Елімізде енді электромобильдерге арнайы мемлекеттік нөмір беріледі. Сенат цифрландыру, жеке деректердің қауіпсіздігі және көлік саласындағы жаңа технологияларды реттеуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, нөмір жасыл түсті болуы мүмкін. Жаңа жүйе биыл жазда қабылданғанымен, көлік иелері нөмірлерді бірден ала алмайды.
«Электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік нөмірлерді дайындауға бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді. Себебі өзгеріс тек нөмірдің түсіне қатысты болады. Алдын ала мәлімет бойынша, оның түсі жасыл болуы мүмкін. Біз алты айлық өтпелі кезең енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл өзгеріске бюджеттен қаржы жұмсалмайды», деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Заң жобасында жүргізушісіз көліктердің қозғалысын реттеу, сондай-ақ электросамокаттар мен шағын электр көліктерінің жол қозғалысына шығуына шектеу енгізу мәселелері қарастырылған.
Нөмірін жасырғандар жазаланады
Сонымен қатар мас күйінде көлік жүргізіп, жүргізуші куәлігінен айырылғандарға куәлік алу мерзімін 7-8 жылға дейін ұзарту ұсынылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін жақын туыстарға мұраға қалдыруға мүмкіндік берілетіндігін мәлімдеді. Жаңа тәртіпке сәйкес, бұрын пайдаланылған нөмірлерді мемлекеттік органдарға, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерге, сондай-ақ олардың қызметкерлері мен отбасы мүшелеріне рәсімдеуге болады.