15 Қараша, 2016

Өз кәсібіңді жақсы көрсең, орындалмайтын мақсат жоқ

253 рет көрсетілді
14-11-16-mustafaev-1Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаевтың осы лауазым тізгінін ұстағанына да он жылдан асып кетіпті. Бүгінде басқа аймақтарда бұл қызметке онымен қатар келген басшы жоқ. Тегі, мұндай табандылық пен тұрақтылық көрсету үшін өз кәсібіңді жаныңдай жақсы көруден бөлек, ара-тұра алмасып тұратын басшылыққа көрсете алатын нәтижелі жұмысың болуы керек шығар. Біздің Садық МҰСТАФАЕВПЕН әңгімеміз осыдан өріс алды. – Қызметке 2005 жылдың 25 қаңтары күні келіп едім. Содан бергі аралықта төртінші әкімнің басшылығында жұмыс істеп келемін. Осы жылдарда менің көңілге түйгенім: өз кәсібіңді жаныңдай жақсы көрсең, соған орай тиесілі жұмысыңды үнемі беріліп істесең, алға қойған мақсаттарыңа да жетесің. Өз кезегінде басшылық та мұны бағалайды екен. Біз неге жетсе де, өз еңбегімен жеткен, кәсібі мен жұмысын құрметтеген қарапайым отбасынан шықтық. Сондықтан «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген қағидатты берік ұстанамыз. Сондай жақсылыққа жету үшін осы жылдардың бәрінде қайткен күнде де облыс спортын дамытуға, оның ілгері жылжуына дүмпу беруге барымызды салдық. Осының арқасында спорттың көптеген салалары бойынша жұрт Сыр бойы саңлақтарымен санасатын күнге жеттік. – Расында да Қызылорда облысында соңғы жылдары  бұрын заты тұрмақ, аты да естілмеген бірқатар сайыс түрлері қолға алына бастады. Соның ішінде қыстық спортқа қыры болмай келген өңірде Мұз сарайының салынуы үлкен жаңалық болды.  – Айтатыны жоқ, бұл үшін өте көп тер төгуге тура келді. Ал сол сарай 2013 жылы қатарға қосылғанда, бұл қалада қуанбаған жан жоқ шығар. Мұның бәрі аймақ басшысы көрсеткен қолдау мен қамқорлықтың арқасында мүмкін болды. Осы арқылы облыс орталығында біз жасөспірімдер арасындағы хоккей командасын құрып, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек спортының негізін қаладық. Құдай қаласа, таяу жылдарда осы спорт түрлерінің дамуы­на Қызылорда да өзінің лайықты үлесін қосатын болады. – Жаттықтырушы мамандарды қайдан алдыңыздар? –Жасөспірімдер командасын машықтандыратын жаттық­тырушы Астанадан келді. Мәнерлеп сырғанау секциясын басқаратын маманды Украи­надан алдырдық. Ал шорт-трек жаттықтырушысын арнайы оқы­тып алу арқылы жергілікті жердің түлегінен дайындадық. – Садық Шоңмұрынұлы, Қызылорданың баяғыдан бренді іспеттес велоспорт, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, қыздар гандболы, қазақ күресі сияқты спорттары қазір қалай дамып жатыр? – Аталған спорт түрлері бұрын­ғысынша Қызылорданың мақтанышы болып қала береді. Олар дәл бұрынғыша қам­қор­лық пен қолдаудан еш қағажу көрмейді. Бірақ өмір болған соң оның өзі жасап беріп тұратын өз түзетулері де бар. Мысалы, мен осы қызметке келген кезде велоспорттан облыстың атын шығарып жүрген майталмандарды бюджеттің ақшасымен ұстап тұруға шама келмеді. Ұлттық құрама тек Берік Көпешевті ғана өзінің қарауына алды. Кейін негізінен бір-бірлерімен қатар болып келетін осы буын спорттан кеткен кезде орнын толтыратын ешкім болмады. Сол олқылықты енді түгендеп келеміз. Ауыр атлетикада қаншама соққы алып жатқанымызға қарамастан, шәкірт тәрбиелеу үдерісі жал­ғасуда. Бізде жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында өсіп келе жатқан қуатты буын бар. Жақында Таиландта өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алған жалғыз жүлде – қола медальді 17 жасар ұланымыз Евгений Ломанов әкелді. Қазіргі күндері Токиода өтіп жатқан жасөспірімдер құрлық чемпионатында алтын жүлдегер атанған Арыстанбек Жаханша – бізден. Спорттың бұл саласында қол жеткізген үлкен жетістігіміз – олимпиялық резерв мектебінің бөлімшелерін барлық ауданда ашып алдық. Осы кезде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы біріншілігімізге 300-ге жуық жас зілтемірші қатысады! Велоспортта да тап осындай бетбұрыстар бар. Қызылордада жылына 6 турнир тұрақты түрде өтетінінен бөлек, ай сайын өзі ішімізде жарыс ұйымдастырылып тұрады. Қыздардың гандболына келсем, таяуда біздің қалада өткен Азия командаларының тұңғыш клубтық чемпионатында Қызылорданың «Қайсары» бас бәйгені жеңіп алды. – «Қайсар» демекші, облыста бір клубтың төңірегіне топтасу қолға алынған екен. – Біз ойын спорт түрлерінің бәрін «Қайсар» деген клубтың төңірегіне топтастыруды бастадық. Оған футбол, гандбол, волейбол және көгалдағы хоккей командалары шоғырланады. Сөз реті келгенде айта кетейін, футбол командамыз бір жылғы үзілістен соң премьер-лигаға қайта оралды. Енді оның алдына жоғары топта тұрақтап қалып, ел сүйсінетіндей ойын өрнегін көрсету міндеті қойылып отыр. Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Мәні ерекше семинар

Саясат • Бүгін, 08:28

Қараусыз бала қайдан шығады?

Саясат • Бүгін, 08:26

Қоғамдық бақылау күшейеді

Саясат • Бүгін, 08:24

Fitch растады

Экономика • Бүгін, 08:22

Жеке тұлға банкроттығы

Қоғам • Бүгін, 08:14

Барлық үйге жылу берілді

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Жылыту құралдары жөнелтілді

Аймақтар • Бүгін, 08:10

Еңбек пен тәрбие – егіз ұғым

Аймақтар • Бүгін, 08:06

Қайта күшейген коронавирус

Коронавирус • Бүгін, 08:04

Оқу ордасының белесі

Аймақтар • Бүгін, 08:02

Тарихы терең, білімі берен

Білім • Бүгін, 08:00

Сырбаз суреткер

Әдебиет • Бүгін, 07:59

Қажымұқан мен Карл

Әдебиет • Бүгін, 07:56

Аңызға бергісіз ғұмыр

Қоғам • Бүгін, 07:54

Құндызға құрылған фототұзақ

Аймақтар • Бүгін, 07:48

Тау-тау қоқыс кәдеге жараса...

Экология • Бүгін, 07:46

Мәдени демалыс

Қоғам • Бүгін, 07:44

Суреттегі ой сәулесі

Өнер • Бүгін, 07:40

Жүлдегер атанды

Спорт • Бүгін, 07:38

Кіші «күміске» ие болды

Спорт • Бүгін, 07:36

Жеңіс жалғасын тапты

Спорт • Бүгін, 07:34

Тартысқа толы турнир

Спорт • Бүгін, 07:30

Ұлт ұстазы ұлықталды

Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше

Алматының ауасы

Экология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар