Enbek.kz платформасындағы нақты ақпаратқа сүйенсек, кейінгі айларда орта білікті мамандарға сұраныс көбейген. Электронды еңбек биржасындағы барлық бос орынның шамамен 46%-ы осы санаттағы мамандарға тиесілі. Жоғары білікті мамандарға сұраныс соңғы айда 27% шамасында болса, біліктілігі төмен кадрлар бос орындардың 27%-ын ғана құрапты.
Мамырда жұмыс берушілер ұзын-саны 104,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілерден 123,3 мың түйіндеме түскен. Алдыңғы айдағы көрсеткішпен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 2,1%-ға өсіп, түйіндеме бірден 15,1%-ға артқан. Салалық құрылымда кадрларға ең көп сұраныс білім саласында тіркелген. Нақты санмен айтсақ, 20,2 мың бос жұмыс орны. Сол секілді өзге де қызмет түрлерін көрсету саласында – 15,5 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 10,7 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 9,5 мың, денсаулық сақтау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 9,4 мың бос жұмыс орны жарияланған. Өңірлер бойынша, ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласы (8,5 мың), Павлодар облысы (7,2 мың), Алматы қаласы (6,7 мың), Ақмола (6,6 мың), Қарағанды облысында (6,4 мың) тіркелген.
Жұмыс іздеушілер арасында әдеттегідей 35 жасқа дейінгі үміткерлер басым. Олардың үлесі барлық түйіндеменің 39%-ын құрайды. 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45-54 жас аралығындағылар – 20%, 55 жастан асқандар – 13% шамасында ғана. Түйіндеме жариялаған әйелдердің үлесі – 53%, ерлер – 47%. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, біліктілік деңгейінде ұсыныс пен сұраныс құрылымы бірімен-бірі сәйкес келеді. Мысалы, түйіндемелердің 42%-ы орта білікті мамандарға тиесілі болса, 31%-ы – жоғары білікті, 27%-ы – біліктілігі төмен жұмыс іздеушілер.
Мамыр айында ұшқыш мамандығына жұмыс берушілер тәуір жалақы ұсынса, жұмыс іздеушілер де қарап қалмай, жоғары жалақы талап еткен. Мәселен, жұмыс берушілер шамамен 1,9 млн теңге көлемінде еңбекақы ұсынса, жұмыс іздеушілердің күткен жалақысы 3,9 млн теңгені құраған. Жоғары еңбекақы ұсынған басқа бос жұмыс орындарының ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі (1,7 млн теңге), жабдықтарды сынау жөніндегі басшы (1,6 млн теңге) бар. Ал жоғары жалақы күтетін үміткерлер арасында бортсеріктер (2,1 млн теңге) мен жақ-бет хирургі мамандары (2 млн теңге) болды.