Фото: karakalpakstan.travel
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы қызметкерлері 4 наурыз күні рейд кезінде Кендірлі шатқалы аумағынан балжегіш аюды байқап, оны видеоға түсіріп алған.
«Бұл оқиға Үстірт қорығы аумағында сирек жануарлардың табиғи ортада тіршілік етуі жалғасып жатқанын көрсетеді», дейді табиғат қорғау мамандары.
Балжегіш аю (лат. Mellivora capensis) – сусарлар тұқымдасына жататын жыртқыш. Денесінің ұзындығы 68-75 см, құйрығы 17-20 см болады. Алдыңғы аяқтары қысқа, табандары кең әрі жер қазуға бейімделген өткір тырнақтары бар. Қарын тұсы қара-қоңыр түске, арқасы ашық реңге боялған. Бұл жануар көбіне ымырт пен түн мезгілінде белсенді, ал салқын маусымда күндіз де қозғала алады.
Балжегіш аю – талғампаз емес жыртқыш. Оның қорегіне омыртқасыздар мен ұсақ омыртқалылар – кесірткелер, ұсақ құстар, құмтышқандар, кірпілер және тасбақалар кіреді. Сонымен қатар өсімдіктердің тамырлары мен жемістерімен де қоректене береді.
Жетісу аумағында сирек кездесетін жыртқыш фототұзаққа түсіп қалған
Аңның бұл түрі негізінен Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Үстірт аумағында таралған. Ол терең шатқалдарды, жыраларды және өсімдігі әртүрлі жерлерді мекендегенді ұнатады. Әсіресе сексеуіл, боялыш және қараған өскен аймақтар ол үшін қолайлы орта саналады.
Балжегіш аю жылына бір рет көбейеді. Суық кезеңде қысқа мерзімді ұйқыға кетуі мүмкін, бірақ толық қысқы ұйқыға кетпейді.