28 Қыркүйек, 2016

Ақпараттық әріптестік байланысты байытады

647 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
astrakhan-forum-konsul-sentyabr-2Каспий маңы елдері журналистерінің екінші  медиафорумына қатысушылар осындай ұйғарым жасады Өткен аптада Ресейде, дәлірек айт­қанда, еліміздің батыс аймағындағы Атырау, Батыс Қазақстан және Маң­ғыстау облыстарымен шекаралас Астрахань қаласында ІІ Каспий медиафорумы жұмысын аяқтады. Оған Каспий теңізінің жағалауындағы бес мемлекет – Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан және Ираннан 300-ге жуық БАҚ өкілі қатысып, медиа­нарықты дамыту, ортақ ақпарат­тық кеңістік құру, бір-бірімен ақпарат­пен бөлісу мәселелерін кеңінен тал­қыға салды. Каспий маңы елдерінің ақпараттық ресурстары бір-бірімен алмасу үшін келісімге қол қойды. Бұл медиафорум Астраханьда екінші рет өткізілді. Медиафорумды ұйымдастыруға Астрахань облысының үкіметі мен Каспий маңы елдерінің редакциясы ұйытқы болыпты. Олардың теңіз жағалауындағы бес елдің жур­на­листерін бір алаңда пікір алмасуын көздеген қадамына Ресей Феде­ра­циясының Байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі қолдау білдірген. Министрдің орынбасары Алексей Волиннің пікірінше, ІІ Кас­пий медиафорумы – шеру секілді шара емес, керісінше, медианарықты дамы­туға септігі тиетін пікірталас алаңы. Сол се­бептен болар, форумға қаты­су­шы­лар ара­сында еркін пікір алмасу, бір-бірі­мен ақ­парат бөлісудің сан алуан жол­дарын қа­растырған қадамы жасалды. – Форум алаңында әркім өз бақытын жасаушы секілді көрінеді. Алайда, әлдебіреуді күтудің қажет емесін түсінуіміз қажет. Әркім өзінше әрекет етіп, ынтымақтасудың нақты жобаларын ұсынуы тиіс, – деді Ресей Федерациясының Байланыс және бұқаралық коммуникация министрінің орынбасары Алексей Волин. – Бізде үлкен Каспий бар, әр деңгейде жүргізіліп жатқан диалог та бар. Біздің міндетіміз – осы диалогқа өз деңгейімізде қосылу. Бүгінгі форум БАҚ өкілдерінің шеберлігін шыңдауына таптырмайтын алаң екені даусыз. Мәселен, сайт – қағаз түріндегі нұсқада көрінбейтін ақпараттық лента, қысқа мәтіндер, түрлі-түсті фотолар. Сол себептен, мультимедия қағаздағы мәтінді интернет-сайтқа жай ғана көшіре салу емес. Медиафорум қарсаңында Астра­хань­да жазғы журналистика мектебі жұмыс жасады. Онда «Экономиканың жоғары мектебі» ұлттық зерттеу университетінің оқытушылары Тина Тихомирова мен Роман Абрамов жас­тар үшін журналистика мен медианың даму үрдістері туралы лекция оқыды. Олар сонымен бірге, ақпарат берудің жаңаша тәсілдерін де әңгімелеп берді. Ал Астрахань мемлекеттік универ­си­тетінде «Russia Today» телекана­лы бас директорының кеңесшісі Ти­на Бережная ақпарат саласындағы қыз­ме­тін енді бастағандар мен тәжірибелі жур­налистерге  шеберлік сағатын өт­кіз­ді. Оның пікірінше, ақпарат бе­рудің тәсілі көп. Өз ісін сүйетін журналистер оқырманға шынайы ақ­парат беруге талпынады. Рас, әр басы­лымның ұстанған бағыты әрқилы болуы мүмкін. Электронды БАҚ-тар да солай. Бәлкім, елдің көкейіндегі дөп басар ақпаратты әрқайсысы әртүрлі бергенмен, бәрінің де түпкі мақсаты бір, яғни, қоғамға толыққанды әрі шынайы ақпарат ұсынуды көз­дей­тіні дау тудырмайды. Пушкин атын­дағы Орыс тілі мемлекеттік инсти­ту­тының проректоры Михайл Осад­чий коммуникациялар қауіпсіздігі мәсе­лесін қозғады. Оның айтуынша, бұл мәселенің журналистердің барлы­ғына, әсіресе, саяси және танымал қайраткерлердің өмірін, тұлғалық бей­несін сомдаушыларға да қатысы бар. Дәл осы күні бес мемлекеттен келген БАҚ өкілдері өздерінің бейне­ро­ликтерімен, медиажобаларымен бөлісті. Елі басқа, тілі басқа болғанмен, әрқайсысы өз елінің жетістіктері, әсіресе, инвестициялық тартымдылығы мен туристік мүмкіндіктері туралы айтты. Өздерінің медиажобалары туралы кеңінен әңгімеледі. Өзге ел­дің журналистері әсіресе, Астанада өт­кізілгелі отырған ЭКСПО-2017 көр­месіне қызығушылық танытты. Сонымен бірге, Қазақстанның медиа­нарығына жыл басында қосылған ATPress.kz ақпараттық порталы мен «Кас­пийские новости» халықаралық ақпа­раттық порталы арасында өзара ын­ты­мақ­тастық, біріккен медиажобаны іс­ке асыру жөнінде келісім жасалды. – Атырау мен Астрахань облыстары шекаралас болса да, осы кезге дейін бірлескен медиакеңістікте байланысы жоқ екендігі таңданыс тудырды. Енді екіжақты келісім жасалғанына қуаныштымын. Бұдан былай жемісті жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ақпараттық әріптестік байланысымызды байыта түсеріне сенемін, – деп мәлім етті «Каспийские новости» халықаралық ақпараттық порталының жетекшісі Давид Агаджанян. Оның пікірінше, Каспий маңы елдеріндегі әріптестердің бір-бірімен ынтымақтасуы қызғылықты жобаларды бірлесе іске асыруға жол ашады.  «Каспийские новости» порталын ашудағы басты мақсат – Каспий маңы елдерінің медиаресурстарын біріктіріп, осы елдердегі экономикалық, саяси және гуманитарлық үрдістер мен елеулі оқиғалар туралы жаңалықтарды бірыңғай ақпараттық кеңістікте жариялау. Жобаны іске асыру үшін порталдың Қазақстан, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан елдерінде онлайн режімдегі арнаулы тілшілер желісін ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге, Ресейдің Каспий теңізі жағалауындағы үш өңірінде, атап айтқанда, Астрахань облысы мен Қалмақ және Дағыстан республикаларынан да ақпараттар порталда жарияланады. Осылайша, аталған жоба арқылы Каспий маңы елдері арасында іскерлік және гуманитарлық байланыстардың бұрынғыдан да беки түсуіне үлес қосу көзделіп отыр. – Каспий – бұл кең ауқымды ре­сурстық мүмкіндік. Теңізді көмкеріп жат­қан елдер ондағы ресурстарды өн­діру, өңдеу, тіпті, экспорттау үшін ке­лісімге келуге ұмтылуда. Осы аймақ­тарда тұрып жатқан адамдар да ын­тымақтастықтың қажеттігін түсінуі қажет, – дейді бұл ретте профессор Иосиф Дзялошинский. – Осы орай­да журналистер жаңа контент қалыптастыра алады. Медиафорумның аясында «Каспий арманы» халықаралық конкурсының бір жүлдесі атыраулық журналист Надежда Шильманға табысталды. Бес елдің 100-ге жуық журналистерімен бірге «Прикаспийская коммуна» газеті­нің бөлім меңгеруші болып істейтін әріптесіміз де конкурсқа «Держим связь с казахами везде» атты сұхбатын ұсыныпты. Оның Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының төрағасы Өтепберген Әлімгереевпен жүргізген сұхбатында Қазақстаннан тысқары елдерде тұратын қазақтардың тыныс-тіршілігі, қиындықтары туралы айтылған. Сонымен бірге, Ресейдің Астрахань өңіріндегі қазақ диаспорасы осы сұхбатта кеңінен қамтылыпты. Халықаралық конкурсқа түскен ма­териалдар алуандығымен ерек­ше­леніпті. Конкурсқа қатысушылардың бәрі де Каспий теңізінің келешегіне алаңдайды. Бірі браконьерліктің белең алғанына назар аударса, тағы бір әріптесіміз теңіздің экологиясына бейжай қарамайтынын байқатқан. Каспийдің сұлулығын паш етуді мақсат тұтқан фотолар да ұсынылыпты. Тіпті, Каспий туризмін дамыту мәселелерін қамтығандары бар. – Журналистің жұмысы әр уақытта шыншылдығымен ерекшеленеді, –дейді осы орайда пікір білдірген Астрахань облысы губернаторының баспасөз хатшысы Наталия Филатова. – Конкурсқа жолданған материалдардың көптігіне әрі мазмұнына  қарай екшегенде, әр деңгейдегі ынтымақтастық пен теңіз экологиясы  бес мемлекеттегі ең ауқымды мәселелердің қатарында еке­нін байқадық. Ал келешекте Кас­пий теңізіндегі туризмді дамыту тақы­­рыбы да кеңінен қозғалатынға ұқсай­­ды. Конкурсқа қатысушылардың геогра­­фиясы кеңейе бастады. Биыл жүл­дегерлерді анықтау қиындау болды... Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ–АСТРАХАНЬ –АТЫРАУ Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ

astraxan-forum-7Қатысушылар лебізі

Андрей ЖУРАВЛЕВ, «National Geographic Russia» журналының ғылыми редакторы: – Қай елде тұрғанымыз маңызды емес, журналистік ынтымақтастық қажет. Ал ол үшін жиі-жиі бас қосып тұру керек. Тек таныстық үшін емес, әрине. Қызғылықты ақпаратпен бөлісу мақсаты көзделгені жөн. Тәжірибе алмасқан дұрыс. Бір-бірімізден осылай үйренеміз. Сол себептен, осындай медиафорум өте қажет. Рас, қазір желілік байланыс орнатуға мол мүмкіндік бар. Мәселен, Каспий маңындағы бес мемлекеттің даму ерекшелігі өзгеше болар, алайда, бұл журналистердің арасына жік салмауы тиіс қой. Конкурсқа ұсынылған материалдардан теңіз экологиясына, биоалуандығына көп назар аударылды. Каспий теңізі ешқашан жойылмайды. Оның фаунасы да, флорасы да кейінгі ұрпағымызға осы күйінде жетеді. Андрей ПОПЕРЕЧНЮК, «Лотос» МТРК-ның шеф редакторы (Астрахань): – Каспий – тұйық теңіз. Бәрі біледі, бәрі солай айтады. Бірақ, экономиканы алға тартып, теңіздің экологиясын, теңіздің маңызын, теңіздің биоалуандығын ұмытып кетеміз. Бәрі де шамамен болуы керек. Калькуляторды қосып, экономикалық пайданы ойлаумен бірге, теңіздің экологиясына көңіл аудару қажет. Бекіре тұқымдас балықтар, итбалық... қауқарсыз ғой. Болашақта мұнай өндіруді, гидроэнергетиканы бақылаған дұрыс. Каспийдей теңіздің келе­шегіне алаңдаған журналистер бүгін медиафорум­да пікір алмасты. Болашақта теңізді сақтап қалу жө­ніндегі ой-пікіріміз осындай форум аясында айтыла береді. Сол себептен, дәл осы форумның әсіресе, жас журналистерге берер пайдасы мол деп есептеймін. Асқар ӘШІМОВ, «Қазақстан Атырау» телеарнаның  директоры (Атырау): – Бұл форум бізге Каспий маңы елдеріндегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасу үшін таптырмайтын шара болды дей аламын. Бір-бірімізбен ақпарат алмастық, тәжірибемізбен бөлістік. Ақпараттық әріптестік орнаттық, шын мәнінде, бұл байланысымызды нығайта түсті. Ирина ИМАМКУЛОВА, «Нейтральный Туркменистан»  газетінің өкілі (Ашғабад): – Каспий  маңы елдерінің арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту үшін БАҚ өкілдері арасында ынтымақтастықтың алғышарты осы медиа-форумда жасалды. Бір-бірін бұрын білмесе де, біздің әріптестеріміз өз еліндегі жаңалығымен бөлісуді көздейді. «Каспийские новости» халықаралық ақпараттық порталын өзара ынтымақтастықты байыта түсуге жасалған дей аламын. Ал медиафорумның болашағы зор, бұл әлі жалғасын табады. Надежда ШИЛЬМАН, «Прикаспийская коммуна» газетінің  бөлім меңгерушісі (Атырау): – Бұл медиафорумға бірінші рет қатыстым. Онда көтерілген тақырыптар мені ойлантып тастады. Каспий маңы елдерінің журналистерін толғандырар тақырыптар ортақ болып шықты. Сол себептен, мұндай медиафорумның жиі өткенін қалаймын. Теңіздің экологиясы, бекіре тұқымдас балықтар туралы жазуда бір-бірімізден үйренеріміз көп. Бізді мұнда Каспий теңізі біріктірді. Әзербайжан, Қалмақ Республикасындағы әріптестеріммен таныстым, сол елдерде Қазақстаннан барып тұратындарды білдім. Олардың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтағаны, отандастарымыздың өмірі мені қызықтырды. Медиафорумнан жаңа таныстар таптым, әріптестеріммен тәжірибемізбен, идеяларымызбен бөлістік.