• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 08:55

Жанар атты жалқы кейіпкер хақында...

Жазушы атаулы кез келген туындыдағы кейіпкер аттарын аспаннан алып қоя салмайды. Көркем шығарманың мәтініне мән үстеп, оқырман санасында ғана өмір сүретін жандардың есімінің астарында біз біле бермейтін тосын құпиялардың жатуы әбден мүмкін.

Бердібек Соқпақбаевтың қазақ аудиториясын былай қойып, әлемнің біраз еліне та­нылған «Менің атым Қожа­сын­дағы» сотқар Қожаның сүйік­тісі Жанар естеріңізде ме? Хи­каятты оқып отырып, еріксіз тентек Қожадай өз Жанары­ңызды ойлайсыз. Бір кездері «Менің оған шын ғашық еке­нім­ді, мүмкін, Жанар білмес. Білсе, ол Жантаспен неге солай отырады? Сондықтан мен оған айтуым керек бәрін де. Үл­кейгенде кім болатынымды, менен басқа ешкімді Жанар сүймеуі керектігін – бәр-бәрін жасырмай айтуға тиіспін» деп өз-өзін қайрайтын Қожаның кейпінде болғаныңызды мо­йындайсыз. Тіпті осы хикаят негізінде түсірілген фильмдегі Жанардың шахмат ойнап отырғандағы бейкүнә болмысы, «мақтаншақ Қожа, мақтаншақ Қожа» деп секіріп, өзіне ғашық баланы ашуландыратын тәтті қылығы, мектептен қуылғалы тұрған бұзақы сыныптасын ақтап сөйлеп, жылап қалатын сәті көңіліңізге көлбеңдеп келе қалары да анық. Осы бір туын­ды жарық көргелі жарты ғасырдан асса да, тұлымшағы желбіреген Жанар атты қыз оқырмандарын өмір сүруге іңкәр етіп келеді.

Қожаның жүрегін дір еткізген бұл қай Жанар? Шынайы өмірде жазушыны ғашық қылған Жанар есімді қыз болған ба? Осы бір сауалға жауап бермес бұрын ағылшын қаламгері Чарльз Диккенс, орыс классиктері Толстой мен Достоевскийлер де кейіпкерлерінің аты-жөні олардың әлеуметтік ортасын, шыққан тегін немесе мінезін білдіретіндей етіп таңдағанын айта кету парыз. Ал қазіргі заман жазушысы Дж. К.Роулинг мектепте бірге оқыған сыныптас-тары немесе өз таныстарының есім­дерін көркем туындыға енгі­зіп жіберудің шебері саналған.

Соқпақбаев та жоғарыда айт­қан қаламгерлер секілді кейіп­­керге есім бергенде кейіп­кер  мі­незіне сай, өмірде бол­ған, жа­қын таныстарының атын таң­дағанын байқаймыз. Мәсе­лен, Қожа мен Сұлтанның образы­на қарасаңыз, елдің бола­шақ Қо­жасы мен Сұлтанын көрген­дей боласыз. Ал біз сөз етіп отыр­ған Жанар деген – Бердібек Соқ­пақбаевтың бала кездегі алғаш­қы махаббатының емес, ту­ған қы­зының аты. Бұл сөзімізге «Өл­гендер қайтып келмейді» ро­ма­нындағы мына бір эпизодтар дәлел:

«Айналамда пыш-пыш, қор-қор етіп, балаларым, əйелім ұйық­тап жатады. Бұл кезде қо­лым­да енем де бар. Бір қора жан­быз. Зағипа Алматыға ке­лі­сі­мен бо­санып жəне бір қы­рық жеті тауып берген. Атын Жа­мал­ға ұйқастырып Жанар деп қойғанбыз».

«Енем осы кезде мұнда емес. Ол өзінің баяғы айтқанынан қайт­паған. Жаз шығысымен кіші қызым Жанарды алып, Павло­дарға еліне кеткен. Қазір мұнда мен, Зағипа, Жамал үшеуміз ғанамыз».

«Жанаржаным əлі сол Павло­дарда əжесінің қолында. Біз, За­ғипа екеуміз, Жанаржанды əбден сағынып біттік. Енем күш­пен тартып алып кеткендей қай­ғыланып, əзер шыдап жүрміз».

«Жан алғыш Әзірейілден қашып тығылғандай босағадағы бір кісілік төсектің үстінде енем жалғыз өзі бір уыс боп бүрісіп, үнсіз отыр. Жанар көрінбейді... Сорлағанымды жаңа білдім. Жанарды құшуға дайындап келген құшағыммен қара жерді құша өкіріп, төр алдына құлай кеттім... Қызылша шығып ауырып, Жанар осы жуырда содан қайтыс болыпты. Суық хабар су­маңдап Алматыға жеткенде, мен мұнда тың аралап жүрмін».

Міне, осы бір үзіктерден-ақ жазушының қызы жастай шетінеп кеткенін, әке байғұс туған перзентінің қабіріне бір уыс топырақ сала алмай аһ ұрып қалғанын байқайсыз. Яғни жазушы «Өлгендер қайтып келмейді» романында шынайы өмірді жазып отыр. Қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева берген Жанардың мына бір суреті біздің осы сөзімізді дәлелдей түседі. Мұқағалидың тілімен айтсақ:

«Құлпытастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!.

Қойман, ботам.

Керегі не көк тастың», дегеніндей Бекең «Менің атым Қожа» шығармасында Жанардың қайталанбас образын сомдап, өз ұрпағына мәңгілік қабырғасы сөгілмейтін құлпытас орнатыпты. Тіпті  1979 жылы жазушының «16 жасар чемпион» хикаяты негізінде таспаланған «Чемпион» атты көр­кем фильмдегі басты кейіп­кер Мұраттың да ғашығының аты Жанар болуы қаламгердің қал­тарыста қалған өмірінен аз сыр ашпайтынын аңғарамыз.

Соңғы жаңалықтар