• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Жарыс күнделігі

Үш сайыстан түрлі жас ерекшелігі бойынша Сюйчжоуда (Қытай) өткен Азия чемпионатының алғашқы күні еліміздің әнұраны екі мәрте шырқалды. U-17 жарысында Рамазан Әйнегов, U-15 сайысында Ясмина Бузуртанова алдына жан салмады. Келесі күні құрамында Гор Депершмидт, Альхам Мұрат, Калерия Шнейдер, Алуа Нұрмұхамет сынды спортшылары бар команда (U-17) аралас эстафетада қолаға қол жеткізді.

Гуардамар-дель-Сегурада (Испания) мүмкіндігі шектеулі шахматшылар арасында турнир ұйымдастырылды. Оған 15 мемлекеттен келген 44 үміткер қатысты. Жарысты еліміздің құрамасы 9 жүлдемен қорытындылады. Әсел Амангелді екі рет алтыннан алқа тақса, Бақытжан Майкенов пен Аружан Байділдә да дәл сондай құрметке бөленді. Сондай-ақ отандастарымыз 3 күміс пен 2 қола медальды қоржынға салды. 5–11 шілде күндері Калиде (Колумбия) жалауы желбірейтін жастардың әлем чемпионатында еліміздің үш ауыр атлеті күш сынасады. Олар – жасөспірімдер арасында Азия ойындарының жеңімпазы Нұржан Жұмабай (88 кг), сол жарыстың қола жүлдегері Нұрсила Берікбол (58 кг), жастардың әлем біріншілігінде үшінші орын иеленген Ернұр Мырзахмет (79 кг). Қыркүйек айында теннистен Лэйвер кубогі өтеді. Сол жарыста Әлем құрамасы сапында Бен Шелтон (АҚШ, АТР №5), Алекс де Минаур (Аустралия, №6), Тэйлор Фритцпен (АҚШ, №9) бірге біздің Александр Бублик те (№11) өнер көрсетеді. Олар құрамында Карлос Алькарас (Испания, АТР №2), Александр Зверев (Германия, №3) Флавио Коболли (Италия, №10), Якуб Меншик (Чехия, №16) сынды саңлақтары бар Еуропа командасына қарсы ойнайды. Қазіргі бессайыстан Мажарстан астанасы – Будапеште өткен Әлем кубогінің кезеңдік сайысында отандастарымыз сәтсіз өнер көрсетті. Ең үздік көрсеткіш Темірлан Әбдірайымовқа тиесілі. Жартылай финалда сүрінген ол 16-орынды қанағат тұтты. Қалған спортшылардың нәтижелері тіпті төмен. 25 шілдеде Алматыда өтетін кәсіпқой бокс кешінде Әли Ахмедов (25-2, 17 КО) ОАР-дың өкілі Асемахл Веллеммен (11-2-1, 6 КО) күш сынасады. Бұл жекпе-жекте IBO нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтың чемпиондық белбеуінің иегері анықталады. Швейцарияның Ньонында футболдан 2027 жылы жастар арасында жалауы желбірейтін Еуропа біріншілігінің (U-19) іріктеу турнирінің екінші кезеңінің жеребесі тартылды. «А» тобына түскен жерлестеріміз Бельгия, Шотландия, Косовоға қарсы ойнайды. Бұл бәсекелер 11–17 қараша аралығында Шотландияда өтеді. Бадминтоннан ел құрамасы Еревандағы «European Youth Gran Prix» турнирінде бес жүлде олжалады. Жалғыз Арслан Ормановтың өзі үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол жекелген сайыс­та алдына жан салмаса, жұптық, аралас жұптар бәсекесінде қола медальға ие болды. Вероника Моисеенко бір күміс, бір қола медаль еншіледі. 19 маусымда Үндістанның астанасы – Нью-Делиде семсерлесуден Азия чемпионаты басталады. Бес күнге созылатын бәсекеде еліміздің 23 нояны өнер көрсетеді. Олар – Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Никита Жулинский, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, София Николайчук, Дарья Самоделкина (шпага); Артём Саркисян, Бақдәулет Құралбекұлы, Жанат Нәбиев, Назарбай Саттархан, Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Қайша Жаныбек, Анастасия Гулик (қылыш), Темірлан Қалиев, Ғалым Нұрымов, Тимофей Семенов, София Ақтаева, Алёна Гноева, Алина Искандерова (рапира). 
Соңғы жаңалықтар