Қоғамның өркениеттілігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға, әсіресе балаларға деген көзқарасымен өлшенеді. Олардың денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – тек ата-аналардың ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Биылғы Астанадағы лифтіде болған оқиға ерекше балалар мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көптеген ата-ана инклюзивті білім беруге күмәнмен қарап, жеткіншектерін ерекше балалармен бірге оқытуына алаңдай бастады. Қоғамда бұл балаларды оқшаулау керек дейтіндер де, оларды толыққанды ортаға бейімдеу қажет деп санайтындар да бар. Біздің өңірде де ерекше балалардың білім алу, медициналық көмек және әлеуметтік бейімделу мәселелері әлі де өзекті.
Кез келген ата-анаға баласының қауіпсіздігі маңызды. Қоғам дені сау жеткіншектердің қорғанысы мен дамуына барлық жағдай жасағанымен, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін бұл жүйе тиімді бола бермейді. Арнайы мектептер, түзету кабинеттері, инклюзивті сыныптар ашылғанымен, олардың қауіпсіздігі мен қоғамға бейімделуі – күрделі мәселе. Көптеген ерекше бала өзін-өзі қорғай алмайды, кейде өз әрекеттерін толық бақылай алмауы мүмкін. Бұл олардың кінәсі емес, тек даму ерекшелігінің салдары. Елді дүр сілкіндірген оқиға қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын күрт өзгертті. Бір тарап ерекше балалардың инклюзивті ортада оқығанын қаламайтынын ашық айтса, енді бірі оларды арнайы мекемелерде оқыту қажет деген пікірде. Себебі ерекше балаларды оқшаулау оларды одан әрі шеттетсе, бақылаусыз қалдыру да қауіпке әкелуі мүмкін. Бұл мәселе ерекше балалардың ата-аналарына да ауыр тиді. Қоғамда оларға онсыз да кедергі көп, ал қазіргі жағдай оларды одан әрі оқшаулауы ықтимал. Осылайша, қоғамда екі түрлі көзқарас қалыптасып үлгерді. Бұл пікірталас инклюзивті білім беру жүйесіндегі осал тұстарының айқын көрінісі.
Өкінішке қарай, біздің өңірде де жыл санап ерекше педагогикалық тәсілді қажет ететін балалар саны артып келеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектердің саны 2000-ға жуық екен. Психикалық-физикалық даму ерекшелігіне байланысты олар қарапайым балаларымен тең дәрежеде мектеп бағдарламасын меңгере алмайды. Мұндай балалар соңғы уақытқа дейін арнайы түзету мектептері мен мектеп-интернаттарында тәрбиеленіп, оқытылып келген еді. Инклюзивті білім беруді енгізу, яғни ерекше балаларды қоғамға кіріктіруге, дені сау қатарластарымен бірге оқуға, қоғамның толыққанды мүшесі болуға көмектесу бойынша реформалар жүргізіле бастағалы олар әдеттегі мектептерде білім алып жүр. Себебі елімізде ерекше қажеттілігі бар балалар өз құрбы-құрдастарымен тең деңгейде білім алуға құқылы.
Мамандардың айтуынша, әр балаға қоғамға пайда келтіруге, оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру – инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты. Елімізде ерекше білім беру қажеттілігі (ЕБҚ) бар балаларға арналған бірнеше оқыту формасы қарастырылған. Инклюзивті білім беру жағдайында жеткіншек жалпы білім беретін мектепте өз қатарластарымен бірге оқиды. Қажет болған жағдайда бейімделген, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі, педагог-ассистенттің сүйемелдеуі сынды жағдайлар жасалады. Осы мақсатта кейінгі жылдары барлық орта білім беру мекемесінде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі құрылды.
Бұл бағытта облыстағы «№2 Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» маңызды рөл атқарады. 2016 жылы мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында ашылған бұл мекеме дамуында ерекшелігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Жыл сайын түрлі бұзылыстары бар 150-200 бала білікті мамандардың көмегін алады. Қазіргі уақытта кабинетке тұрақты түрде 58 бала келеді. Сондай-ақ аталған мекеме дамуында проблемасы бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу қызметін ұсынады.
Түзету кабинетінің басшысы Рита Галиеваның айтуынша, мұнда дамуында ерекшелігі бар балаларға кешенді түзету-педагогикалық көмек көрсетіледі. Мамандар әр баланың дағдылары мен қабілеттерін терең зерттеп, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Функционалдық мүмкіндіктердің халықаралық жіктемесі» (ФМХЖ) құжатына сүйене отырып, жеке дамыту бағдарламасын жасайды. Бұл үдерісте логопедиялық тренажер «Дэльфа», мультимедиялық білім беру кешені «EduQuest», жүйелік дидактикалық материал «Numicon», нейроортопедиялық комбинезон «Фаэтон», Монтессори әдістемесі, құм терапиясы сияқты инновациялық тәсілдері қолданылады.
– Біздің орталықта балалармен арнайы педагогтер, логопедтер, психологтер, әлеуметтік педагогтер және бейімделген дене шынықтыру мұғалімдері жұмыс істейді. Сабақтар жеке және шағын топтарда өткізіледі. Әр баланың ерекшелігіне қарай түзету-дамыту бағдарламасы әзірленеді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті сөйлеу бұзылыстары бар, интеллектуалды дамуында ерекшеліктері бар, қарым-қатынаста қиындық көретін, тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе психикалық дамуы тежелген балаларға көмектеседі. Кабинетке қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) қорытындысы негізінде жүзеге асады. Ал арнайы білім беру ұйымдарына баратын балалар бұл орталыққа қабылданбайды, – дейді мекеме директоры.
Ерекше балаларға арналған қолдау шаралары мектепте де қарастырылған. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Валентика Черныхтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде ЕБҚ бар балалар үшін қосымша қолдау шаралары қолжетімді. Дегенмен олардың толыққанды қамтамасыз етілуі әр мектептің мүмкіндігіне байланысты.
– Бір сыныпта ЕБҚ бар балалардың саны үштен аспауға тиіс деген талап бар. Жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беру жағдайында 150-ден астам арнайы педагог (дефектологтер, логопедтер) және 200-ден астам педагог-ассистент жұмыс істейді. 2029 жылға дейін қосымша 10 инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланған. ЕБҚ бар балалар үшін жеке оқу жоспарлары әзірленеді. Әсіресе 5-9 сыныптарда интеллект бұзылыстары бар балаларға арналған жеке оқу бағдарламасы қарастырылған. Алайда бұл жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін арнайы оқулықтар, әдістемелік құралдар және педагогикалық сүйемелдеу қажет, – дейді маман.
Сонымен қатар маманның айтуынша, өңірдегі 5000-нан астам мұғалім инклюзивті білім беру бойынша арнайы курстардан өткен. Жалпы білім беретін мектептердің 94,5%-ында инклюзивті білім алуға жағдай жасалған. Алайда бұл көрсеткіштер барлық ерекше балаға толыққанды көмек көрсетуге жеткіліксіз.
Облыста ерекше балаларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама болғанымен, олар барлық қажеттілікті толық қамтымайды. Қазіргі таңда бұл жеткіншектер үшін мамандардың жетіспеуі өзекті мәселе болса, олардың қауіпсіздігі де алаңдатарлық жағдай болып отыр. Кейбір ерекше балалар өз әрекеттерін толық бақылай алмайды. Сондықтан олар үшін арнайы сүйемелдеу жүйесі қажет. Қолдау тетіктерінің әлсіздігі олардың қоғамға бейімделуін қиындатып қана қоймай, айналасындағылардың қауіпсіздігіне де әсер етері сөзсіз. Ерекше балалардың жалғыз жүруі олардың өздері үшін де, айналадағы адамдар үшін де қауіпті болуы мүмкін. Олар жол қозғалысы ережелерін түсінбеуі, қауіпті жағдайларды бағалай алмауы немесе стресс кезінде күтпеген әрекеттер жасауы ықтимал. Педагог-дефектолог Айжан Сейітованың пікірінше, ерекше балалар қоршаған ортаға бейімделуде қиындық көреді. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті сүйемелдеу жүйесін күшейту қажет.
Қоғамда дамуы тежелген балаларын инклюзивті орталықтарға бергісі келетін ата-аналар өте көп. Алайда олар балаларына арнайы орталықтардан орын таба алмай жүр. Жекеменшік мекемелерде орын жоқ, ал мемлекеттік қолдау жеткіліксіз. Әрине, жекеменшік ұйымдарда балалармен жеке жұмыс істейтін мамандар болғандықтан, нәтиже баршылық. Сондықтан көптеген ата-ана соларды таңдауға тырысады. Дегенмен орын тапшылығы мен қызмет ақысының қымбаттығы көптеген отбасын тығырыққа тіреп отыр. Мемлекет мүгедектігі бар балаға және оның асыраушысына жәрдемақы төлегенімен, бұл қаражат көбіне ем-дом шығынынан артылмайды.
Мәселен, қаладағы жекеменшік «Качели» психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті орталығында ерекше қажеттіліктері бар балалар дені сау жеткіншектермен бірге білім алады. Мұндай жүйе олардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, қоғамға тез бейімделуіне ықпал етеді. Алайда инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері де жетерлік. Орталық мамандары қазақ тіліндегі оқу құралдарының тапшылығын айтады. Орыс тілінде 100-ге жуық жұмыс дәптері болса, қазақ тілінде тек біреу ғана бар. Бұл жағдай көптеген ата-ананы балаларын орыс тілінде оқытуға мәжбүрлеп отыр. Сонымен қатар еліміздегі инклюзивті білім беру жүйесі негізінен 15-16 жасқа дейінгі балаларға бағытталған. Ал одан кейінгі жастағы жасөспірімдер үшін арнайы бағдарламалар қарастырылмағанын алға тартады.
Мемлекет инклюзивті білім беруді дамытуға жақсы қадамдар жасап келеді. 2021 жылы Мемлекет басшысы осы бағыттағы заңға қол қойды. 2022 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрінің №4 бұйрығы қабылданды. Бұл құжат ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау жүйесін реттейді. Сондай-ақ алдағы уақытта біздің өңірде жаңа оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл мекеме ерекше балалардың әлеуметтік бейімделуін жақсартып, ата-аналарға қолжетімді түзету қызметінің санын арттырады. Бұл өңірдегі ерекше балаларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы