• RUB:
    6.64
  • USD:
    488.37
  • EUR:
    559.77
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:08

Елордадағы инженерлік табыс

Елордадағы «Автокомпоненты KZ» зауыты арнайы техника өндірісін жүйелі жолға қойып келеді. Онда коммуналдық техникадан бастап өрт сөндіру көлігіне дейінгі түрлі қондырғы құрастырылып, жергіліктендіру үлесі артып жатыр. Кәсіпорын тәжірибесі отандық машина жасау саласындағы жаңа мүмкіндіктерді айқын көрсетеді.

Сарыарқа ауданындағы өндіріс аймағына аяқ басқан сәттен-ақ жұмыстың қызу қарқыны байқалады. Бір жерде металл кесіліп, енді бір жерде жаңа техниканың қаңқасы құрастырылып жатыр. Осы өндірістік алаңдағы маңызды жобалардың бірі – «Автокомпоненты KZ» зауыты. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқар­масының, сондай-ақ «Астана даму орталығы» ЖШС қолдауымен іске қосылған кәсіпорын бүгінде елор­­даның өнеркәсіптік әлеуетін артты­руға үлес қосып отыр.

Көпшілік арнайы техниканы дайын күйінде көреді. Ал оның артында қаншама инженерлік есеп, технологиялық шешім мен жұ­мыс­шы еңбегі тұрғанын аңғара бер­мейді. Бұл кәсіпорында фургондар, коммуналдық-жол техникалары, өрт сөндіру машиналары, вахталық автобустар мен түрлі арнайы қондыр­ғылар шығарылады.

Цех ішіне кіргенде өндірістің бірнеше кезеңі қатар жүріп жатқа­нын байқайсың. Лазерлік станоктар металл табақтарды дәлдікпен кесіп жатыр. Арғы бетте болашақ фур­гонның қаңқасы дәнекерленіп жатыр. Бір цехта панельдер дайындалса, келесі бөлікте бояу мен құрастыру жұмысы жүргізіледі.

Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директор орынбасары Эдгар Бенда өндірістің қалыптасу тарихына тоқталды.

«Бастапқыда компания импорт­тық жабдықтарды жеткізумен айналысты. Кейін осындай өнімдерді өз елімізде өндіруге болатынын түсіндік. Сөйтіп, өз өндірісімізді іске қостық. Қазір фургондарды толық циклмен шығарамыз. Бұрын мұндай өнімдердің басым бөлігі сырттан әкелінетін еді», дейді Эдгар Бенда.

Кәсіпорын нарықта он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істей­ді. Кейінгі жылдары өндірісті жергі­лік­тендіруге ерекше көңіл бөлін­ген. Бү­гінде фургон техникасы өндірісіндегі жергілікті қамту үлесі 70 пайыздан асқан.

Зауытта коммуналдық қызмет­терге арналған түрлі техникалар мен арнайы жабдықтар да құрас­тырылады. Қазір мұнда «Көпір» меке­месіне арналған жылжымалы автожөндеу шеберханасы дайындалып жатыр. Арнайы көлік ішінде жөндеу жұмысына қажетті құрал-жабдықтың бәрі қарастырылған.

Өндіріс алаңында жүріп, қазір­гі заманғы технологиялардың өн­діріс үдерісіне қалай енгенін анық бай­қайсың. Лазерлік кесу құрылғылары мен автоматтандырылған жүйелер өнім сапасын арттырып қана қоймай, жұмыс өнімділігін де еселей түскен. Зауыттағы еңбек мәдениеті де назар аудартады. Цехтар жарық әрі таза. Қызметкерлер қауіпсіздік талаптарына сай арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Демалыс орындары да қарастырылған.

Бүгінде кәсіпорында елуге жуық адам еңбек етеді. Алдағы жылдары жұмысшы санын екі есеге жуық арттыру жоспары бар.

Алайда өндірістегі негізгі мәсе­ле­лердің бірі – білікті кадр тапшы­лығы. Сондықтан жаңа мамандардың көпшілігі жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, қайта даярлықтан өтеді.

Зауыт қызметкері Руслан Гари­фуллиннің мамандығы – механик. Бүгінде ол механикалық-құрастыру жұмысының слесары ретінде еңбек етеді. «Еңбегіңнің нәтижесін көрудің өзі ерекше сезім береді. Бүгін құрастырған техникаң ертең ел игілігіне қызмет етеді. Оның үстіне тұрақты жұмыс пен лайықты жалақы адамға сенімділік береді», дейді жұмысшы.

Мамандардың айтуынша, мұн­дай кәсіпорындардың маңызы жыл сайын артып келеді. Өйткені олар дайын өнім шығарып қана қой­май, инженерлік тәжірибені қалыптас­тырады, жаңа жұмыс орындарын ашады әрі өңдеу өнеркәсібінің әлеуе­тін күшейтеді.

Зауыт ауласынан шыққан кезде бір нәрсе анық сезіледі. Мұнда жай ғана техника құрастырылып жатқан жоқ. Бұл кәсіпорында тәжірибе жинақталып, жаңа өндірістік мәдениет қалыптасып келеді. Металл мен механизмнің арасында ел өнеркәсібінің ертеңі де шыңдалып жатқандай әсер қал­дырады.

Соңғы жаңалықтар