• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:40

Шетелдік компанияның зауыты ашылады

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Valmont Industries» компаниясының Еуразия және Латын Америкасы бойынша аймақтық вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцман бастаған делегациямен кездесті.

Жиында елімізде суармалы егіншілікті дамыту, заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу және механикаландырылған ирригациялық жүйелердің әлемдік ірі өндірушілері мен дистрибьюторының бірі VALLEY/Valmont Industries жаңбырлатып суару машиналарын біздің елде де құрастыру жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Серік Жұманғарин ­суармалы жерлер аумағын кеңейту агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік саясат басымдығының бірі екенін жеткізді.

«Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуеті зор екенін білеміз. Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, ирригациялық заманауи техника өндірісін дамыту біз үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде «Valmont Industries» компаниясының жобасы қызығушылық тудырып отыр. Ол отандық фермерлерге қажетті жабдықты жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Бүгінгі таңда VALLEY суару машинасын елімізде құрастыруды жүзеге аспақ.  Өндірістік алаң отандық «Имсталькон» АҚ холдингінің базасында құрылған. Онда «кеден қоймасы» және «еркін қойма» режімі бар аймақтар секілді қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. 

Жоба қазірдің өзінде әлеуетін танытып, нарықта жоғары сұранысқа ие. Тек Қараған­ды облысында шамамен 250 жаңбыр­латып суару машинасын өндіруге бағытталған келешегі зор жобалардың портфелі қалыптас­тырылды. Бұл 25 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суаруға мүмкіндік береді. 

Кездесуге қатысушылар өндірісті жергіліктендіру жабдықтарды жеткізу мерзімін қысқартуға, оған отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік беретінін әрі  Қазақстанда су үнемдеу технологиясы мен суармалы егіншілікті дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысында Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен,  әкімдіктермен бірлесіп, өндірісті жергілікті жерде ашып, фермерлердің заманауи ирригациялық техникаға қол жеткізуін арттыруда инвесторлармен жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар