«Golden Compass Capital» АҚ Тұрар Рысқұлов ауданы аумағындағы алтын өндіру жұмысын 2012 жылы бастады. Жылдар өте келе «Көкқия» секілді бірқатар кен орындарының барлау блоктерінде барлау жұмысын жандандырды. 2019 жылы барлау блоктарын бөлу жөніндегі конкурсқа қатысып, «Талдыбұлақ», «Восточный», «Талдыбұлақ золотой», «Қайыңды» секілді блоктарды барлауға арналған лицензияны иеленді.
2023 жылы жалпы құны 5 800 млн теңгені құрайтын 343,8 кило алтын өндірсе, өткен жылы жалпы құны 6 931,2 млн теңгені құрайтын 434 кило межесін бағындырды. Кәсіпорын сондай-ақ қайырымдылық іс-шараларына да белсенді қатысады. Пандемия кезінде «Әулие-Ата парызы» қоғамдық қорына – 5 млн, «Элай Құлан» мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігіне – 600 мың, аудандық орталық ауруханаға 12 млн теңге қаражат аударды. Көпбалалы отбасының үйін жөндеуден өткізуге де қолұшын созды. Шағын футбол алаңына қажетті тор, жасанды жабын алу үшін 5 млн теңге аударған.
«Бұдан бөлек Жарысу ауылына ауызсу ұңғымасын салу үшін 10 млн теңге қаражат берді. Айта берсек, алтын кенін өндірумен айналысатын ірі кәсіпорын басшылығының шарапатын көрген түрлі ұйымдар да, жекелеген азаматтар да аз емес», дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов.
Іргелі кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылар екі санатқа бөлінеді. Олар еңбегіне қарай нәпақа алып жүр. Жұмысшылардың орташа жалақысы 242 087 теңгені құраса, компания қызметкерлері 341 248 теңге еңбекақы алады.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы