Бүгінде Сырға сырттан келгендердің дені ең алдымен көшеден шашылып жатқан қоқыс көрмегенін сөз етеді. Тек облыс орталығы ғана емес, аудандар мен ауылдарда да айналасын таза ұстауға талпынғандардың қатары көбейген. Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі «Үлгілі елді мекен» жобасы да өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға дем берген бастама болды.
Өңірде осы бағытта 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік кешенді жоспар бекітілген. Жоспардағы жұмыстар аясында бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлер демеушілігімен ойын, спорт алаңдары, демалыс орындары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізіліп келеді. Демеуші жұмсаған 1 млрд теңгеге қаладағы орталық алаң адам танымастай өзгеріп шыға келді. Қазір кеш бата қалалықтар сол алаңға қарай ағылады. Биыл қалалық мәдени-демалыс паркі мен Президент саябағы қолға алынды. Аудан орталықтарында да кәсіпкерлер көмегімен жаңа аллеялар салынып, көшелер кеңейіп, жұрт демалатын алаңдар көбейіп келеді.
Жуырда ғана «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы талқыланған мәжілісте аймақта жасалған санитарлық тазалық жұмыстары бөлінісінің қорытындысы айтылды. Осы арқылы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың қасбетін қалыпқа келтіру, көше, жол бойы тазалығын қамтамасыз ету, жол белгілерін түзету жұмыстары жүйеленіп келеді. Мекемелердің тазалығы, абаттандырылуы, талапқа сай болуы әр аумаққа бекітілген сала басшыларының жауапкершілігінде. Әсіресе халық көп шоғырланатын теміржол мен автовокзалдар айналасы тұрақты қадағаланады. Тазалық қалаға кірер қақпа саналатын осы орындардан басталуы керек.
Жыл сайынғы «Үлгілі елді мекен» байқауы шеңберінде кейінгі екі жылда үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталыпты. Бұдан бөлек, коммуналдық, абаттандыру мекемелеріне 142 арнайы техника сатып алынып, ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Тұрғындарды экологиялық көлік қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 100 жаңа электрмобиль алынып, оларға электр қуатын беретін 16 бекет салынды.
Ортақ істен қалыс қалып жатқандар жоқтың қасы. Әр сенбіде тазалыққа жұмылған жұрт көше тазалап, басқаларға үлгі болып жүр. Қала мен кенттерде қарапайым тұрғындар арасынан ортақ іске үлес қосқандардың көбейгені Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясының ел арасында қолдау тапқанын көрсетеді.
Қоғамдық тәртіпті бақылауда да айналасын ластаушылармен күрес күшейе түсті. Жергілікті әкімдік бастамасымен облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттері дрон көмегімен оқыс оқиғаларды, төтенше жағдайларды мониторингілеу арқылы талдау жұмыстарын жаңа деңгейде жүргізуді қолға алды. Осы бағыттағы үшжақты меморандум өңірдің табиғи, мәдени байлығын сақтауда халықтың мәдени деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек әкімдіктер жанындағы мобильді топ өкілдері де қала мен кенттер тазалығына байланысты рейдтер ұйымдастырып келеді.
Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтар құрудың 2021–2025 жылдарға арналған өңіраралық жоспары бойынша 2021–2024 жылдары 718,1 мың жерсіндірілген көшет отырғызылды. Биыл көктемде олардың қатарына 240 мың көшет қосылды.
Өңірдегі тазалық шараларына 138 мыңнан аса тұрғын қатысып, елді мекендердегі 428 сквер мен саябақ, 186 тарихи-мәдени ескерткіш, 863 әлеуметтік нысан, көшелер бойы тазартылды. Өзендер, көлдер, жасанды су айдындары, субұрқақтар мен арықтарды тазалағандардың да еңбегі бір төбе.
ҚЫЗЫЛОРДА