• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:00

Биыл 2 мыңнан астам адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкен

30 рет
көрсетілді

Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіп келген 2 202 адамға, оның ішінде 1 091 қандасқа және 1 111 қоныс аударушыға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Жыл соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодар облысына – 672 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 532 адам, Қостанай облысына – 330 адам, Ақмола облысына – 215 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 214 адам, Абай облысына – 145 адам, Атырау облысына – 90 адам, Ұлытау облысына – 4 адам қоныс аударған.

Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 396 адам, Моңғолиядан – 310 адам, ҚХР – 286 адам, Ресейден – 52 адам, басқа елдерден – 47 адам келген.

Еңбекке қабілетті жастағы 790 адам ішінен тұрақты жұмыс орындарына 374 адам жұмысқа орналастырылған, 10 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

Қоныс аударушылардың бірі Тамара Айнаддинованың өміріндегі оң өзгерісті атап өтті. Ол өзінің химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін жұмысқа орналасқан.

«Мен Жамбыл облысынан Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылына сонау 2022 жылы көшіп келдім. Қоныс аударуға арналған облыстық квотаға енгізілгеннен кейін көшіп-қону үшін қаржылай көмек, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындарды өтеу үшін субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдауға ие болдым.

Көшуге шешім қабылдағанымызға, қоныс аударушыларға жұмыс тауып беруге көмектесетін, алғашқы қаржылық көмек көрсететін мемлекеттен бағдарлама барына өте қуаныштымын. Мен осы жерде отбасын құрдым», дейді  Т.Айнаддинова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылатынын еске салады:

- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;

- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.