• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 07:53

Жетісудағы медицинаның соны белесі

Талдықорған қаласындағы облыстық кардиологиялық орталықта алғаш рет жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауыратын науқасқа жасанды сол жақ қарынша (LVAD) орнатылды. Жергілікті білікті мамандардың жеке тәжірибесінің нәтижесінде операция сәтті өтті. Бұл – Жетісу облысының медицина саласындағы тарихи оқиға.

Бұған дейін мұндай жоғары тех­нологиялы операция­лар негізінен рес­пуб­ли­калық деңгейдегі орталық­тар­да ғана жасалып келсе, енді өңір тұр­ғын­­дары күрделі медициналық кө­мек­ті өз облысында ала бастады. Төрт сағатқа созылған операцияға Жетісу кардиологиялық орталығы мен Астана қаласындағы «Жүрек орта­­лығының» мамандары қатыс­ты. Жалпы саны 15 медицина қызметкері жұмылған күрде­лі хирур­гиялық араласу сәтті аяқ­тал­ды. Бұл – бір ғана операция­ның нәтижесі емес, жылдар бойы қа­лып­тасқан тәжірибе мен өңірлік меди­цинаның жүйелі дамуының жемісі.

Облыстық кардиологиялық орта­лықтың директоры Нұрсана Сурашевтің айтуынша, мұндай технологияларды енгізу жергілікті тұрғындарға жоғары технологиялы медициналық көмектің қол­жетімділігін арттыра түседі.

«Бұл біздің ұжым үшін үлкен кәсіби тәжірибе болды. Алдағы уақытта осындай күрделі операцияларды жергілікті мамандардың өздері де толық көлемде орындай алады деп сенеміз. Ең бас­тысы – жоғары технологиялы меди­циналық көмекті халыққа жақын­дату. Әр науқастың сапалы ем алуға алысқа сабылмай, өз өңірінде қа­жетті көмекті алуына жағдай жасауымыз керек», дейді орталық басшысы.

Жасанды сол жақ қарынша жүрек бұлшық еті әлсіреген кезде оның қызметін қолдап, ағзадағы қан айналымын қамтамасыз етеді. Мұндай құрылғы көбіне жүрек трансплантациясын күтіп жүрген немесе жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарға өмір сыйлайтын мүмкіндік ретінде қарастырылады.

Бүгінде облыс көлемінде жүрек-қан тамырлары ауруларымен диспансерлік есепте 90 мыңға жуық адам тұр. Олардың арасында жоғары технологиялы медициналық араласуды қажет ететін науқастар да бар. Сондықтан мұндай операциялардың өңірде қолға алынуы мыңдаған тұрғын үшін маңызды жаңалық. Осы ретте «Жүрек орталығының» №2 кар­дио­хирургиялық бөлімінің мең­герушісі Светлана Новикова да бұл бастаманың әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды.

«Бұрын мұндай диагнозы бар науқастар міндетті түрде Астанаға немесе басқа ірі қалаларға жолданатын. Бұл науқастың өзіне ғана емес, отбасы мүшелеріне де үлкен салмақ түсіретін. Енді тұрғындар емдеу, бақылау, оңалту қызметтерін өз өңірінде ала алады. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, адамдардың өмір сапасына да оң әсер етеді», дейді кар-диохирург.

Жалпы, кейінгі жылдары өңірде кардиологиялық қызмет қар­қын­ды дамып келеді. Ашық жүрекке жасалатын операциялармен қатар, аз инвазивті емдеу тәсілдері де кеңінен енгізілуде. Атап айтқанда, ауыр аритмияларды емдеуге арналған үш камералы кар­диовертер-дефибрилляторлар ор­нату, сондай-ақ митралды қақ­пақша жеткіліксіздігін ашық операциясыз түзетуге мүмкіндік беретін MitraClip технологиясы сәтті қолданылып жатыр.

Әрине, өңірдегі медицина саласында маман тапшылығы мәсе­лесі әлі де өзекті. Әсіресе жоға­ры технологиялы бағыттарда тәжірибелі дә­рігерлерге сұраныс жо­ға­ры. Де­генмен, соған қара­мастан, жер­гілікті мамандар респуб­ли­ка­лық орталықтармен тығыз байланыс орнатып, жаңа технологияларды меңгеріп, күрделі операцияларды жүзеге асырып келеді.

Облыс әкімі баспасөз қыз­метінің мәліметінше, жыл басынан бері об­лыс­тық кар­диологиялық орталық­та коронарография, стенттеу, арит­мияны емдеу бағытында 1200-ден астам жоғары технология­лы медициналық қызмет көр­се­тіл­ген. Бұл көрсеткіш – өңір меди­ци­на­сындағы оң өзгерістердің нақты көрінісі.

Талдықорғанда алғаш рет жа­сал­ған жасанды қарынша имплан­та­циясы – бір науқастың ғана емес, тұтас өңір медицинасының жетістігі. Жергілікті дәрігерлердің кәсіби әлеуеті өсіп, заманауи медицинаның мүмкіндіктері облыс тұрғындарына бұрынғыдан да жақындай түскенінің айқын дәлелі.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар