ХХ ғасырда құндылығын жоймаған халық ауыз әдебиетінің ірі өкілі, ақын, жыршы Нұрпейіс Байғаниннің туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Шынында да оның тұлғасы – ұлт әдебиеті тарихындағы ғажап құбылыс. Өмірі де, шығармашылығы да ерекше. Арнайы алған білімі болмаса да, ең бастысы, Ұлы даланың өмірлік, жыршылық, жыраулық өнер мектебінен өткен ол туа біткен талантымен елге танылып, ақын есімін бүкіл кеңес одағы білді.
Нұрпейіс Байғанин атақты ақын-жыраулар мен батырлар өткен өлкеде, қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданында өмірге келген. Ақындық өнерді алғаш рет сол өңірге әншілік, ақындық, домбырашылық талантымен белгілі болған өз анасы Үміттен үйренеді. Бозбала шағында ел аузындағы қисса-дастандарды жұртшылық алдында орындап, бала жыршы атанады. Батыс Қазақстанның Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде жыршылық өнерімен танылып, Абыл, Нұрым, Шернияз, Қашаған сияқты атақты ақын-жыраулардан үлгі алады, олардан батырлық жырларды үйренеді.
Нұрпейіс Байғанин «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Құбығұл», «Төрехан», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты халық сүйіп тыңдаған батырлық және ғашықтық жырларды жас кезінен жаттап алып, кейбір жырларды бүгінге жеткізген атақты жыршы.
«Қобыланды батыр» жырының ел арасында кең тараған отызға жуық нұсқасы болса, Нұрпейіс жырлаған осы эпостың түрі басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқалардан көлемі үлкен, оқиғалы, мазмұнды шыққан. Сол себепті Байғанин нұсқасы әлемдегі бірегей басылым ретінде танылған жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясының 36-томына енді.
Нұрпейіс Байғанинді басқа ақын, жыршылардан оқшауландырып тұратын өзгеше қасиеті – ол эпостық жырлар мен қисса-дастандарды шебер орындаған жыршы, әрі талантты суырып салма, эпик ақын. Көрнекті ақын, әдебиет зерттеуші Ә.Тәжібаев өзінің «Жылдар, ойлар» атты кітабында Нұрпейіс Байғаниннің дарын ерекшеліктері туралы тамсана жазады. 1943 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен КСРО ҒА Қазақ филиалы қарамағындағы Тіл және әдебиет институты (қазіргі Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты) Нұрпейісті сонау Ақтөбеден арнайы шақырып, Әбділда Тәжібаев үйіне қонақ қылады. Сонда ол сан қырлы талантына таңданады. «Біз әдетте «Қырымның қырық батырын» Мұрын жырау айтты дейміз. Ол рас, бірақ бұл батырларды айтқанда Нұрпейісті де бір кезде ұмытпауымыз керек. Нұрекең өзінің «желісінде» осы батырларды жырлайтынын да айтты. Әрине, Мұрыннан Нұрпейістің айырмасы бар. Мұрын «Қырық батырды» жырлаудан аспай қалған (бұл азсынғанымыз емес, шындығын айту). Бұл жағына келгенде орыстың сказительдерін еске түсіреді. Ол – үні жақсы, ұзақ дастандарды жадында берік сақтаған, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұлы еңбек сіңірген ғажайып адам. Бірақ өзі көп білетін бай жырларға өз ақындығын сабақтастыруға онша құлшынбаған. Ал Нұрпейіс тіпті басқаша жаратылған жан. Ол жастай үйренгендерін бүгінге жеткізудің үстіне, өзінің келелі ақындығына да кең жол ашқан. Халық аузындағы «Нарқыз», «Ақкенже» сияқты қызықты аңыз әңгімелерді өз тарапынан, өз атынан жырлап, оқиғаларын да ұзарта толықтырып, меншікті поэмаларына айналдырған. Сонда ол бұл поэмалардың қаһармандарына бүгінгі тұрғыдан қарап, бүгінгі рухтағы қуат беруді де ұмытпаған», деп Нұрпейістің жыршылық, жыраулық, ақындық қасиеттеріне ерекше тоқталады.
Ол заман шындығын көрсеткен «Кектің дауысы», «Қазақбаймен айтыс» атты көлемді жырлар мен өмірдің келеңсіз құбылыстарын сынаған сатиралық өткір де қысқа өлеңдер шығарған. Жыр дүлдүлі, әсіресе, халқымыздың кеңестік замандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістіктерін шабыттана жырлады. 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, туған өлкесі Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілігін, оның әсем табиғаты мен кен байлығын, өркенді өндірісін жырға қосып, жаңа заманға ілесіп, жаңа үрдіспен дамыған халқының жарқын бейнесін суреттейді. «Ғажайып көрмеде», «Өңімдегі жұмбақ», «Қазақстан», «Ұлы Отанның сүйікті ұлы болыңдар» және т.б. өлең-жырлары – осындай тың шабыттан туған отансүйгіштік шығармалар.
Нұрпейіс Байғанин, әсіресе, Отан қорғау туралы көп жырлаған ақын. Ол шығармашылық жағынан әбден толысып, елге кеңінен танылған кемел шағында Ұлы Отан соғысы басталды. Бүкіл жұртшылыққа үлкен сын болған ауыр кезеңде қарт ақын жасының ұлғайғанына қарамастан ортақ Отанға төнген қауіпті өзінің туған өлкесіне тиетін қатердей сезініп, жүрекжарды жырларын жауға қарсы қару етті, заман ағымына сай отаншыл рухтағы өткір өлеңдерге өзгеше өң берді, өзгеше үн қосты. Ақынның соғыс жылдарындағы өлең-жырлары мен эпикалық шығармалары Отан қорғау тақырыбында. Жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін, халықтың қаһармандық күресін шебер бейнеледі. Ақынның нағыз талант шыңына көтерілген шағы осы тұс еді.
Қарт ақын ерлік көрсеткен атақты батырлар туралы көлемді эпикалық дастандар шығарумен де әйгіленді. «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» дастандары Кеңес Одағының батырлары, атақты 28 панфиловшының бірі Нарсұтбай Есболатов пен әйгілі батыр Төлеген Тоқтаров ерліктерін дәріптеуге арналса, «Капитан Гастелло» дастаны ерлікпен қаза тапқан қаһарман ұшқыштың батырлық әрекетін баяндайды. Ақын нағыз батырлар туралы бұл шығармаларында эпостық дәстүрлерді шебер пайдалана білген.
Ақын шығармаларының үлкен беделге ие болғаны соншалық, тіпті сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде Н.Байғаниннің «Қазақстан майданға» өлеңінің негізінде Алматы көркем және хроникалы фильмдер студиясы осы атпен деректі киноочерк түсірген. Бұл фильмді халық майданда да, тылда да үлкен ризашылық сезіммен көріпті.
1938 жылдан бастап Нұрпейіс Байғанинге де әдеби хатшылар белгіленді. Қазіргі Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты басшылығының себепкер болуымен ақынмен алғашында Ахмет Ескендіров деген талантты ақын жұмыс істеген, ол соғысқа кеткен соң Мариям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев және т.б. ақындар Нұрпейіс шығармаларын бірден ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған. Ең үлкен өкініш – Нұрпейіс жырлаған «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және т.б. көптеген жыр жазып алынбаған. Ақынның өзі бұл жөнінде: «Суырыпсалма ақынның өлеңі аққан өзен сияқты ғой, өзеннің ағысын ұстап бола ма, біздің өлеңдеріміз де сол сияқты ағады, кетеді, айтқан кезімізде тақ еткізіп жазып алмаса, ойдан бір шыққан өлең енді қайтып ақынға соқпайды», деп ашығын айтқан екен.
Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, башқұрт халқының ұлт көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған «Естеліктер. Түркістан халықтары мен басқа шығыс мұсылман түріктерінің ұлттық болмысы мен мәдениетін сақтау жолындағы күресі» атты кітабында: «Біз әкемнің өте бай екі қазақ досында бірнеше күн бойы қонақта болдық, олардың есімдері Найза және Нұрпей қажы еді. Нұрпей қажы әкеммен түйдей құрдас болатын, кейінірек ол екеуі Меккеге қажылыққа бірге сапар шекті. Нұрпейдің тұрғылықты мекені Троицкіден шығысқа қарай, Ерқарағай деген жерге жақын орналасты... Нұрпей қажы көптеген халық дастандарын жатқа білді, ерекше талантты ақын болатын. Мен ол кісіден оның біршама өлеңін жазып алдым. Кеңестік билік орындары егде жастағы қазақ ақыны Нұрпейіс Байғанин олардың пайдасына насихат жүргізіп жатқанын жазды. Оның кейбір туындылары тіпті радио арқылы да берілді. Кейін мен бұл ақын Байғаниннің басқа ешкім де емес, дәп біздің Нұрпей қажы екенін кездейсоқ анықтап білдім. Ол нағыз мұсылман және өз халқына шынайы берілген адам болатын. Ол ұлы «Қобыланды» дастанының ең толық та жетілдірілген нұсқасын біліп, жатқа айтты» деп ақын талантына жоғары баға беріпті. Бұл естеліктен бұған дейін айтылмай келген маңызды дерек – Нұрпейіс Байғаниннің қажы болғанын аңғарамыз. Үнемі іздену, үйрену, өсу, өркендеу жолында халық поэзиясын үлкен биікке көтерген жыр жүйрігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.
Серікқазы ҚОРАБАЙ,
Жазушылар одағының мүшесі, профессор