• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:37

«Мотақан» мінген «ботақандар»

20 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары ауылдарда аттың орнына мотоцикл тізгіндейтін болды. Қойға да, ойға да қолайлы. Бағасы қолжетімді. Бүйірінен бір теуіп, міне салатын көлікті халық әуелде ауызекі тілде «мотцик» деп атаса, кейіннен «мотақан» деп еркелетіп алды. Бертін қала көшелерінде мотоциклдің жеңіл түрі – электрскутер тізгіндеген жасөспірімдер көбейді. Жоғары жылдамдықты «мотақан» мінген «ботақандардың» қауіпсіздігіне кім жауап берер екен деген алаңдаушылық басым. Президент те Жолдауында осы мәселеге баса назар аудару керектігін айтты.

«Сондай-ақ электрсамо­каттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу тал­қы­ланып жатыр. Екі жыл бұ­рын жаяу жүргіншілер жолы­мен жүруге шектеу қоятын заң­на­малық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де аза­мат­тарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі – қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар» деген Жол­дауда Мемлекет басшысы.

Әлбетте, бүгінгі ұрпақтың амандығы – ертеңгі елдің аман­дығы. Сондықтан ең әуелі баланың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Соның өзінде дүкендерде қаз-қатар тізіліп тұрған электрскутер саудасы қызып тұр. Жазға салым тіптен қызады. Бауыр еті баласын қуантқысы келген әке-шеше сатып алып береді де, соңынан сан соғып жатады. Жыл басынан бері елімізде самокат салдарынан болған жол-көлік оқиғасының саны 153-ке жеткен. Бұл былтырғы­мен салыс­тырғанда, екі есе көп. Оның көбі Алматы мен Астана қалаларында тіркелген. Одан 173 адам жарақат алса, олардың тең жартысы – кәмелеттік жасқа толмағандар. Соңы қайғылы жағдайға ұласқан оқиға бар. Ал Шығыс Қазақстан облысында электрсамокат пайда­ла­нушылардың қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Оның бесеуінде зардап шеккендер – самокат тізгін­дегендердің өздері.

– Аталған көлік құралын қол­дану кезінде жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Электрсамокат – ойыншық емес, толыққанды көлік құралы. Ол ерекше мұқияттылық пен тәртіпті талап етеді. Пайдаланушылар жол қозғалысы ережелерін сақ­тап, белгіленбеген жерден жолға шықпауға, қорғаныс құралда­рын қолдануға, сондай-ақ жаяу жүр­гіншілер өткелі мен қиылыстарға жақындағанда аса сақ болуға тиіс, – дейді ШҚО ПД АСБ бас маманы Айсұлу Мұхамедқалиева.

Жасөспірімдер ғана емес, курьерлер де қос дөңгелекті электрскутер тізгіндеген. Әрине, қаланың ұзын-сонар кептелісінде ыңғайлы. Бірақ қауіп өте жоғары. Жоғары жылдамдықпен соқтығысқан жағдайда адамның аман қалуы екіталай. Оның үстіне, кейбіреуі жаяу жүргіншілер жолағына шығып тағы қауіп төндіреді. Жалпы, олар үшін арнайы жол жасақталмайынша, қалаішілік қозғалыстарға қолайсыз. Оны жүргізушілер де айтады.

– Көлік тізгінінде жүргелі отыз жыл болды. Бұрын велосипедті қағып кетпейік, жаяу жүргіншіні жазатайым етіп алмайық деп жал­тақ­таушы едік. Қазір жан-жағыңнан зу-зу ете түсетін электрскутерлерден қорқамыз. Былтыр ағындатып келіп, көлікке соғылып, өзі омақаса құлап жатқан жағ­дайдың да куәсі болдық, – дейді кәсіби жүргізуші Қайрат Қамалиев.

Шығыс Қазақстан полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, электрсамокаттар­ды пайдалану кезіндегі құқық­бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргі­зіледі. Құқық қорғау қызмет­керлері жасөспірімдермен де, ересек пайдаланушылармен де тұрақты түрде профилактикалық әңгімелер өткізіп, қауіпсіз қозға­лыс ережелерін және оларды сақтамаған жағдайда туындайтын жауапкершілікті түсіндіріп жүр. Қазіргі уақытта әкімдік өкілдері мен «КикшерингKZ» компаниясымен бірлесіп, самокаттарды жалға беру қызметінің жұмысын реттеу және жол қозғалысы ережелерін сақтауға бақылауды қамтамасыз ету шаралары талқыланып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 14 әкімшілік хаттама толтырылып, 54 самокат айыппұл тұрақтарына қойылған. Прези­дент атап өткендей, бұл тұрғыда заң күшейсе, жүгенсіз жүрген жүргізушілер тыйылады. Сонда ғана самокат сан соқтырмайды. Оның бәрі – «мотақан» мінген ботақандардың ертеңі үшін атқары­лып жатқан шаруа.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар