• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәселе Кеше

Ертіс суы азайып барады

Жаздың аптап ыстығы басталмай жатып еліміздегі ең ұзын су артериясы – Ертістің деңгейі күрт төмендеп кеткені байқалып отыр. Өзен жағалаған жұрт арна одан әрі тарылып, аймақта экологиялық апат туындай ма деп алаңдайды.

Бұған дейін Абай об­лысы­ның халқы Ертіс өзенінің деңгейі күрт төмендеп кеткенін айтып, мәселе көтерген еді. Бұл келеңсіздік мамыр айының соңғы күндері өзеннің төменгі ағысы – Павлодар аумағында да байқала бастады. Бұған дейінгі жылдары өзеннің кейбір әсем тұс­тарында су кемеріне келіп, то­лып тұратын. Алайда биыл ар­на­ның төмен түсіп кеткені, ағы­сы баяулап қалғаны көзге ұрып тұр. Тұрғындар бұл жағдай Ертіс өзенінің жайылмаларына теріс әсер етіп, экологиялық қиындық­ туындатып жібере ме деп қауіптенеді. Арнаның тарылуы су жануарлары әлеміне, егін шаруашылығына, өзендегі кеме қатынасына айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін.

Мәселенің мәнісін Су ресурс­тары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекция­сы басшысының орынбасары Елеу­сіз Қамбаровтан сұрап білдік. Ма­ман­ның айтуынша, өзенге төніп тұрған қауіп жоқ. Дегенмен, оның арнасы былтырғыдай болмайды.

«Ертіс өзенінің суы көктемгі ери­тін қар суы мен бүйірлік ағын­дардың қорына тәуелді. Шүлбі суқоймасы жыл бойы өзенге су жіберіп, арнаның деңгейін ұстап тұрады. Бұл өзеннің экологиялық жағдайын қалыпты ұстауға әрі кемелер навигациясын қолдауға аса маңызды. Алайда биыл көк­тем­де Шүлбіге айтарлықтай су құйыл­мады. Көктемде Ертіс өзеніне босатылған судың орнын толтыру мақсатында Шүлбіден шығатын судың жылдамдығын секундына 500 текше метрге дейін азайтуға мәжбүр болдық. Мұндай мөлшер тек 2 тәулік бойы ғана ұсталып тұрды да, норманы қайтадан қалып­ты деңгейге – 600-650 текше метрге дейін көтердік. Осы күнде­рі Ертіс өзені жағалауындағы Шүл­біге ең жақын орналасқан Семей қаласында су деңгейі күрт аза­йып кеткені байқалды. Бірақ бұл жағдай Павлодар облысына аса әсер етпеуі керек. Се­бебі өзенге жолай құйыла­тын өзен­дер бар», дейді инспекция өкілі.

Шүлбідегі су деңгейі қазір 238 метрді көрсетіп тұр. Бұған дейінгі жылдары ол деңгей 239-240 метр болған. Яғни су жетіспеушілігі бар. Өткен қыста Шығыс Қазақстанның таулы жерлеріне ылғал аз түскен. Әдетте мамыр айының соңына таман таудағы еріген қар суының екінші легі Шүлбіге құйылатын. Алайда биыл ондай молшы­лық байқалмай тұр. Таудағы қарлардың барлығы ерте еріп кеткен. Сондық­тан суқоймасының деңгейі одан әрі артатынына сенім аз.

«Павлодар облысында өзен арна­сының күрт төмендеп кетуіне әсер ететін факторлар көп. Ең әуелі оған жолай құйылатын сағалары әсер етеді. Мәселен, суы мол Шаған өзені осы уақытта арнасына сыймай тасып, құйылып жататын. Өкінішке қарай, биыл оның суы да азайып қалғаны анықталды. Екіншіден, өткен күз бен биылғы көктем мезгілдері құрғақ жағдайда өтті. Жер тойын­ба­ған соң, өзен суының көп бөлігін сіңіріп алады. Шүлбіден үнемі беріліп тұратын (секундына 600-650 текше метр) су арнаның деңгейін көтереді деп айта алмаймыз. Себебі ол өзен суын қалыпты деңгейде ұстап тұруға арналған. Шүлбіден су үнемі босатылмаса, Ертісте кемелер жүзе алмайды», деп қосты Е.Қамбаров. Маман Шығыс Қазақ­стан, Абай өңірлерінде маусым айы жаңбырлы болатын болса, Шүлбіге жиналатын судың деңгейі артатынын, соған орай Ертіске босатылатын судың көлемі де өсетінін ескертті.

Осылайша, кейінгі жылдары үзбей жалғасқан құрғақшылық су мәселесінің одан әрі күрделене беретінін дәлелдей түсіп отыр. Биыл Ертіс өзенінің жайылма­лары тіршілік нәріне жары­май, ша­бындық проблемасы кесе көл­денең шықса, айлақтар­дағы жүк кемелері де судың шамадан тыс төмендеп кетуінен әдеттегі бағыттармен жү­ре алмай, қиналуы мүмкін. Өзен бойында гидробекеттердің жетіс­пеушілігі тіршілік нәрінің көле­мін шамалауға да мүмкіндік бермей отыр. «Қазгидромет» РМК өңір­лік филиалының басшысы Галина Шпактың айтуынша, өзен Шығыс Қазақстаннан облысы­мызға кіргеннен бері қарай 250 шақырым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Жалпы, облыста өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандарында орналасқан. Мамандар Ертіс пен өзге су айдындарының экожүйесін нығайтуға жедел кіріспесек, аймақ­та үлкен экологиялық апат­тар орын алуы ықтимал деп есептейді.

Түйіндей айтсақ, алдағы жылдары су айдынын сақтау бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынбаса, Ертіс өзенін жаяу кешіп өтуіміз мүмкін. Облыс халқының басым бөлігі, ірі кәсіпорындар өзеннің суы арқылы күнелтіп отыр. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы каналдың өзі де толықтай Ертіске тәуелді екенін ұмытпағанымыз абзал.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар