28 Қыркүйек, 2016

Мемлекеттік қызметшілер түн ортасына дейін кеңседе отырмауы тиіс

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
alikhan-baymen77Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб пен БҰҰ даму бағдарламасының Сингапурдағы Мемлекеттік қызметті жетілдіру жаһандық орталығы «Мемлекеттік қызмет дамуындағы жаһандық және аймақтық трендтер» атты кең көлемді зерттеуді аяқтады. Осыған байланысты кеше хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов пен Жаһандық орталық директоры Макс Эверест-Филлипс Орталық коммуникациялар қызметінде зерттеудің тұсаукесеріне қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Шараны ұйымдас­тыру­шы­лардың айтуынша, Еуропа, Сол­түстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ, ТМД елдері мемле­кет­тік қызметінің дамуы мен рефор­ма­лануының соңғы жиырма жылдағы негізгі үрдістері осы еңбекте көрі­ніс тапқан. Әлихан Байменов өз сө­зінде мемлекеттік қызмет да­муы­ның бірқатар жаһандық және өңір­лік сипаттағы үрдістерін атап өтті. Бірінші – мемлекеттік қыз­мет­­шілерді іріктеу, қызмет бабында жоға­ры­лату жүйелерінде модель­дер­дің бір-біріне өзара әсер етуі байқа­лады. Бұл мемлекеттік қызметте таза мансаптық немесе пози­циялық модель іс жүзінде қал­мағанын көрсетеді. Әрқайсысының ең озық жақтарын қолдану арқылы осы модельдер бойынша конвергенция үдерісі өтуде. Бұл мемлекеттік басқарудың доктриналық негіз­деріне де тән, деді ол. Оның хабардар етуінше, мем­лекеттік қызмет тиімділігі адам ре­сурстарының сапасына байланыс­ты екендігі баршаға мәлім болған­дықтан, адам ресурстарын басқару сапасына ерекше назар аударылуда. Нәтижесінде іріктеу мен қызмет бабында жоғарылатуда ашықтық пен тазалыққа, мемлекеттік қызметтегі этика мен адалдыққа айрықша назар салу ұмтылысы байқалады. Үшінші – мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік органдар жұмысын бағалауда үдерістер пен рәсімдерге екпін салудан гөрі нәтижелілік пен мақсатты индикаторларға қол жет­кізуге баса назар аударылуда. Бұл мемлекеттік органдарда менед­­ж­мент сапасын жақсарту, жоба менедж­ментін енгізу, жұмыс тиім­ділі­гін бағалау жүйесін жетілдіру ар­қылы көрініс табуда, деді Ә.Бай­менов. Ал Макс Эверест-Филлипс шо­луға сілтеме жасай отырып, мем­лекеттік басқару саласындағы өз­герістер барлық дерлік елдерде біртіндеп орын алып отырғанын атап өтті. Мұның себебі, үш ба­ғыт­тағы өзгерістерге байланыс­ты: бі­рінші – реформалардың тұжы­рым­да­малық идеялары, екінші – қаржы дағдарысы, білімді халық санының артуы, жаһанданудың жоғары қарқыны мен жаңа ақпа­рат­тық технологияларға байланысты өсіп келе жатқан қоғамдық қажет­тіліктер. Үшінші – жаңа тәсілдер арқылы адам ресурстарын басқару саласындағы тәжірибелер, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді монетарлық емес жолмен ынталандыру, деді М.Э-Филлипс. Тұсаукесерде сөз алғандар бұл зерттеу Қазақстанның, хабтың қатысушы елдері және одан тысқары елдерде мемлекеттік қызметті реформалаумен айналысатындар осы саладағы ғалымдар мен сарапшылар үшін пайдалы әрі бірегей дереккөз деп есептейді. Нақтырақ айтқанда, бұл жұмыс реформалардың әлеуе­тін арттыруда аймақтағы мемлекет­тер үкіметтерінің талпыныстарын қолдай отырып, мемлекеттік қыз­мет тиімділігін жетілдіруге бағыт­талған. Сонымен қатар, Макс Эверест-Филлипс Сингапур орталығы мен Аста­на хабы арасындағы ынтымақ­тас­тықтың тиімділігін айта келіп, мемлекеттік қызмет саласын­да белсенділік, елгезектік пен инно­вацияға баса көңіл аудару арқылы ойлау мен құндылықтар трансформациясы саласындағы бірлескен жұмыс маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, олар екі орталық ара­сындағы ынтымақтастықтың, әсіре­се, мемлекеттік қызметтегі страте­гиялық форсайт құралдарын пай­да­лана отырып, «Сенімді бола­шақ бойынша бастамалар» (Empo­wered Futures Initiative) шеңберінде дамушы елдердің 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуіне қолдау көрсету бойынша зор әлеуеті бар екенін атады. Рәсім барысында Ә.Байменов мемлекеттік қызметшілердің жұ­мыс уақыты аяқталса да, түннің бір уа­ғына дейін кеңседе отыруы мем­лекеттік органдардың менедж­ментіндегі өзекті мәселенің бірі еке­ніне тоқталды. Бұл жерде бір­неше мәселе бар, деді ол осы жө­нінде. Лауазым иелері арасында жауап­кершілікті шектеуді жетілдіру қажет. Екіншіден, мемлекетт­ік ор­ган­дардың біразында қағазбастылық басым. Оның айтуынша, кейбір басшылар жұмыстан кейін жиналыс өткізуді ұнатады, жақсы көреді. Сол жиындардың нәтижесі, қайтарымы қалай болатынын зерттеп көру қажет. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»