Жезқазған қаласында «Отбасы банк» ұйымдастырған «Otbasy fest» мерекелік думаны «Адиат» ән-би ансамблінің мың бұралған биімен ашылды. Салтанатты кешке әкімдік өкілдері, қала тұрғындары, банк салымшылары, «Отбасы банк» арқылы баспана алған азаматтар қатысты.
Әр отбасының баспанасы болуы керек. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан азаматтарға бірнеше бағдарлама ұсынылып отыр. «Otbasy fest» жиынында баспаналы болудың мүмкіндігі сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Дархан Мұхан: «Бүгінде «Отбасы банк» АҚ – мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асырушы негізгі институттың бірі. Биыл біраз өзгеріс болды. Жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың тұрғын үйге қатысты функциялары «Отбасы банкке» беріліп отыр. Банк құрылған кезден бастап өңірде филиалын ашып, жұмысын жүргізіп келеді. Облысымыздағы Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында банк өкілдері жұмыс істейді. Банк жергілікті мемлекеттік атқарушы органдармен бірлесіп республикалық бюджеттің қаражаты есебінен салынған арендалық тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтарға бөліп, несиелік тұрғын үйлерді осы банктің бағдарламалары арқылы сату сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Сәтбаев қаласында осы аталған бағытта бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. Үй алуға кезекте тұрған азаматтарды тиісті тәртіппен осы банк қабылдап алды. Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сәтбаев қаласының әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп «Сәтбаев жұмыскер» атты арнайы бағдарламаны жүзеге асырды. Кейінгі бес жылда баспанасы жоқ жұмысшы азаматтар бағдарламаға қатысып, 13 азамат пәтер алды», деді.
«Отбасы банк» АҚ Ұлытау облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Смаилова: «Адамның бір арманы – баспаналы болу. «Отбасы банк» бағдарламаларының пайызы өте тиімді. Осы банкте жұмыс істегеніме он бір жылдан асты. Былтыр Ұлытау облысында облыстық филиал ашылды. Сәуір айынан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Содан бері Ұлытау облысы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам адам баспаналы болды. Өзіңізде үй болғанымен, болашақта балаларыңыз бен немерелеріңіздің де баспаналы болуын қаласаңыз, «Отбасы банк» сіздерге тиімді бағдарламаларын ұсынады. Облыс көлемінде банк бөлімшелері, кеңес беру орталықтары бар. Кез келген уақытта барып, кеңес алып, неғұрлым ертерек депозит ашып қамданса, соғұрлым болашақта пайызы төмен баспана алу бұйырады», деп атап өтті.
«Отбасы банк» арқылы өздеріне ғана емес, баласына да үй алып жатқан салымшылар көпке ой салғандай. Соның бірі ұстаз, көпбалалы ана, мемлекеттік бағдарламаға қатысып жеңілдетілген несиемен баспаналы болған Жанат Жалғасбаева: «Мен «Отбасы банктің» салымшысы болдым. 2017 жылы мұғалім болып жүріп, «Отбасы банктен» шот ашып қойдым. 2018 жылы төртінші балам дүниеге келіп, көп балалы ана атандым. Жезқазғанға келіп, үй кезегіне тұрдым. 2021 жылдан бастап шотқа ақша сала бастадым. Көп балалы ана ретінде 2021 жылдың сәуір айында конкурсқа қатысып «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы (несие бойынша мөлшерлеме – жылдық 5%. ЖТСМ – 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) арқылы «Самсунг» медициналық орталығы жанында бой көтерген жаңа үйлерден екі бөлмелі пәтер алдық. Біз бір үй алып тоқмейілсіп отырған жоқпыз. Үлкен қызымызға Астана қаласынан екі бөлмелі үй қарастырып жатырмыз. «Отбасы банктің» бағдарламасы қарапайым халыққа өте тиімді. Әрбір қазақ үйлі болсын деп тілеймін», дейді.
Мерекелік шараға келгендер баспаналы болуға байланысты пайдалы ақпарат алды. «Отбасы банктің» Ұлытау облыстық филиалының қаржы кеңесшісі Ақтолқын Байқадамқызы банктің даму барысы, бағдарламаларымен егжей-тегжей таныстырды.
«Отбасы банк» 2003 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғам болып ашылды. 2004–2019 жылдары филиалдық, агенттік желіні дамытты. Агенттік желі дегеніміз – кеңесшілер. Кеңесшілер «Отбасы банкте» депозит ашып, халықпен тығыз байланыс орнатады. 2019–2021 жылдар аралығында қашықтан қызмет көрсету орталықтары жақсы жұмыс жасады. Онлайн жүйесінде депозит ашып, несие рәсімдеуге көше бастады. 2021–2022 жылдары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініш тапсыра алатын арнайы онлайн платформаны іске қосты. 2023–2024 жылдары мобильдік қосымшаны дамыту, онлайн ипотека, баспана порталы арқылы жұмыс жасау қолға алынды. Банк депозит жүйесінде жұмыс істейді. Депозит ашу тегін, комиссия жоқ.
Бұл жерде салымшының жинап жүрген қаржысына 200 айлық есептік көрсеткішке дейін шоттағы жинақ сомасының 20% мөлшеріндегі жыл сайынғы мемлекеттің сыйақысы, банктен 2% сыйақы беріледі. Салымшы үш жылда қаржының 50%-ын жинаса, қалған 50%-ын банк несие ипотека ретінде рәсімдейді. Салымшы несиесін әрі қарай ай сайын төлеп отырады. Депозитті үш жылдан он бес жылға дейін жинақтаса болады. Депозит толыққанды жиналғаннан кейін 6 жылдан 25 жылға дейін несие рәсімдеуге болады. Айталық, депозитті Жезқазған қаласында ашқан салымшы болашақта еліміздің кез келген қаласынан үй ала алады.
«Отбасы банк» Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жұмыс істей бастады. Мұнда Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы еліміз балаларының арнайы жинақ шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Мысалы, 2024 жылы әр балаға 100 доллар түссе, 2025 жылы 132 доллардан түскен. Сол ақшаны бала 18-ге толған кезде екі мақсатта пайдаланады. Бала оқу орнына түскенде, оқу ақысын төлеуге болады. Грантқа оқуға түскен жағдайда ол ақшаны «Отбасы банктен» депозит ашып соған салып, әрі қарай үйінің алғашқы жарнасы ретінде пайдалана алады. «Отбасы банкте» 20 жылға дейін, жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін ала алады. Бірнеше бағдарлама бар, әр бағдарламаның шарты әртүрлі. Баспана депозиті бар. Ең аз жинақтау мерзімі үш жыл. Төмен пайыздық мөлшерде үй алуға тиімді.
Банктің қаржы кеңесшісі несие рәсімдеудің үш түрі: тұрғын үй заемы, аралас заем, алдын ала заемға да тоқталып өтті. Тұрғын үй заемында ай сайын қаражатыңды салып отырып, үш жылда елу пайызын жинасаң, табысты растамай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бес пайыздан қалаған қаладан бірінші, екінші нарықтан баспана аласың. Екіншісі аралық заем – 50 де 50. Аралық заем сыйақы мөлшерлемелері – жылдық 6%-дан 8,5%-ға дейін. Алдын ала заемда депозитте тұрғын үйді сатып алуға қажетті соманың небәрі 10%-ы бар салымшыға алуға болады.
Мәселен, 2-10-20 мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаcына көпбалалы, І, ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отырған отбасылар қатыса алады. Үйдің 10%-ын салады, 2%-бен, жиырма жылға дейін несие рәсімдеуге болады. 5-10-20 тұрғын үй бағдарламаcына кезекте тұрған кез келген санаттағы адамдар қатыса береді. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемеcі – 5%, бастапқы жарнасы – 10%, несиені 20 жылға дейін рәсімдейді.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы Ұлытау облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Абдырашқызы: «Қазірде үй кезегінде тұру «Отбасы банктің» құзырына берілді. Атқарушы орган, яғни әкімшілік үй салады. Жезқазған қаласындағы «Самсунг» медициналық орталығы маңында жаңа үйлер салынып жатыр. Сол үйлер осы 5-10-20 тұрғын үй бағдарламасымен (кредит бойынша мөлшерлеме – 5%; бастапқы жарна – 10%; кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін) беріледі. Сонымен қатар «Наурыз» мемлекеттік ипотекасы бар. Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Әкімдікте үй кезегінде тұрғандар сыйақы мөлшерлемесі 7%-бен қатыса алады. Заемның ең жоғары сомасы Астана, Алматы қаласында 36 млн теңге, қалған өңірлерде 30 млн теңгеге пәтер алуға мүмкіндігі бар. Салымшы өзі тұрған жергілікті қаладан алғашқы нарықтан үй алады. Сәтбаев сияқты шағын қалаларда екінші нарықтан үй алуға болады. Бұл жерде ең басты шарт – үй алушының, отбасы мүшелерінің кейінгі бес жылда атында үйі болмауы керек. Депозитте екі миллион теңге қаражаты болса, «Наурыз» бағдарламасына конкурсқа қатысады. Бұл бағдарламамен елдің кез келген қаласынан баспаналы болады», деді.
2023 жылдан бастап «Отбасы банк» пен Ұлытау облысы әкімшілігі бірлесіп «Ұлытау жастары» өңірлік бағдарламасын іске қосқан. Оған облыстың 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатысып, 5%-бен пәтер сатып алып жатыр. Қазірде осы бағдарлама аясында өңірде 100 отбасы үйлі болды. Биыл да жалғасын табады. Алғаш рет Сәтбаев қаласында «Сәтбаев жұмыскер» атты өңірлік бағдарлама жүзеге асырылып, оған кәсіпорында жұмыс жасайтын арнайы санаттарға сәйкес келетін жұмысшылар қатысады. Бастапқы жарна – 10%, есептік мөлшерлемесі – 5%. Мұнда да үй алушының, отбасы мүшелерінің атында кейінгі бес жылда үй болмауы керек.
«Сәтбаев жұмыскер» өңірлік бағдарламасымен ең алғаш баспаналы болған, Жыланды кенішінде электрдәнекерлеуші болып істейтін Гүлжанат Бозбаева: «2019 жылы «Отбасы банкте» шот аштым. Басында ақшаны аздап салдым. Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы «Отбасы банк» кеңесшілеріне барып, солардың кеңесіне жүгіндім. Олар «Сәтбаев қаласы әкімдігінің «Сәтбаев жұмыскер» бағдарламасы бар, соған қатысып көріңіз», деп кеңес берді. Екі миллион жинаған қаражатым бар еді. Осы қаражатымды еселеп, бастапқы жарнамды төлеп, Сәтбаев қаласында 2023 жылы салынған үйден 90 шаршы метр пәтер алдым», дейді.
Кешке қатысушылар қажетті ақпарат алып қана қоймай, арнайы концерттік бағдарламаны тамашалады. Викториналық сұрақтарға жауап беріп, «Отбасы банк» ұсынған сыйлықтарды иеленді.
Ұлытау облысы