Алматы қаласына ұшып келген соң көз жұмған баланың өлімі үшін сот әуекомпания мен әуежайды кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Талапкердің айтуынша, ұшақ Алматыға қонғаннан кейін әуежай қызметкерлері кома жағдайындағы баланы арба арқылы тасымалдауды ұсынған. Алайда бұл арба медициналық талаптарға сай болмаған.
Баламен бірге жүрген дәрігер мен ата-анасы арнайы реанимобиль әуежай аумағына кіре алмаған. Осы себепті баланы ұшақтан терминалға амбулифтпен – қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған құралмен жеткізген. Бірақ бұл техника ауыр хәлдегі науқастарға арналмаған.
Нейрохирургтың қорытындысына сәйкес, бала өздігінен қозғала алмайтын жағдайда болған және паспорттық бақылаудан медициналық пункт арқылы өтуі қажет еді. Дегенмен ол стандартты жолмен – шекаралық бақылау мен суретке түсіру рәсімі арқылы өткізілген.
Сот шешімінде көрсетілгендей, әуекомпания баланың жағдайынан хабардар бола тұра, әуежайға реанимобиль қажет екенін ескертпеген. Қызметтер арасындағы байланыстың болмауы қажетті көмектің дер кезінде көрсетілмеуіне себеп болған.
«Шекаралық бақылау кезінде кератитпен ауырған баланың көзіндегі қорғаныш таңғышы мәжбүрлі түрде алынып, суретке түсірілген. Келесі күні бала ауруханаға екіжақты пневмоторакс диагнозымен түскен. Ақпан айында ол қайтыс болды», делінген сот материалдарында.
Сот талапты жартылай қанағаттандырып, «Э» деп белгіленген әуекомпаниядан моральдық зиян үшін 5 миллион теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Алайда бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, сот құжаттарында әуекомпания мен әуежайдың нақты атауы аталмаған – тек «Э» әуекомпаниясы» мен «халықаралық әуежай» деп көрсетілген.