Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірін өзек еткен «Ар адамы. Бауыржан» атты деректі драманың премьерасы өтті.
Жеңістің 80 жылдық мерейтойы мен Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жылдығына орай көрерменге жол тартқан пьесаны белгілі режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналады. Көркем туындының инсценировка авторы – әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің Абай облысындағы меншікті тілшісі Бақытбек Қадыр.
«Бұл – деректі драма. Біздің басты мақсатымыз, соғыс жылдарындағы халық басына төнген нәубет пен трагедияны сахна тілі арқылы қалың көрерменге түйсіндіру. Ел басына күн туған алмағайып заманда нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен батыр Бауыржанның жауынгерлік рухы, әділет пен адамгершілік тұрғыдағы берік ұстанымы кез келген азаматты патриотизмге баулитыны анық. Біз тарихты терең түсіндіру һәм Бауыржандай батырдың тұлғасын таныту арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, адалдық, намысшылдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіре аламыз», дейді режиссер.
Жұлдызбек Жұманбай бұған дейін «Қара», Алтыбақан», «Бопай ханым», «Жусан исі» секілді пьесалармен елге танылған талантты режиссер. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрдың барлық актер құрамы қатысқан қойылымда да сол үдеден шығыпты. Мәселен, тарихи туынды майданда шейіт кеткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталады. Соғыс даласында ажал құшқан сарбаздардың киімдерін шешіп, қару-жарағын сахнада қалдыруы, оны сарбаздардың аналары мен жарлары келіп құшып, жоқтау айтуы секілді адам жанына қозғау салатын көрініс көп. Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығын тойлап, елге Брежнев келіп жатқанда Бауыржан Момышұлының қайтыс болғаны, «Кеңес одағының батыры» атағы кеш берілгені, сахнаның құрмет тақтасына айналып кететіні секілді жайттарды сахна тілінде сөйлетуде режиссер аз ізденбегені көрініп тұрды. Сахна төріндегі қарт Бауыржан мен жас Бауыржанның арасындағы кеңістік те көрерменнің өткен мен бүгінге алма-кезек кедергісіз саяхат жасауына мүмкіндік береді. Осылайша, қойылым авторлары Мәскеу түбіндегі шайқастар, Волоколам тас жолындағы қиян-кескі ұрыс, Панфилов дивизиясының «Гвардия» атағына ие болуы сияқты тарихи оқиғаларды бірінен кейін бірін сәтті өруге жол тапқан. Қысқарта айтқанда режиссердің осындай ұтымды шешімдеріне риза болдық.
«Бұл туындыда Бауыржан Момыш-ұлына қатысты деректерді сүзгіден өткізіп, «елге берері бар-ау» деген оқиғаларды шығарманың арқауы етіп алдық. Әрине, бір қойылым аясында ары мен намысын жанынан артық қойған Бауыржан Момышұлы секілді тұлғаның бүкіл ғұмыр баянын әңгімелеп шығу қиын. Бірақ маңызды оқиғалардың бәрін қамтуға тырыстық», дейді Бақытбек Қадыр.
Бауыржан Момышұлының жас кезін сомдаған Әмірхан Оразбақ осы рөлден соң мінезінде де өзгеріс болғанын, соңғы кездері адамдардың көзіне тіке қарап сөйлейтінін айтады.
«Актердің басты мақсаты – кейіпкердің шынайы болмысын таныту. Сондықтан да атамыздың сөйлеу мәнерін, дауыс ырғағын сақтай отырып, бірбеткей мінезі мен батырлық мысын көрермен жүрегіне жеткізу оңай емес. Мәселен, соғыстан жарадар болып қайтпақ үшін өз қолын өзі атып тастаған жауынгерді Момышұлының жазалайтын сәтін алыңызшы. Бүкіл батальонның алдында қорқақ сарбазды атқызып тастайды. Өзгелерге сабақ болсын деген батырдың ойын, сол сәттегі бірде жібіп, бірде қатаятын психологиясын мейлінше дәл беруге тырыстым», дейді Әмірхан Оразбақ.
Бауыржан Момышұлы өз шығармасында әлгі жазалаған жауынгерінің майдан даласында ерлікпен қаза тапқаны туралы құжат толтырып, жоғарыға есеп бергенін жазады. Осылайша, батыр атамыз сатқындық жасаған сарбаздың елде қалған отбасының қуғын көріп, көзтүрткі болмау үшін басын қатерге де тігеді. Әрине, мұндай тәуекелге «Ар адамы» ғана бара алатыны хақ. Бірақ өкініштісі сол, авторлар осы деректі ескермеген секілді. Яки, олар бұл жайттың басын әдейі ашық қалдырған болуы да мүмкін.
Бауыржан Момышұлы – Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ халқының қандай батыр халық екенін танытқан тұлға. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік жүйенің теперішін көріп, дер кезінде батыр атағын да алмаған оғлан туралы әлі талай сахналық қойылымдар қойылары сөзсіз. Сол қойылымдардың ішінде «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының шоқтығы биік боларына сенеміз.