Астанада үш күнге созылған халықаралық жарыс аяқталды. «Арғымақ» ат спорты кешенінде өткен аламанда отандастарымыз тұғыр биігінен көрінді.
Жарыс барысында конкур бойынша Еуразия лигасының әлем кубогі кезеңі (FEI CSI 1*-W), Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнирдің (FEI CDI 1) жеңімпаздары анықталды. Додада Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және елімізден 60-қа жуық спортшы өнер көрсетті. Жарысқа әлем кубогі мен халықаралық турнирлердің бұған дейінгі кезеңдерінде жеңімпаз атанған кіл үздіктер – Еуразия лигасының ең мықты шабандоздары қатысты. Конкурдан Еуразия лигасының әлем кубогі кезеңі Астанада араға 10 жыл салып қайта өткізіліп отыр. Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир алғаш рет ұйымдастырылды.
«Maxima Masters Eurasia» шағын командалық кубогінде (конкур 130 см, 2 айналым) 1-орынды еліміздің ұлттық құрамасы еншіледі. 2-орынды Өзбекстан құрамасы қанжығаласа, 3-орынды Қырғызстан құрамасы жеңіп алды. Гран-при – Еуразия лигасы әлем кубогінің кезеңінде (конкур 160 см) Қырғызстанның мықтысы Камиль Сабитов үздік атанса, 2-орынды да осы елдің спортшысы Ринат Галимов иеленді. Өзбекстандық Хуршидбек Алимджанов 3-орынды олжалады.
Турнир халықаралық ережеге сай, жоғары деңгейде өтті. Жабылу салтанатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жеңімпаздарды құттықтай келіп, мұндай халықаралық жарыстың мән-маңызы зор екенін айтты.
Ат спорты федерациясының баспасөз қызметі Өзбекстан спортшылары Хуршидбек Алимджанов, Бекзот Курбанов, Алина Шевцова, Алена Деревянконың, Қырғызстаннан келген Камиль Сабитов, Ринат Галимов, Екатерина Каркавцеваның, Ресей спортшысы Ксения Хайрулинаның, Армения намысын қорғаған Виген Констандянның, Грузиядан келген Георгий Тохнадзе, еліміздің Олег Соколенко, Нурила Тұрысбекова, Бекжан Байжанұлы, Дайана Онаева, Раиса Соколенко сынды спортшылардың жетістіктерін ерекше атап өтті.