Биылғы алғашқы алты айда Қарағанды өңірі жаңғыру мен жаңару үрдісінің жаңа сатысына көтерілді. Өнеркәсіптегі өсім, агрокешендегі нәтижелер, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардағы серпінді өзгерістер, кәсіпкерліктің жаңа тынысы – бәрі-бәрі маңызды көрсеткіштерге айналып отыр. «Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде елге есеп берген өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Облыс басшысы алдымен өңірдің басты жетістіктеріне тоқталды.
«2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 9 трлн теңгеден асты, оның 45%-ы өнеркәсіп саласына тиесілі. Биыл бұл көрсеткішті 7%-дан асыру жоспарланып отыр. Жылдың алғашқы бес айында өнеркәсіп өндірісі 2 трлн теңгеге жетті. Өсім – 8,9%. Өнеркәсіп өнімдерінің 78%-ы өңдеу секторына тиесілі екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл бағытта металлургия, машина жасау, химия, құрылыс индустриясы көш бастап тұр. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі – 327 млрд теңге. Оны жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр», деді облыс әкімі Е.Бөлекпаев.
2031 жылға дейін өңірде 108 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деген жоспар бар. Олардың жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайды. Яғни 11 мың жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде 200 млрд теңгеден асатын қаражатқа 36 жоба іске қосылады. Соның арқасында 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Өңір басшысы жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды атап өтті. Бұл қатарда металл бұйымдарын ыстық мырышпен қаптау зауыты, болаттан тік тігісті құбыр шығаратын «ТЭМПО Қазақстан» зауыты, Осакаров ауданындағы «Гиперборея» жел электр стансасы, «Силумин оф Казахстан» компаниясының алюминий радиаторлар зауыты бар. Сонымен бірге осы жылдың ірі жобасы – «Qaragandy Power Silicon» ферросилиций өндіретін кешен.
Биыл Қарағанды, Саран, Теміртау қалаларында үш шағын өнеркәсіп аймағы іске қосылады. Олардың бірі 20 мың шаршы метр аумаққа, «Qarmet Service» базасында орналасады. Шағын қалалар экономикасын әртараптандырудың тағы бір бағыты – туризмді түлету. Балқаш өңірінде туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Көл жағалауын жаңарту, жыл сайын өтетін «Balkhash-TourFest» фестивалі туристер санын 10–15%-ға арттыруға себеп. Балқаш әуежайын қайта жаңғырту аяқталып қалды.
Облыста 99 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бизнесте 245 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр. Жыл соңына қарай шағын және орта бизнестің үлесі өңірлік жалпы өнімнің 22,8%-ына жетіп қалады. Кәсіпкерлерге 15,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді, оның ішінде, 11,6 млрд теңгесі субсидия, кепілдік, шағын несие есебінен берілген көмек.
Сауда көлемі жөнінде облыс республикада 4-орында. Сауда саласын цифрландыру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. «Тeez» маркетплейсі ерекше қарқынмен дамып келеді. Оның 2025 жылға жоспарланған айналымы – 1 млрд теңге. Бұл өткен жылғыдан 6 есе көп.
Аграрлық секторда да айтарлықтай жетістік бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі биыл 64,8 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 46 млрд теңгеге 33 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Аграрлық секторда қолға алынған ірі жобалардың қатарында Нұра ауданында құрылысы аяқталған сүт фермасын мысалға келтіруге болады. Осакаров ауданында 6 мың басқа арналған сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар облыстағы сүт өнімдеріне деген сұранысты толық қамтиды. Мал шаруашылығы, картоп өсіру, суармалы егіншілікте зәкірлік жобалар дамып келеді. Мыңдаған гектар суармалы жерлер ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылды. Сондай-ақ облыста заманауи картоп қоймалары, көкөніс, астық сақтау орындары, қайта өңдеу кешендері салынып жатыр.
Өңір басшысы жыл соңына дейін 545 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін атап өтті.
«Балқаш – Бурылбайтал», «Қарағанды – Қарқаралы» жол учаскелері аяқталуға жақын. «Қарағанды – Жезқазған» бағыты бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. «Достық – Мойынты» теміржол учаскесі өңірдің транзиттік әлеуетін 5 есе арттырмақ.
Қарағанды әуежайын жүк терминалына айналдыру халықаралық жүк рейстерінің санын, соның ішінде Еуропа, Қытай бағытын да арттыруға мүмкіндік береді. Әуежай арқылы жылына 50 мың тонна жүк айналымы өтеді.
«Өңір көлемінде 36 су нысаны салынып, жаңғыртылып жатыр. Бұл 200 мыңнан астам ауыл тұрғынының таза суға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Қосымша Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 11 су құбыры жобасы іске асырылады. Осы орайда газдандыру жұмыстарының да жүйелі жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Қарағанды мен Теміртауда 5 266 үй газға қосылды, тағы 4 323 үйде қосылуға техникалық мүмкіндік бар», деді облыс әкімі.
Аймақта 6 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, тағы 8 мектеп салынып жатыр. Оның алтауы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Сонымен қатар қазіргі уақытта 13 мектеп жөнделіп, 2027 жылға дейін 68 оқу орнына күрделі жөндеу жүргізіледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Олардың 51-і арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен, яғни қайтарылған активтер есебінен жүзеге асады. Қазірдің өзінде 40 нысанның құрылысы аяқталды.
«Біз медицина қызметкерлерін қолдауды күшейттік. Дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы 8,5 млн теңгеге дейін көбейді. Бұл тәжірибе ауылда ғана емес, қалада да қолданылады. Өткен жылы 62 дәрігер тартылса, биыл тағы 70 дәрігер келмек», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі мәдениет саласында да жағымды жаңалықтар бар екенін жеткізді. «Демеушілер қаражат есебінен үш маңызды мәдени нысан – цирк, «Шалқыма» концерт залы, К.Станиславский атындағы Қарағанды драма театрының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Концерттік зал құрылысы әлі де келісілуде. Осы ретте облыстың бейнелеу мұражайын жеке ғимаратқа көшіру мәселесі де шешімін таппай тұр. Қазірде бір нысандармен келіссөздер жүріп жатыр, алайда ол туралы айтуға әлі ерте», деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Брифинг барысында аймақ басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қарағанды облысы