• RUB:
    6.64
  • USD:
    488.37
  • EUR:
    559.77
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 08:00

Ең бастысы – жұрт амандығы

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде өткен салтанатты іс-шарада медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Жиында өңір басшысы кейінгі үш жылда облыста 115 медициналық нысан салынғанын, бүгінде тағы 25 нысанның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.

«Өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Медициналық ұйымдар 1 548 заманауи­ құрал-жабдықпен толықтырылды. Жоғары технологиялық құрыл­ғылар іске қосылып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жедел жәрдем қызметіне 60 санитарлық автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы берілді. Осылайша, шалғай ауылдардағы тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік жасалды. Кадр даярлау ісі де назардан тыс қалған жоқ. Жергілікті бюджет есебінен 297 дәрігер-резидент даярланды. Биыл ауылдық жерлерге барған 73 жас маманға мемлекеттік қолдау көрсетіледі», дей келе, облыс әкімі медицина қызметкерлеріне ел амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еселі еңбектері үшін шынайы алғысын білдірді.

Облыстың 80%-ға жуық халқы ауылда тұрады. Осы орайда өңірдің денсаулық сақтау саласында ауыл халқына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сапалы қызмет көрсету, аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп келеді. Мысалы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында әзірленген үлгілі жобаларды қайта қолдану арқылы былтыр ауылдық елді мекендерде 35 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандары, Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы пайдалануға тапсырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, биыл 21 медициналық-санитарлық алғашқы көмек, 4 жедел жәрдем нысандары салынып жатыр. Бұдан бөлек, облыс аумағында 4 ірі медициналық нысан – Сарыағаш қаласында 300 төсектік орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында 570 төсектік орындық көпбейінді аурухана, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қоры тарапынан демеушілік есебінде қаржыландырылатын Түркістанда жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед Бен Заид әл-Нахаян атындағы 80 төсектік орындық перзентхана салынып жатыр.

«Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру мақсатындағы Ұлттық жоба аясында бірқатар міндет жү­зеге асырылады. Мысалы, ауылдық елді мекендерді нормативтерге сәйкес МСАК ұйымдарымен қамтамасыз ету бағытында 49 нысан салынды. Ауыл тұрғындарына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету ұлғайды. Бұл орайда Жетісай, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш аудандық ауруханалары көпбейінді орталық аудандық аурухана ретінде жаңғыртылды. «Мектеп медицинасын дамыту тұжырымдамасының жобасы» аясында мектептердің медициналық кабинеттері 20 стоматологиялық қондырғы, 348 дефибриллятормен қамтамасыз етілді», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Медициналық ұйымдарда «Жасанды интеллектіні қолдану арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру» жобасын іске асыру аясында PACS-жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бірыңғай байланыс нөміріне меди­цина­лық шақыртуларға арналған дауыстық роботтарды қосу, Түркістан қалалық орталық ауруханасына Сerebra-ми инсультін автоматтандырылған диагностикалауға арналған бағдарламалық жүйесін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өңір тұрғындары кәсіби біліктілігін, кішіпейілдігін, ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалап отырған басқарма басшысы А.Байдуәлиевтің мәлімдеуінше, ең жаңа, күрделі, бірегей медициналық технологияларды қолдана отырып, 2024-2026 жылдар аралығында облыс көлемінде 375 жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген. Атап айтқанда, 38 бүйрек, 4 бауыр трансплантациясы, 28 экстра-интракраниалды васкулярлы шунтирлеу, 26 интракраниальды артерияларға тері арқылы стентті имплантациялау, 138 бас, мойын тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы немесе окклюзиясы, 17 автоматты кардиовертер/дефибрилляторды имплантациялау жамбас, тізе алмастырғыштарын ревизиялау сынды операциялар жасалған.

«Облыстың 2 миллионнан астам халқына қазіргі таңда 757 медициналық ұйым қызмет етеді. Өңірде 24 059 медицина қызметкері ел денсаулығын түзеу жолында тер төгіп жүр. Кейінгі жылдары әлеуметтік маңызы бар қан айналым жүйесінен болатын, онкологиялық аурулар көрсеткіші төмендеп, нәтижесінде облыс тұрғындарының орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті», дейді басқарма басшысы.

Медицина қызметкерлері, сала ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өңір тұрғындары қатысқан салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров үздік атанған медицина саласының өкілдерін марапаттады. Атап айтқанда, 2 маман «Құрмет» орденімен, 1 қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Алғыс грамоталары тапсырылды. Өткен жылдың қорытындысында облыстық негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуында үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті тапсырылды. Сонымен қатар өңірдегі бес оңалту орталығына демеушілер есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға арналған 2 млн теңгелік сертификаттар берілді.

Іс-шара аясында қатерлі дерттен айығып шыққан азаматтар сөз сөйлеп, өз өмірлерін сақтап қалған дәрігерлерге алғысын жеткізді. Елімізге танымал өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар