Мұнайлы өңірдің Ресей Федерациясымен шекарадағы Құрманғазы ауданында Ерсейіт Бралин деген алып күш иесі тұрады. Ол сәрсенбі күні теміржол рельсімен жеті вагонды 9,75 метрге сүйреп, ел рекордын жаңартты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт сөндіруші биыл 36 жасқа толыпты. Шекара қызметінде әскери борышын өтеген соң, 2013 жылы Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасқан. Қазір бөлімше командирі болып жұмыс істейді.
Ерсейіт Бралиннің айтуына қарағанда, бала кезінен қазақ күресіне аңсары ауған. Гір тасын да көтереді. Кейінгі үш жылдан бері білек күшін толықтыратын өзге де спорт түрінен жетістікке жетіп жүр. Мәселен, 2023 жылы пауэрлифтингтен Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бір жылдан соң Қырғыз Республикасында жалауы желбіреген әлем чемпионатында 100 кг салмақта топ жарып, чемпион атанды. Былтыр Өзбекстанда күштік спорт түрлерінен өткен әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді. Сол жылы пауэрлифтингтен Азия чемпионатының алтынын еншіледі. Ал биыл аталған спорттан Қазақстан чемпионы болды.
«Спорт – мықты денсаулықтың кепілі. Сол себептен спорттан қол үзбей келемін. Ұдайы білек күшімді толықтыратын жаттығулар жасаймын. Теміржол вагондарының салмағы ауыр ғой. Оны сүйреу үшін табандылық, шыдамдылық қажет. Екі жыл бұрын 94 тонна тартатын вагонды сүйреген едім. Енді биыл жеті теміржол вагонын 9,75 метрге дейін сүйредім. Жеті вагонның салмағы – 165,2 тонна», дейді Е.Бралин.
Алып күш иесінің ел рекордын жаңартқан қадамы елеусіз қалған жоқ. Жеті вагонды сүйреген Ерсейіт Бралиннің бұл жетістігі Қазақстанның «КИнЭС–2026» рекордтар кітабына тіркелді. Бұл деректі еліміздегі рекордтар кітабына тіркеу жүргізетін өкіл Бақытжан Тастүлеков растап, өрт сөндірушіге арнайы куәлікті тапсырды.
Атырау облысы