«Әйгілі Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын білмейтін әрі оқымаған көзіқарақты қазақ оқырманы аз шығар», деп бабыменен бастайды әңгімесін Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті азаматы Асқар Бектенбайұлы ақсақал.
«Сонда Майра Абаева (шын фамилиясы Ыбыраева) деп кітапта аты тура, фамилиясы (тегі) жанама берілген. Неге дейсің ғой? Ұлттың ұлы ақыны Абайдың шын есімі Ибраһим (яғни қазақша үндестікте Ыбырайым). Енді алып қарасаң былай: бақталас жауы, кейін кеңдік пейілін білдірген досы Оразбай «Құнанбайдың Ыбырайы» деп оны кіжіне, табалай атап кететін тұстары Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан айқын аңғарылады. Әз-ағаң анық соны ескерген де, Майра әпкеміздің фамилиясын романда осылайша берген.
«Енді сол Майраны қашан әрі қайда көрдіңіз?» деген сұрағыңа жауап берейін.
Әкеміз Бектенбай Қойшыманұлы – Майра мен Уәтайдың жан жолдасы, дос-жарандарының бірі. Олармен танысуымыз 70-жылдардың ортасында басталды. Жамбылда (Тараз) тұрғандарында әкеммен қонаққа бірге барғанмын. Жас кездегідей жайнаған Майра әпкеміз болмаса да, ішкі мінезі көрікті, болмысы берік, көңілі жүйрік, өзі сөзуар жан еді. Педучилищеде сабақ беріп жүрген кездері. Жан жары сұрапыл соғысты бастан кешіріп, елге келген. Бертінгі уақытта аудандық кинофикация бастығы болатын. Жас шақтарындағы әсем әңгімелерінің майын тамыза, тарқата айтады.
Жарым Фатиманың әке-шешесі – қайын атам Әбіт пен Оңласын енем де Майраның үй-ішімен араласып тұрған.
Майраның бейнесі бар мына бір сурет артындағы жазуға қарасаң, шағын бір сыр тартар сөздері былайша: «2. Джамбул. 1964 г. Х Памха т к Асилов» (бұл жазулар және фамилия асты көк қалам сиясымен жазылған да сызылған). Суретте Оңласын енем сол жақта.
Жеке мұрағатымда сақталып тұрған осы суреттің оң жағындағы Майра әпкеміз бойжеткен қыздай құлпырып, күлімдей жайнап кеткені керім.
Көздері кеткенменен, артында қалған үбірлі-шүбірлі бала-шағасымен әлі де болсын араласып келеміз.
Енді осы естелікті аяқтау мақсатында кезінде әйгілі ҚазМУ-да курстас болған Әз-ағамыз бен Майра әпкеміз арасындағы достық қарым-қатынастың мына бір белгісін аңғарып көрейікші:
«Майрамен кітап шыққаннан кейін тағы бір кездестім. Сол жолы: «Мынау Майра деп отырғаны мен шығармын деп, көңілім тасып, аяқ басысым шапшаңдап, қыз күніме жетпесем де, келіншек күйімдегідей халге келдім. Бес балам ержетіп, өз алдына отау болғанда солардың үйлерінің бірінші жасауы – мүлкі болсын деп бесеуіне арнап бес кітап сатып алдым. Алтыншысы мына Уәкең екеуміздікі. Осыларға автограф жазып бер», деп Майра алты кітапты алдыма жайып тастады.
– Осы Майраның шын сөзі, шын сезімі, – деп жолдасы басын изеді.
– Кітабым жастардың жасауына жараса, неге автограф бермейін, – деп, мен оның біріншісіне мынадай сөздер жазып, қолымды қойдым: «Бұл кітапты осы романдағы тікелей өз атымен атаған кейіпкерім, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда университеттің азынаған аудиториясында аш отырып, бірге лекциялар тыңдаған ескі досым, қазіргі педагог, асыл ана Майра Ыбыраева мен оның жан жары, абзал азамат Уәкеңе шын жүректен сыйладым.
1 декабрь 1970 ж.
Жамбыл қаласы».
(«Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы қалай жазылды? (Оқырмандарға жауап) Ә.Нұршайықов. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Бірінші том. Алматы, «Қазығұрт», 2005, 347–348-беттер).
Бекжан БЕКТЕНБАЙ
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы