Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік сәуір айындағы рекордтық көрсеткіштен кейін төмендеді. Мамыр айында ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 420 мәміле тіркеліп, өткен аймен салыстырғанда 13,5 пайызға аз болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соған қарамастан, мамыр айы – жыл басынан бергі ең белсенді екінші ай атанды. Ең жоғары көрсеткіш сәуірде тіркелген болатын – сол кезде 35 154 мәміле жасалған. Ал қаңтар-наурыз аралығында ай сайын орта есеппен 27-28 мың мәміле рәсімделген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мәмілелер саны еліміздің 20 өңірінің 18-інде азайған. Ең үлкен төмендеу Қызылорда облысында (-35,5%), Алматы қаласында (-24,2%) және Ұлытау облысында (-19,4%) байқалды.
Депутат: Тұрғын үй саясаты жаңа шешімді талап етеді
Ал мәмілелер саны артқан екі өңір ғана бар. Түркістан облысында көрсеткіш – 7,6 пайызға, Атырау облысында – 0,6 пайызға өскен.
Тұрғын үй саудасы бойынша көш басында – Астана (5 122 мәміле), Алматы (4 925) және Қарағанды облысы (2 630) тұр. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – мұнда небәрі 261 мәміле жасалған.
Мамырда пәтерлерге сұраныс жоғары болды. Барлығы 23 381 пәтер сатылды, бұл сәуірмен салыстырғанда 3 950-ге аз. Екі бөлмелі пәтерлер ең көп сұранысқа ие санатқа айналды. Жеке тұрғын үйлер бойынша 7 039 мәміле тіркеліп, бір ай ішінде олардың саны 784-ке қысқарған.
Францияда 3D-принтер көмегімен 34 күнде көпқабатты тұрғын үй салынды
Жылдық көрсеткіш бойынша да тұрғын үй нарығында төмендеу байқалады. 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда мәмілелер саны – 10,5 пайызға азайып, 33 986-дан 30 420-ға дейін төмендеген. Бұл ретте ең үлкен құлдырау Алматы қаласында (-31,2%) тіркелсе, Түркістан облысы 69,6 пайыздық өсіммен ерекшеленді.