14 Сәуір, 2017

Ұлт ұпайын түгендеудің тың үлгісі

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ұлтының жаңа замандағы рухани дамуының жолын айшықтап бергені анық. Бұл құжат елімізді жарқын болашаққа бастаған жылдар аралығында руханият, мәдениет саласының да назардан тыс қалмай келе жатқанын тағы бір аңғартып отыр.

Ұлт ұпайын түгендеудің тың үлгісі

Құжатта баяндалғандай, бұл Бағ­дар ел аумағындағы тарихи-мәде­ни ес­керт­кіштер мен нысандарды жаң­ғырту­ды көздеген «Мәдени мұра» не­месе әлемнің түкпір-түкпіріндегі төл та­рихымызға қажетті құжаттарды жи­нас­тырып, жүйелеуге, өткенімізге, ата-баба тарихына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы іспетті. Десек те, жаңа Бағ­дар­да ұлттық салт-сана, білім мен мә­де­ниет, ұлттық руханият сала­сы те­рең­дей қамтылып, алдымызға дәйекті міндеттер ұсынылғаны бізді ерекше қуантып отыр.

«Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғы­ларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп нықтап жазылуы ұлт зиялы­ларының көптен көңілінде жүрген, көптен күткен қадамы екені рас.

Елбасы қазақ халқын ұлттық кодын сақтай отырып заман көшінен қал­май дамуға, жаңашылдыққа үн­дейді. Бұл тұрғыда: «Біріншіден, ұлт­тық код, ұлттық мәдениет сақ­тал­маса, ешқандай жаңғырту бол­майды. Екіншіден, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп, ірі мен уақты дер кезінде ажыратып, ұлттық сананы кемелдендіруге шақырады.

2017 жылдың аяғына дейін ға­лым­­­дардың көмегімен, барлық қоғам өкілдерімен ақылдаса оты­рып, қазақ әліпбиінің жаңа графи­ка­дағы бірыңғай стандартты нұсқа­сын да­йындауды міндеттеген Прези­денті­міз еліміздің латын қарпіне көшуін ертерек қолға алуды дұрыс көріпті. Біздің ойымызша, елорданы Ал­маты­дан Астанаға көшіруіміз, тіпті жаңа Елтаңба, жаңа Әнұран, жаңа Ту қабыл­дағанымыз секілді, бұл да отар­лық қыспақтан ширек ғасыр бұрын ғана шыққан қазақ үшін сананы жаң­ғырту­дың үлкен тетігі. Бодандық санадан құлан-таза құтылудың, шын мәнінде отарсызданудың тамаша жолы.

Бұдан біраз жыл бұрын Елбасы­ның бастамасымен жүзеге асқан «Мәде­ни мұра» бағдарламасы бойынша әлемдік көркем әдебиеттің 100 томы қазақ тіліне аударылып, жарық көргені әмбе­ге аян. Енді, мінеки, студент жас­тар­­ға жаңа сапалық деңгейде білім беру­ді қамтамасыз ету, гуманитарлық сала­дағы білімді арттыру мақсатында әлем­нің ең озық деген 100 оқулығы қазақ­ша сөйлемек. Бұл жоба ғылым-білім саласына тың серпін әкелетіні даусыз.

Патриоттық сезім деген нәрсе адам бойына өз-өзінен келіп құйыла сала­тын қасиет емес. Мәуелі ағаш­тың топырақтан тамыр тартып, өсіп-өнетіні секілді, туған отанға деген сүйіспеншілік те әркімнің өз туған ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Еліміз бен жеріміздің аңыз-әпсанаға айналып бүгінге жеткен тарихы жетіп жатыр. Жергілікті билікке «Туған жер» атты бағдарлама қабылдауды ұсынған Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақ­тарда өлке тарихын көбірек насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігін де еске салыпты. Сол секілді, ұлан байтақ жеріміздегі өзін­дік тарихы, өз қасиеті бар танымал жер­лерге жүйелі зер салып, «Мәдени-гео­графиялық белдеуді» ұлттық құн­дылықтарымыздың қатарында дәріп­теу идеясын ұсынған. Туған жер десе, кеудесін сағыныш кернеп ала жө­нелетін барлық зиялы қауым бұл идея­ны қуана қолдайтыны және шындық.

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгі­­лерін іріктеп, әртүрлі жолмен на­си­хаттау қажеттігін міндеттеген Ел­басы: «Әлемге қанат жайған жат идео­­­­логияларға біз ұлттық құндылық­тары­­­мыз арқылы ғана төтеп бере ала­мыз», дейді. Сол себепті де, қазақ хал­­қы­на ғана тән ұлттық салт-дәстүр мен мә­дениетті, оның ұтқыр тұстарын әлем­­ге, өзге елдерге таныту үшін ға­лым­­дар мен жазушылар да аянбай еңбек­­тенуі қажеттігін айтыпты.

Жалпы, Бағдардан айқын көзқарас, жаһандану дәуірінде қалай да ұлт ретіндегі өз ерекшелігін сақтап, даму мұратынан туған күрескерлік, жаңашылдық аңғарылады. Осы қасиеттер намыс туын үнемі тік ұстайтын қазақ деген халықтың әрбір азаматының бойына дарыса деген тілек бар.

 

Әлібек Асқаров,

жазушы