15 Қараша, 2016

Даниямен ойындағы дағдарыс

336 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
14-11-16-football_dania-kazakhstan-1Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің сырт алаңда өткен кезекті матчында тас-талқан болып жеңілді. Бұл жолы ол жұма күні Копенгагенде Дания құрамасына 1:4 есебімен есе жіберіп қойды. Сөйтіп, топтағы ең соңғы орынға түсіп қалып, биылғы маусымды сәтсіз аяқтады. Алаң иелері 3-минутта сол қапталдан айып доп ұру құқығына ие болды. Әйткенмен, Кристиан Эриксеннің берген добы әріптестеріне жетпеді. Көп ұзамай Николай Йоргенсен оң қапталды жарып өтіп, ортаға доп тастады. Оны қақпашы Стас Покатилов іліп әкетті. Содан кейін Дамир Ахметов қарсыласының аяғын басып кетіп, жоқ жерден матчтағы бірінші сары қағазды алып қалды. Оның біздің құрама қақпасына бұдан кейін кірген екі голға да тікелей қатысы болды. Әуелі 15-минутта Юсуф Поульсеннен доп алған Андреас Корнелиустің дәл жанында тұрып, оның қақпаға қарай соққы жасауына еш кедергі келтіре алмады. Содан соң тағы күтпеген жерден 35-минутта Корнелиусті айып алаңы ішінде мойнынан тартып құлатып, қақпаға пенальти белгіленуіне себепкерлік етті. Сол екі аралықта, 17-минутта біздің Ғафуржан Сүйімбаев 30 метрдей жерден доп ұрып, оны қарсыластар торынан бір-ақ шығарып, есепті теңестіріп үлгерді. Бұл голдың соншама керемет соғылғаны сондай, Еуропаның бірқатар газеттерінің ерекше назарына ілікті. Мұның соңы ойын алаң ортасына ауыс­ты. Даттар тек 20-минуттан кейін ғана естерін жинады. Сол сәт Томас Дилэйнидің тепкен добы маңдайшаның үстінен ысқырып өтті. Бұдан кейінгі тепкені Покатиловтың қолынан табылды. Қонақтар бұған Бауыржан Исламханның бір соққысымен жауап қайтарды. Мұның артынша манағы пенальтиге кезек келді. Оны Эриксен дәл ұрып түсірді. Алаң иелері мұнымен тоқтар болмады. Олар 39-минутта тағы бір гол соғып кете жаздады. Ойынның екінші таймында алаңдағы ахуал өзгерген жоқ. Скандинав сарбаздары тағы да алға ұмтылды. Олар 49-минутта біздің қорғаныс шебін бұзып өтіп, гол соғып кетуге шақ қалды. Абырой болғанда, Йоргенсеннің тайталаста алып, жеткізген добын Корнелиус қақпаға қарай ұрған кезде оның жолынан Ахметов табыла кетті. Көп ұзамай Поульсен Корнелиусті ыңғайлы жағдайға шығармақшы болғанда Дамир тағы жолына кесе-көлденең кезікті. Ал 57-минутта Йоргенсен алыс бұрышты нысанаға алды. Бірақ Покатилов мұны да ұстап қалды. 61-минутта Корнелиус дубль жасайтын мүмкіндікті құр жіберіп қойды. 69-минутта біздің қақпашы Поульсеннің қатты соққысын залалсыз етті. Мұның соңынан қазақстандықтар бірер рет жорыққа шығып, шиеленісті қыздыра түсті. Әйткенмен, 78-минутта даттар таразы басын біржола өзіне қарай аударып алып, алаңдағы арпалыстың қарқынын түсіріп тастады. Алдымен Эриксен сол қапталда келе жатқан Риза Дурмисиге доп асырды. Ол өз кезегінде мұны қақпа алаңына қарай жөнелтті. Оған келесі қапталдан жеткен Петер Анкерсен бір соққымен арғы мүйісті солқ еткізді – 3:1. Ойынның соңғы нүктесін қосымша уақыттағы қарсы шабуыл кезінде Эриксен күтпеген жерден қойып берді. Оның айып алаңы сыртынан жіберген добы Покатиловтың дәл жанынан өте шықты. Дәл осы күні «Е» тобындағы Армения топ басындағы Чер­ногорияны қабылдап, тартыс­ты ойында 3:2 есебімен басым түсті. Басында меймандар 2:0 етіп жеңіп тұр еді. Бірақ бұдан кейін де жігерлері жасымаған армян футболшылары қатарынан үш гол соғып, ең ақырында жеңісті тартып әкетті. Ал Польша сырт алаңда Румынияны 3:0 етіп талқандады. Осы ойындардан кейін көш басына 4 кездесуден 10 ұпай жинаған поляктар көтерілді. Екінші орынға 7 ұпайлы черногорлар орналасса, үшінші орынға 6 ұпайы бар Дания жайғасты. Бұдан кейінгі орындарды Румыния (5 ұпай), Армения (3 ұпай) және Қазақстан (2 ұпай) осы реттерімен бөлісіп тұр. Осымен іріктеу турнирінің биылғы кезеңі аяқталды. Ал келесі жылғы кезегі 26 наурызда басталады. Сол күні Қазақстан құрамасы Ереванда армяндармен ұшырасады. Бірақ команданың бас жаттықтырушысы ол күнге жете алмайтын сияқты. Кейбір әңгімелерге қарағанда, Қазақстан Футбол федерациясы қазір оның орнына жаңа бапкер іздестіріп жатқанға ұқсайды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»