• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 13:14

Ашхабадта Орталық Азия конференциясы басталды

20 рет
көрсетілді

Түрікменстанның Ашхабад қаласында Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі Орталық Азия конференциясы басталды. 13-15 мамыр аралығында өтетін халықаралық іс-шарада Орталық Азияда аймақтық және ұлттық деңгейде қабылданған шаралар арқылы жаһандық климаттық қаржыландыруға қол жеткізу жолдары кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауқымды жиынның мақсаты – климаттық күн тәртібін нақты іске асыруға ықпал ету, қаржылық тетіктерді тиімді пайдалану және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы аймақтық ынтымақтастықты тереңдету. Конференция барысында климаттық қауіпсіздік, су тапшылығы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, климаттық өзгерістерге бейімделу шараларын күшейту мәселелері жан-жақты қозғалып жатыр.

Сондай-ақ Париж келісімі аясында ұлттық үлестерді жаңарту, трансшекаралық серіктестікті арттыру, экологиялық саясатқа инновациялық технологияларды енгізу және климаттық қаржыландыру көлемін алдағы бес жылда 25 пайызға көбейту секілді нақты бағыттар күн тәртібіне қойылды. Бұған қоса конференция жұмысы алдағы COP-30 конференциясына дайындық аясында атқарылатын шараларды пысықтауға арналды.

Айта кетейік, Орталық Азия өңірі – климаттық өзгерістер салдарынан ең көп зардап шегіп отырған аймақтардың бірі. Мұздықтардың қарқынды еруі, су ресурстарының тапшылығы, апаттық сипаттағы табиғи құбылыстар – осының бәрі өңірдегі елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсерін тигізіп жатыр.

Халықаралық іс-шара аясында ұйымдастырылған «Орталық Азия елдерінің климаттық саясаты: жетістіктер мен алдағы жоспарлар» атты сессияда Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев еліміздің жаңартылатын энергия саласындағы табыстары мен стратегиялық бағыты туралы кеңінен айтып берді.

Вице-министрдің айтуынша, 2014 жылдан бері елімізде жаңартылатын энергия көздерінің орнатылған қуаты 18 есеге өскен. Бұл – жүйелі түрде жүргізілген мемлекеттік саясаттың, халықаралық ынтымақтастықтың және инвестициялық қолдаудың нәтижесі. Қазақстан бүгінде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын айқын белгілеп, осы бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ еліміз Әзербайжан және Өзбекстанмен бірлесіп, тұрақты энергетика саласында ортақ жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Бұл бастамалар өңірлік технологиялық алмасуды және бірлескен ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға бағытталған.

«Жасыл даму – қоршаған ортаны қорғау ғана емес, сонымен қатар елдің экономикалық қуатын арттырудың жаңа мүмкіндігі», деді М.Ошурбаев өз сөзінде.

Конференция қорытындысында аймақ елдерінің климаттық саясаттағы ықпалдастығын арттыруға бағытталған бірлескен мәлімдеме – қорытынды декларация қабылданады деп күтіледі. Бұл құжат өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Орталық Азияның климаттық сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін нығайтуға негіз болмақ.