. Қа­тардағы жауынгер. Батыр атағына Белоруссия, Польша үшін болған ұрыстар алдын­дағы барлауда үлкен ерліктер көрсеткен ержүректігі үшін ұсынылған. 24.3.1945. 

14. БАЙМАҒАНБЕТОВ Сұлтан (1920-1943). Қос­танай облысының Семиозер ауданында туған. Аға сержант. Ленинград үшін бол­ған ұрыста жау амбра­зу­расын денесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан. 21.02.1944. 

15. БАЙМҰҚАНОВ Мұса (1910-1945). Гурьев облы­сының Мақат ауданында туған. Взвод командирі. Одер өзенін кесіп өту кезінде үлкен ерлігімен танылған. 10.04.1945. 

16. БАЛ­МА­ҒАН­БЕ­ТОВ Мақаш. 1914 жылы Қызыл­орда облысының Қа­залы ауда­нында туған. Қатардағы жауынгер. Днепропетровск об­лысының Бородаевка қыс­тағы маңында болған шай­қаста қаһармандық, теңдессіз батылдық көрсеткен. 22. 2.1944. 

17. БЕГЕНОВ Мәди (1916-1944). Астрахань облысының Ахтуба ауданында туған. Бөлімше командирі. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсеткен. 19.3.1943. 

18. БЕЛІБАЕВ Зәкария. 1917 жылы Семей облы­сы­ның Абай ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепр­ден өту кезінде асқан ерлік көрсеткен. 10.10.1943. 

19. БӨКЕНБАЕВ Мәл­каждар. 1924 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауда­нында туған. Лейтенант. Ол басқарған взвод Буг өзені маңындағы ұрыста жаудың 102 солдаты мен офицерін қолға түсірген. 22.2.1945. 

20. БАЛТАБЕКОВ Иман­­­ғали (1925-1945). Ақ­төбе облысының Қобда ауда­нында туған. Сержант. Пулемет расчетінің командирі. Одер өзені маңын­да­ғы Одерфельд  деревнясы үшін шай­қастағы бір апта ішінде 120 жаудың көзін жойып, ерлікпен қаза тапқан. 10.4.1945. 

21. БАЙЫСОВ Матай (1903-1943). Талдықорған об­лы­сының Талдықорған ауда­нында туған. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсетіп, Киев облысының Черняхов селосы үшін болған ұрыста қаза  тапқан. 10.1.1944. 

22. БЕКБОСЫНОВ Се­­рікғазы. 1925 жылы  Семей облысының Абай ау­данында туған. Свирь өзенінен өту кезінде жан­қиярлық ерліктің үлгісін көрсеткен. 21.06.1944. 

23. БИГЕЛДИНОВ Тал­ғат. 1922 жылы Ақмола об­лысының Ақмола ауданында туған. Балалық шағы Фрунзе қаласында өткен. Чкалов әск­е­ри авиация училищесін бітірген. Калинин, Воронеж, Дала­лық Украина, Одер мен Ниджердегі ұрыстарға қатысқан. Жауға қарсы 305 дүркін ұшып шығып, сан рет батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсет­кен. Сол үшін батыр атағына екі мәрте ұсы­ныл­ған қазақтың дара азаматы.  26.10.1944., 27.6.1945. 

24. ҒАБДУЛЛИН Мәлік (1915-1973). Көкшетау облы­сының Зеренді ауданында туған. Рота командирі. Майор. Атақты 8-ші гвардиялық дивизия сапында шайқасқан. Ба­тыр атағына Мәскеу түбіндегі ерлігі үшін ұсынылған. 30.1.1943. 

25. ДӘУЛЕТБЕКОВ Аман­тай (1917-1943). Қарағанды облысының Жаңаарқа ауда­нында туған. Зеңбірек командирі. Дон, Еділ өзені, Курск иініндегі шайқастарға қаты­сып, әр кезеңде өз зеңбі­ре­гімен жаудың 24 танк, 13 зеңбірегін, 200-ге жуық фашисті жойған. 24.12.1943. 

26. ДОСМҰХАМБЕТОВ Әбу (1920-1943). Солтүстік Қазақстан облысының Приишим ауданында туған. Рота командирі, аға лейтенант. Днепрден өту кезінде ерен ерлік, қаһармандық үлгісін көрсеткен. 16.10.1943. 

27. ЕЛЕУІСОВ Жәнібек 1925 жылы Алтай өлкесі, Таулы Алтай автономиялық облысында туған. Пулеметшілер бөлімшесінің командирі. Воронеж майданындағы ұрыстарда қаһармандық үлгі­сін көрсеткен. 16.10.1943. 

28. ЕСБОЛАТОВ Нар­сұт­бай (1913-1941).  Талды­қор­ған облысының Ақсу ауда­нында туған. 28 панфиловшы жауынгердің бірі. Дубосеково разъезі түбіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1944. 

29. ЕСТЕМІСОВ Саттар (1919-1943).  Жамбыл облы­сының Шу ауданында туған. Сержант, автомат­шы­лар бөлімшесінің командирі. Смоленск облысының Пречистинск ауданында болған шай­қаста үлкен ерлік көр­сетіп, қаһармандықпен қаза тапқан. 4.6.1944. 

30. ЕСЕТОВ Расул 1924 жылы Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. Бөлімше командирі. Шабуыл кезінде оның бөлімшесі жау­дың 50 солдаты мен офицерін жойып, оқ-дәрі қоймасын қол­ға түсірген. 13.9.1945. 

31. ЕСҚАЛИЕВ Сүндет­қали (1924-1944). Орал облысының Бөрлі ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Могилев облысының Лидица деревнясы маңында болған шайқаста жау амбразурасын кеудесімен жауып қаза тапқан. 24.3.1945. 

32. ЖАЗЫҚОВ Қожабай. 1920 жылы Ақтөбе облысы­ның Байғанин ауданында ту­ған. Лейтенант. Барлау­шы­лар взводының командирі. Әр кезеңде жаудың 250 офицер, солдатын тұтқынға алған. Будапештегі жау тобын жойып, үлкен ерлік ісімен көзге түс­кен. 28.4.1945. 

33. ЖАҚСЫҒҰЛОВ Са­дық. 1924 жылы Орал облы­сының Жаңақала ауданында туған. Миномет бөлімшесінің командирі. Днепрден өту үшін болған ұрыста үлкен ерлік, батылдық көрсеткен. 22.2.1944. 

34. ЖАНҰЗАҚОВ Абдулла (1918-1944).  Ақтөбе облысының Қобда ауда­нын­да туған. Автоматшы. Невель қаласы мен Глуховка елді мекенінде жанқиярлық ерлікпен көзге түскен. Батыс Двина өзенінен өту кезінде қаһар­ман­дықпен қаза тапқан. 22.7.1944. 

35. ЖҮНІСОВ Мәжит (1917-1945). Орал облысы­ның Жаңақала ауданында туған. Старшина. Автомат­шы. Днепр­ден өту кезінде әскери бас­шылық тапсырма­сын мүл­тік­сіз орындап, опе­ра­цияның сәтті орындалуын қам­тамасыз еткен. 20.12.1943. 

36. ЖАМАНҒАРАЕВ Қа­шаған 1910 жылы Алма­ты облысының Шелек ауда­нын­да туған. Қатардағы жау­ынгер. Сталинград, Курск, Украинадағы шайқастарда ер­лік көрсеткен. 17.10.1943. 

37. ЖОЛДАСОВ Лесбек. 1920 жылы Шымкент облы­сының Келес ауданында ту­ған. Рота командирі. Дунай өзенінен өту кезінде ерлік үлгісін   көрсеткен. 24.3.1945. 

38. ЖҰМАЛИЕВ Қил­маш (1918-1945). РСФСР-дің Донбасс облысындағы Прима ауданында туған. Кіші сержант. Варшава түбіндегі  ұрыста ғажап ерліктің үлгісін көрсетіп, жаудың 2 дзотын жойып, биіктегі блиндажын топталған гранатамен тал­қан­дап, немістерді қырғынға ұшыратқан. 27.2.1945. 

39. ИШАНОВ Естай 1906 жылы Қостанай облы­сының Жетіқара ауданында туған. Гвардия кіші сер­жан­ты. Днепрдің батысындағы  Медвин ауданында дұш­пан­ның 3 танкісін, қару тиеген 7 машинасы мен бір ба­тальон­ға жуық әскерін жойып, ересен ерлік көрсеткен. 17.10.1943. 

40. ИБРАГИМОВ Темірбек (1922-1943).  Шымкент облысының Шәуілдір ауда­нында туған. Қатардағы жау­ынгер. Днепрден өту кезінде аса зор ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 30.10.1943. 

41. ИСАХАНОВ Берген (1922-1970). Қарағанды об­лы­сының Жаңаарқа ауда­нында туған. Бөлімше командирі, сержант. Днепрден өту кезінде ерлік пен батылдық көрсетіп, операцияның сәтті өтуіне үлкен ықпал жасаған. 30.10.1943. 

42. КЕНЖЕБАЕВ Төле. 1902 жылы Алматы об­лы­сының Шелек ауданында ту­ған. Атты әскер полкының жау­­ын­гері. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік пен ба­тылдық көрсеткен. 15.1.1944. 

43. КӨМЕКБАЕВ Тай­ымбет. 1896 жылы Қы­зыл­орда облысының Қармақшы ауданында туған. Бар­лау­шы­лар бөлімшесінің командирі. Кезекті бір операцияда бір өзі 60 фашисті өлтіріп, 12-сін тұтқынға алған. Одерден өту кезінде ересен ерлік көрсеткен. 10.4.1945. 

44. КӨБІКОВ Хамит (1916-1973). Талдықорған облы­сының Панфилов ауда­нында туған. Зеңбірек бөлім­ше­сінің командирі. Сталинград, Берлин, Прага үшін бол­ған ұрыстарға қатысқан. Одер өзенінен өткен кезде жаудың 3 танкісін, 30-дай солдат, офицері мен 4 бронь­ды машинасын жойған. 10.4.1945. 

45. ҚОСАЕВ Әлікбай (1905-1941).  Алматы облы­сы­ның Еңбекшіқазақ  ауда­нында туған. Қатардағы жау­ын­гер. Қаһарман 28 гвар­дияшы панфиловшының бірі. Дубосеково түбінде болған жойқын соғыста ерлікпен қаза тапқан.  21.7.1942. 

46. ҚАУЫНБАЕВ То­ған­бай. 1923 жылы Шымкент облысының Қызылқұм ауда­нында туған. Қатардағы жау­ынгер. Днепрден өту кезінде асқан ерлік жасап, көзге түскен. 30.10.1943. 

47. ҚИЗАТОВ Жәлел. 1920 жылы Солтүстік Қазақ­стан облысының Ленин ауда­нында туған. Қатардағы жау­ын­гер. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсеткен. 17.1.1944. 

48. ҚОЖАБЕРГЕНОВ Әлиасқар (1917-1941). Тал­ды­қорған облысының Қара­тал ауданында туған. Қатар­да­ғы жауынгер. Қаһарман 28 гвардияшы-панфиловшының бірі.  Дубосеково түбіндегі шай­қаста ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1942. 

49. ҚҰРМАНОВ Ақан (1918-1943).  Ақмола облы­сының Атбасар ауданында туған. Атқыштар дивизия­сы­ның құрамында ұрысқа қа­ты­сып, өжеттігімен көзге түс­кен. Днепрден өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 15.1.1944.

50. ҚАБЫЛОВ Төлен (1917-1945). Алматы облы­сының Шелек ауданында ту­ған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Дон, Қырым, Украина майдандарындағы көп­теген  ұрыстарға қатыс­қан. Кенигсберг қаласы үшін болған шайқаста үлкен ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 19.4.1945. 

51. ҚАЙЫПОВ Жүніс­бай (1907-1944). Алматы об­лысының  Шелек ауданында туған. Старшина. Танкке қар­сы оқ ататын зеңбірек командирі. Асқан мергендігімен көзге түскен. Новгород қала­сы үшін болған ұрыста үлкен ерлік жасаған. 1.7.1944.

52. ҚАЙЫРБАЕВ Махмет. 1925 жылы Семей облы­сының Бесқарағай ауданын­да туған. Аға лейтенант. Батарея командирі. Шауляй қа­ласы үшін болған ұрыста жауға ойсырата соққы беріп, үлкен ерлік көрсеткен. 24.3.1944. 

53. ҚАЛДЫҚАРАЕВ Жұ­мағали (1922-1944). Түркі­мен­станның Ташауыз облы­сындағы Ходжейлі ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 1943 жылы Днепрден өту кезінде ерен ерлік жасаған. 15.1.1944. 

54. ҚАМЗИН Қанаш (1919-1944).  Павлодар облысының Ермак ауданында туған. Рота командирі, лейтенант. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 13.9.1944. 

55. ҚАРАҚҰЛОВ Жұман (1921-1944).  Қарақалпақ­стан­­дағы Ахунбабаев ауы­лында туған. Қатардағы жау­ынгер. Украина, Солтүстік Кавказ майдандарында шай­қас­қан. Чехословакияны азат ету үшін болған ұрыстарға қа­тысып, ерлікпен қаза тапқан.  24.3.1945. 

56. МАМЫРАЕВ Мартбек. 1908 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауда­нында туған. Аға сержант. Пулеметші. Днепрден өткен кезде үлкен ерлік, батылдық көр­сеткен. 15.1.1944. 

57. МӘМЕТОВА Мәншүк (1922-1944). Орал облысының Орда ауданында туған. Аға сержант. Пулеметші. Невель қала­сы үшін болған ұрыста ға­жайып ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 1.3.1944. 

58. МОЛДАБАЕВ Ережепбай (1925-1944).  Шым­кент облысының Қатынкөпір елді мекенінде туған. Қа­тар­дағы жауынгер. Висла өзе­ні­нен өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 23.9.1944. 

59. МОЛДАҒАЛИЕВ Жан­ғазы (1917-1944).  Семей облысының Абай ауда­нында туған. Рота командирі. Лейтенант. Сталинград, Воронеж, Дон майдандарында шайқасқан. Украинадағы Черонопаровка деревнясы үшін болған ұрыста жау дзотының аузын өз денесімен жауып, қаһармандықпен қаза тапқан. 19.3.1944. 

60. МОЛДАҒҰЛОВА Әлия (1924-1944).  Ақтөбе облы­сының Қобда ауданын­да туған. Ефрейтор. Мерген. 2-При­балтика майданында бо­лып, Псков облысының Но­во­сокольники станциясы ма­ңын­дағы шешуші шай­қас­та жауынгерлерді ұрысқа бастап, қаһармандықпен қаза тапқан. 4.6.1944. 

61. МҰСАЕВ Мұқат (1919-1954) Астрахань облы­сының Қарабалы ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Пулеметші. Тисса өзенінен өту үшін болған ұрыста жау­дың 60 солдаты мен офицерін, 3 пулемет ұясын жойған. Соғыстан кейін Сталинград облысында еңбек етті. 24.3.1945. 

62. МҮТКЕНОВ Серікбай (1913-1944). Павлодар облысының Краснокутск ауда­нында туған. Зеңбірек командирі. Бір өзі жаудың 1 танкісін, 40 шақты солдаты мен офицерін жойған. Украи­наны азат ету соғысында ерлікпен қаза тапқан. 3.2.1944. 

63. МАХАМБЕТОВ Жа­қыпбек 1912 жылы Қы­зыл­орда облысының Сырдария ауданында туған. Кіші сержант. Пулеметші. Черкасск об­лысының Крещатик село­сы үшін болған шайқаста 40-тан астам жауды жер жас­тандырып, бір танк пен үш машинаны жойған. 22.2.1944. 

64. МАМЫТОВ Хасан. 1922 жылы Шымкент облы­сының Ленгір ауданында ту­ған. Қатардағы жауынгер. Пу­леметші. Сталинград, Днепр үшін болған ұрыс­тар­ға қатысып, Рогачев қаласын жаудан азат ету кезінде үлкен ерлік көрсетті. 3.6.1944. 

65. МАСИН Темір (1907-1947).  Орал облысының Орда ауданында туған. Ұлы Отан соғысында қатардағы жауынгерден рота командиріне дейін көтерілген. Минск тас жолын жаудан қорғау кезінде үлкен ерлік жасаған. Бейбіт өмірде Тайпақ аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүріп, 1947 жылы дала өртін өшіруде қаза тапқан. 24.3.1945. 

66. МОМЫШҰЛЫ Бау­ыржан (1910-1982). Жамбыл облысының Жуалы ауда­нын­да туған. Гвардия полковнигі. Соғыс жылдарында жеке басының қаһармандығымен, ұрыс жүргізудегі шеберлігімен көзге түскен. Сол кездің өзінде-ақ орталық баспадан оның әскери тұлғасын айқын бейнелеген А.Бектің «Арпалыс» повесі жарық көрген. Дивизия басқарған.  12.12.1990. 

67. НЫСАНБАЕВ Боран (1918-1943). Гурьев облысы­ның Есбол ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Минометші. Лески қаласында бол­ған шайқаста жауып тұрған оққа қарамастан жаудың бірнеше атыс ұясын гранатамен талқандап, ер­лікпен қаза тап­қан. 23.9.1943. 

68. НҰРЛЫБАЕВ Жол­ды­бай (1922-1945).  Шым­кент облысының Мақта­арал ауданында туған. Капитан. Ар­тиллерия батарея­сының ко­мандирі. Сталинград, Украина, Белоруссия майдандарында ерлікпен шай­қасып, Лукац-Крейц қаласы маңындағы сұрапыл ұрыста ерлікпен қаза тапқан.  24.3.1945. 

69. НҰРМАҒАМБЕТОВ Сағадат. 1924 жылы Ақмола облысының Алексеев ауда­нын­да туған. Рота, батальон командирі болды. Солтүстік Кавказ, 4-Украина, 1-Белоруссия майдандарында шай­қасып, Пилица өзені маңын­да болған ұрыста асқан ерлік көрсеткен. Соғыстан кейінгі жылдары Москвадағы жоғары әскери ака­демияны бітірді. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Армия генералы. 27.2.1945. 

70. НҰРПЕЙІСОВ Біліс (1919-1945). Қарақалпақ­стан­ның Тақтакөпір ауданында ту­ған. Ұшқыш. Аға лейтенант. Авиациялық барлау полкінде қызмет етіп, үлкен ерліктер көрсеткен. Берлин маңында жауынгерлік тапсырманы орын­дау кезінде қаһарман­дық­пен қаза тапқан. 18.8.1945. 

71. НҰРСЕЙІТОВ Жаппасбай. 1923 жылы Қызыл­орда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде жанқиярлық ерлік, қа­һар­мандық көрсеткен.  10.1.1944. 

72. НИЕТҚАЛИЕВ Ерденбек (1914-1945). Орал об­лысының Жәнібек аудан­ын­да туған. Атты әскер эс­ка­дро­нының командирі. Майданда батылдығымен, көзсіз ерлігімен аты шыққан. Гер­ма­ния­ның Рацебур қаласы маңында бол­ған шайқаста асқан ерлік көр­сетіп, қаза тапқан. 24.3.1945. 

73. НҰРЖАНОВ Қазбек (1919-1945).  Қарағанды облы­сының Ақтоғай ауданында ту­ған. Барлаушылар взводы­ның командирі. Вологда, Орел, Зуки, Десна, Сож, Днепр, Пруть, Березина өзен­дерінен өту кезінде небір ерліктер көрсеткен. Волков қаласын алу кезінде ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945. 

74.  ОРАҚБАЕВ Есен. 1922 жылы Орал облы­сының Чапаев ауданында ту­ған. Артиллерия училище­сі­нің тү­легі. Чехословакияны, Вен­грияны жаудан азат ету операцияларында үлкен ерліктер көрсеткен. 25.3.1945. 

75. ОҢТАЕВ Бейсен. 1922 жылы Шымкент облы­сының Арыс ауданында ту­ған. Қа­тардағы жауынгер. Бар­лаушы. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік жасаған. 30.10.1943.

76. ОРАЗОВ Ілияс (1922-1945).  Ташкент облысының Янгиюль ауданында туған. Лейтенант. Взвод командирі. Атқыштар дивизиясында бо­лып, Дунай өзенінен өту опе­рациясында қаһармандықтың шынайы үлгісін көрсеткен. Соңғы бір ұрыста қаза тап­қан. 24.3.1945. 

77. РАХИМОВ Сабыр (1902-1945).  1943 жылдан гвар­дия генерал-майоры. Полк, дивизия командирі болған.  Рос­тов­ты, Польшаны азат етуге қатысып, аса көрнекті әскери басшы деңгейінде көрінген. 6.5.1965. 

78. РЫСБЕКОВ  Құр­ман­бай (1922-1943).  Шым­кент облысының Фрунзе ау­данында туған. Взвод командирі. Украинада болған ұрыс­тарда асқан жанқиярлық көр­сетіп, Днепр өзенінен өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 10.1.1944. 

79. СЕҢГІРБАЕВ Мұ­са­бек (1914-1941).  Талды­қор­ған облысының Қаратал ауда­нында туған. Қатардағы жау­ынгер. 28-гвардияшы-пан­фи­ловшының бірі. Дубосеково разъезі түбінде өз серіктерімен жаудың 50 танкісіне қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1942. 

80. СИХЫМОВ Есмұрат (1922-1942). Талдықорған облысының Ақсу ауданында туған. Пулемет расчетінің командирі. Погудино қыста­ғында 2 сағат айқасып, 60 гитлершілді жер жас­тан­ды­рып, ерлікпен қаза тапқан. 18.10.1943.

81. СЫПАТАЕВ Қарсы­бай (1918-1942). Шымкент облысының Шаян ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград іргесіндегі болған ұрыстарда ғажайып ерлік үлгісін көрсетіп, соңғы бір шайқаста жау танкілерімен жеке дара айқасқан. Ақырғы минасын қолына ұстап, танк астына құлап, оны жойып жіберіп, қаза тапқан. 17.4.1943. 

82. СМАЙЫЛОВ Садық. 1911 жылы Шымкент облы­сының Бөген ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Өз зең­бірегімен немістердің 7 танкісін, 2 зеңбірегін және 300-ден астам жауды жойып, асқан ерлік көрсеткен. 1.11.1943. 

83. СМАҒҰЛОВ Қайыр­ғали. 1919 жылы Гурьев об­лысының Балықшы ауда­нында туған. Ростов, Новороссийск қалаларын азат етуге қатысқан. Десантшылардан құралған 20 жауынгер 44 күн бойы жау қыспағына төтеп беріп, Елтиген қыстағы үшін болған ұрыста теңдессіз ерлік көрсеткен. Атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының прототипі. 17.11.1943. 

84. СҮЛЕЙМЕНОВ Жолдас. 1921 жылы Шымкент об­лы­сының Сарыағаш ауданында ту­ған. Барлаушылар тобының командирі. Днепр үшін болған ұрыс­та қаһармандық ерлік үлгі­сін көрсетіп, жауды орасан шы­ғын­ға ұшыратқан. Көп қару-жа­рақты қолға түсірген. 30.10.1943. 

85. СҰРАҒАНОВ Құдай­берген. 1921 жылы Павлодар облысының Качир ауданында туған. Зеңбірек батареясының командирі. Аға лейтенант. Вол­гадан Шпрееге дейін даңқты ерлік жолымен жүріп өткен. 15.5.1946. 

86. СУХАМБАЕВ Ағаділ (1920-1944).  Жамбыл облы­сының Свердлов ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Белоруссияны, Литваны, Поль­шаны азат ету со­ғыс­тарына қатысқан. Польшада болған ұрыста пулемет амбра­зурасын денесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан.  24.3.1945. 

87. ТАСҚҰЛОВ Қалы­бай. 1922 жылы Шымкент об­лысының Бостандық ауда­нын­да туған. Қатардағы жау­ын­гер. Днепр өзенінен өту кезінде үлкен ерлік көрсеткен. 30.10.1943. 

88. ТОҚАТАЕВ Рақым­жан. 1923 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауда­­нында туған. Қатардағы жау­ынгер. Артиллерия ат­қыштар полкының құрамын­да соғы­сып, бір шайқаста жаудың 9 танкісі мен 4 бронотранспортерін жойып жіберген. 29.6.1945. 

89. ТОҚТАРОВ Төлеген (1921-1942). Шығыс Қазақ­стан облысының Ұлан ауда­нын­да туған. Қатардағы жау­ынгер. 8-гвардиялық дивизияда қыз­мет еткен. 1942 жылы 9 ақ­панда Бородино үшін бол­ған ұрыста асқан ерлік жасап, немістермен қоян-қолтық шай­қаста қаһармандық үлгісін көрсетті. 30.1.1943. 

90. ТЕМІРБАЕВ Сейітхан. 1922 жылы Қостанай об­лысының Таран ауданындағы Қызылжар ауылында туған. Взвод, рота командирі болып, Белоруссия, Польшаны азат етуге қатысқан. Берлинге ша­буыл кезінде тапқырлық пен батылдық танытқан. 31.5.1945.

91. ТУҒАНБАЕВ Қа­ды­ран (1924-1944). Алтай өл­ке­сінің Усть-Кан қыстағында дүниеге келген. Атқыштар ди­­визиясының қатардағы жау­­ынгері. Ержүрек қазақ ұла­ны талай қиын тап­сыр­маларды абыроймен орын­да­ған. Днепрден өту кезінде жау пулеметтерін батылдықпен жойып, жа­ра­лан­ған соң шептен шығарылып, госпитальда қайтыс болды. 19.3.1944. 

92. ТҮКТІБАЕВ Үрмәш (1917-1944). Қызылорда облы­сының Қазалы ауданында ту­ған. Кіші сержант. Солтүстік батыс, 2-Прибалтика майдан­да­рында соғысқан. Перели қыс­тағы түбіндегі ұрыста ас­қан ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945. 

93. ТЫШҚАНБАЕВ Қо­жахмет (1917-1943).  Талды­қорған облысының Панфилов ауданында туған. Қатар­дағы жауынгер. Зеңбірекші. Қы­рым­дағы Елтиген ауда­нын­да неміс танкілерімен бет­ке-бет ұрыста ерлік көр­се­тіп, қаза тапқан. 16.5.1944. 

94. ҮРГЕНІШБАЕВ Ыды­­­рыс (1912-1943). Ақ­төбе облысының Шалқар ауда­нында туған. Сержант. Бөлімше командирі. Днепрден өту кезінде жаудың 90-нан астам солдаты мен  офицерін жойып, осы ұрыста қаза тапқан. 15.1.1944. 

95. ҮСЕНОВ  Абдолла (1924-1943). Шымкент облы­сының Түркістан қаласында туған. Қатардағы жауынгер. Украина жерінде жаудың 8 танкісін жойып, сол жойқын ұрыста ерлікпен қаза тапқан. 25.8.1943. 

96. ХҰСАЙЫНОВ Ахмедияр (1924-1986). Орал облысының Орда ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Мелитополь қаласын азат ету кезінде бір өзі 40 шақты жауды жойып, ерен ерлік көрсеткен. 1.11.1943. 97. ШӘКЕНОВ Кенжебек. 1924 жылы Семей облысының Жарма ауда­нын­да туған. Пулемет училищесін бітірген. 2-Украина май­данында болып, Днепрден өту кезінде жаудың ша­буылын 3 рет тойтарып, 17 солдаты мен офицерін, ірі калибирлі пулеметін жойған. 22.2.1944. 

98. ШӘКІРОВ Астанқұл (1921-1945). Өзбекстанның Әндіжан қаласында туған. Барлау взводының жауынгері. Неман өзенінен ең бірінші болып өтіп, бүкіл полктың әскери тактикасын өзгертіп, жауға жойқын соққы беруге жағдай жасаған. Сөйтіп, ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945. 

99. ШӘКІРОВ Сәду. 1922 жылы Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде Лоеводағы биіктікке алдымен жетіп, ту тіккен. 30.10.1943. 

100. ЫСҚАҚОВ Қапай. (1906-1973). Семей облы­сы­ның Жарма ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Украина майдан­да­рында үлкен ерліктер көр­сеткен. 13.9.1944. 

101. ЫБЫРАЕВ Әйткен. (1924-1944). Семей облы­сы­ның Жаңасемей ауданында туған. Старшина. Жаудың 6 зеңбірегі мен 12 пулемет ұясын жойып қаза тапқан. 24.3.1945. 

102. ЫБЫРАЕВ  Ысқақ (1911-1965).  Солтүстік Қа­зақ­стан облысының Приишим ауданында туған. Ат­қыштар взводының командирі. Одер өзенінен өту кезінде қаһармандықтың ерен үлгісін көрсеткен. 27.2.1945.

103. ІЛИЯСОВ Нағи. 1920 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қа­тар­дағы жауынгер. Дунай өзенінен өту кезінде ба­тылдық пен ерлік көр­сеткен. 9.4.1945.